Өртенген қоймалар: Wildberries-ке жасалған шабуылдардың шынайы мақсаты қандай?

Украина Ресейдегі ең ірі онлайн сауда платформасы Wildberries-тің логистикалық инфрақұрылымын талқандауды жалғастыруда. Бүгін де үш қоймаға шабуыл жасады. Ленинград аймағындағы үлкен қойма отқа оранған. Сарапшылар қоймаларға жасалған шабуылдың Ресейге қалай әсер ететіні жайлы талқылап жатыр.


ChatGPT Image 4 авг. 2026 г., 13_28_57.png(Сурет ЖИ арқылы әзірленді)


Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляктың пікірінше, Wildberries-ке бағытталған соққылардың негізгі мақсаты тек әскери логистиканы әлсірету емес. Оның айтуынша, триллиондаған рубль айналымы бар алып компанияға келтірілген залал оны қаржыландырып отырған ресейлік банктердің де жағдайын қиындата түседі.

 

Wildberries-тің негізгі кредиторлары қатарында Ресейдің ірі қаржы ұйымдары – Сбербанк, ВТБ, Альфа-Банк және ПСБ бар. Егер маркетплейстің қаржылық жағдайы күрт нашарласа, бұл банктердің балансындағы несиелердің көлемі артып, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері де азаюы мүмкін.

 

Подоляк мұндай жағдай қоғамда әлеуметтік наразылықтың күшеюіне де әсер етеді деп санайды. Себебі Wildberries платформасында жүздеген мың кәсіпкер мен миллиондаған азамат табыс тауып келеді. Егер олардың жұмысы тоқтаса немесе табысы қысқарса, бұл соғыстан тыс өмір сүріп жатқан тұрғындардың көңіл күйіне ықпал етеді. Саудагерлер қазірдің өзінде Путин мен Ресей билігінен соғысты тоқтатуды сұрауда.

 

Wildberries пен оның негізгі бәсекелесі Ozon бүгінде Ресейдегі электронды коммерцияның басты ойыншылары саналады. Wildberries-тің мәліметі бойынша 2025 жылы шамамен 6,1 триллион рубль, ал Ozon 4,16 триллион рубль көлемінде тауар айналымын жүзеге асырған. Сарапшылардың бағалауынша, екі компания Ресейдегі онлайн сауда нарығының шамамен 75 пайызына иелік етуде. Жалпы алғанда, олардың айналымы 10 триллион рубльден асады. Бұл Ресейдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 5 пайызына тең көрсеткіш.

 

Маркетплейстердің жылдам өсуі олардың несиеге тәуелділігін де арттырды. Ресей Орталық банкінің қаржылық тұрақтылық жөніндегі шолуында 2025 жылы елдегі ірі цифрлық компаниялардың жиынтық қарызы 53 пайызға өсіп, 2 триллион рубльге жеткені көрсетілген. Бұл өсім активтердің ұлғаюынан да жоғары болды.

 

Ozon халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша жұмыс істейтіндіктен, оның таза қарызы 291,6 миллиард рубль екені белгілі. Ал Wildberries бойынша толық ақпарат жарияланбайды. Дегенмен қысқа мерзімді міндеттемелер бір жыл ішінде 104 миллиардтан 802 миллиард рубльге дейін өскені байқалады. Бұған қоса, ұзақ мерзімді қарыздары тағы бар.

 

The Bell басылымының дереккөздері Wildberries-тің жалпы қарызы 1,3 триллион рубльге жуықтауы мүмкін екенін, оның ішінде 500 миллиард рублі ВТБ банкіне тиесілі екенін жазды.

 

Wildberries соңғы жылдары алып логистикалық кешендер салуға басымдық берді. Мұндай орталықтардың аумағы ондаған футбол алаңына тең келеді. Бұл стратегия қалыпты жағдайда тиімді болғанымен, әскери жағдайда олардың осалдығын көрсетті. Ірі қоймалар дрондар үшін көзге оңай түсетін нысан әрі өрт кезінде үлкен шығынға әкеледі.

 

ВТБ банкінің басшылығы компанияға әртүрлі қаржылық қолдау көрсету мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл түсінікті де, өйткені банк Wildberries-тің ірі кредиторы ғана емес, жақында компаниямен стратегиялық әріптестік орнатып, оның қаржы ұйымындағы үлестің бір бөлігін сатып алған.

 

Wildberries-ке жасалған шабуылдар әскери операциядан гөрі экономикалық қысым құралы ретінде қарастырыла бастады. Сарапшылар Украина тарапы мұндай соққылар арқылы Ресейдің электронды коммерция секторын ғана емес, оны қаржыландыратын банктерді, мемлекеттік кірістерді және әлеуметтік тұрақтылықты әлсіретуді көздейтінін айтуда.


Mezgil.kz





Сәйкес тақырыптар