Терминатор: Украина майдан даласына мыңдаған роботты аттандырмақ!

Қазіргі заманғы соғыс бұрынғыдай тек адам күші мен ауыр техниканың шайқасы емес. Украинадағы соғыс жасанды интеллект, дрондар және роботтандырылған жүйелердің мүмкіндігін іс жүзінде сынақтан өткізіп жатқан әлемдегі ең ірі әскери полигонға айналды. Енді Киев әуедегі дрондармен ғана шектелмей, құрлықтағы роботтандырылған кешендерді жаппай өндіруге көшіп отыр.


ChatGPT Image 5 авг. 2026 г., 13_01_17.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Украина 2026 жылдың соңына дейін кемінде 50000 әскери жерүсті роботын (UGV – Unmanned Ground Vehicle) жасап, майданға жөнелтуді жоспарлап отыр. Бұл – әлемдегі ең ауқымды әскери роботтандыру бағдарламаларының бірі саналады.

 

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін дрондардың қазіргі соғыстағы рөлі ерекше екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, бүгінде майдан шебін дрондарсыз елестету мүмкін емес. Бұл қағида енді жерүсті роботтарына да қатысты. Қазір мұндай роботтар бірнеше негізгі міндетті орындайды. Олар: шабуыл операцияларына қатысады, қарсылас позицияларына оқ жаудырады, жараланған сарбаздарды эвакуациялайды, оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізеді, миналар тасымалдайды, барлау жүргізеді, камикадзе платформасы ретінде пайдаланылады.

 

Әскери сарапшылардың пікірінше, бұл жүйелердің басты мақсаты – адам өмірін сақтау болып саналады.

 

Bloomberg Украина армиясының шілде айындағы операцияларының бірін мысалға келтірді. Николаев облысындағы уақытша оккупацияланған Кинбурн түбегіне теңіз дроны арқылы Wolly 7.62 атты әскери робот жеткізілген.

 

Робот жағалауға шыққаннан кейін пулеметпен Ресей әскерінің позицияларына оқ жаудырып, оларды жағалаудың бір бөлігін тастап кетуге мәжбүрлеген. Миссия аяқталған соң робот қарсыластың қолына түспеу үшін өзін-өзі жойған. Бұл операцияны төрт украин операторы қашықтан басқарған. Wolly 7.62 роботының бағасы шамамен 6950 еуроны құрайды. Ол 123-ші аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшелерінде қолданылып келеді.


5445178904336342564.jpg

 

Соғыстың төртінші жылында Украина үшін ең күрделі мәселелердің бірі адам ресурсының тапшылығы саналады. Ұзаққа созылған шайқастар тәжірибелі әскери қызметкерлердің азаюына әкелді. Сондықтан қауіпті тапсырмалардың бір бөлігін роботтарға беру стратегиялық қажеттілікке айналуда. Сол үшін де Украина роботтарды майдан даласында кеңінен қолдануға көшті.

 

Киев соғысты заманауи қақтығысқа алмастыруға барын салуда. 2022 жылы Украина алғашқылардың бірі болып FPV-дрондарды жаппай пайдалануды жолға қойды. 2023 жылы теңіз дрондары Қара теңіздегі Ресей флотын талқандап, кері шегіндіре бастады. 2024–2025 жылдары жасанды интеллект элементтері бар автономды дрондар кеңінен енгізіле бастады. Ал енді негізгі назар құрлықтағы дрондарға, роботты платформаларға ауып отыр.

 

Әскери сарапшылардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда ұрыс алаңында дрондар, жерүсті роботтары, автоматтандырылған мұнаралар, жасанды интеллект арқылы басқарылатын басқару жүйелері біртұтас әскери экожүйе ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл соғыстың келбетін түбегейлі өзгертуі мүмкін.

 

Украина Қарулы күштерінің жаңа Бас қолбасшысы Михаил Драпатый да әскери роботтандыруды басты бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Ол Украинадағы дрондар мен робот техникасын өндірістік деңгейге шығарып, майдандағы артықшылықты технология арқылы қамтамасыз ету қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген. Мемлекет бүгінде ондаған жеке компанияларды осы салаға жұмылдыруда.

 

Әскери мамандардың пікірінше, болашақтағы соғыстарда жеңісті тек танктер мен артиллерия емес, ақпараттық жүйелер мен автономды платформалардың үйлесімді жұмысы айқындауы мүмкін. Жердегі роботтар адамды толық алмастырмайды. Дегенмен олар ең қауіпті міндеттерді өз мойнына алып, әскери қызметкерлердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

 

Украинаның 50 мың әскери робот шығару жоспары – жай ғана жаңа қару өндіру емес, соғыс жүргізу философиясының өзгергенін көрсететін маңызды қадам. Егер бұл бағдарлама толық жүзеге асса, майдандағы логистика, барлау, жаралыларды эвакуациялау және шабуыл операцияларының сипаты түбегейлі өзгеруі мүмкін.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар