Ондаған мың адам басып кірді: Еуропа жаңа қауіп алдында тұр!

Бір кездері миграция тек әлеуметтік немесе гуманитарлық мәселе ретінде қарастырылатын. Бүгінде ол халықаралық саясаттың ең ықпалды құралдарының біріне айналды. Қазіргі әлемде миллиондаған босқындар мемлекеттердің ішкі тұрақтылығына, экономикасына, қауіпсіздігіне және тіпті сыртқы саясатына ықпал ете алатын факторға айналып отыр.


ChatGPT Image 31 июл. 2026 г., 14_22_55.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута анклавында болған оқиғалар осының айқын дәлелі болды. Түрлі ақпарат көздері Мароккодан Испания аумағына қарай мыңдаған адамның жаппай ағылғанын хабарлауда. Кейбір ақпарат көздері 30-40 мың босқынның Сеута аймағына басып кіргенін жазуда. Бұл Еуропа үшін жаңа босқындар дағдарысын туындатуы мүмкін.

 

Сеута – көлемі небәрі 18,5 шаршы шақырым, халқы 82 мыңға жуық шағын анклав. Осындай шағын аумаққа қысқа уақыт ішінде мыңдаған адамның келуі полиция, медицина, әлеуметтік қызметтер мен коммуналдық инфрақұрылымға орасан зор салмақ түсіреді. Осыған байланысты Испания билігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция күштері мен әскери бөлімдерді жұмылдыруға мәжбүр болуда.

 

Сеута Еуропа мен Африка арасында орналасқан. Географиялық тұрғыдан Африкада, заңдық тұрғыдан Еуропаға қарайтын бұл анклав ұзақ жылдан бері заңсыз көші-қонның негізгі бағыттарының бірі саналады.

 

2021 жылы дәл осы Сеута арқылы бір тәуліктің ішінде шамамен 8 мың адам Испанияға өткен болатын. Ол кезде Еуропалық комиссия Марокконы миграцияны саяси қысым құралы ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырған еді. Бұл Испания билігін де шайқалтқан оқиғаның бірі болды.

 

2015 жылы Сириядағы соғыс кезінде Еуропаға бір миллионнан астам босқын жетті. Бұл көші-қон толқыны Еуропаның саяси картасын түбегейлі өзгертті. Көптеген мемлекеттерде көші-қонға қарсы партиялар күшейіп, шекаралық бақылау мәселесі басты саяси тақырыптардың біріне айналды.

 

2021 жылы Ресей мен Беларусь Польша, Литва және Латвия бағытында ұйымдастырған миграциялық қысым халықаралық деңгейде «гибридті шабуыл» ретінде бағаланды. Польша мыңдаған әскери қызметкерді шекараға топтастырып, қорғаныс инфрақұрылымын күшейтуге миллиардтаған еуро жұмсады.

 

Сеутадағы бейнежазбаларға назар аударсақ, келгендердің басым бөлігін жас ер адамдар құрайды. Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) деректері бойынша, әлемдегі халықаралық мигранттардың шамамен 49 пайызы әйелдер болса, заңсыз көші-қон бағыттарында, әсіресе Жерорта теңізі маршруты арқылы өтетін легте еңбекке қабілетті ер адамдардың үлесі әлдеқайда жоғары саналады.

 

Бұл жайт еңбек нарығына, қоғамдық қауіпсіздікке және әлеуметтік саясатқа да тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары сарапшылар «көші-қонды қару ретінде пайдалану» (weaponization of migration) деген ұғымды жиі қолдана бастады. Оның мәні қарапайым: мемлекет немесе ықпал етуші күш көрші елге әскери емес, саяси және әлеуметтік қысым жасау үшін миграциялық ағындарды пайдаланады.

 

Финляндия мен Польшадағы оқиғалар, Түркияның Еуропамен жүргізген келіссөздері, Беларусьтің әрекеттері – мұның бәрі осы тәсілдің әртүрлі көріністері ретінде қарастырылады. Қазіргі Сеутадағы жағдайға қатысты да осындай болжамдар айтылуда.

 

Бүгінде Испания Еуропада көші-қон мәселесіне салыстырмалы түрде либералды көзқарас ұстанатын мемлекеттердің бірі саналады. Шілденің басында Испанияның Жоғары соты былай деп шешім шығарды: «Сеутаға теңіз арқылы келген мигранттарды бірден депортациялауға болмайды. Әр адамның ісі жеке қаралуы тиіс», - деді. Яғни, мигранттарды ұстап, бірден депортациялау әрекетіне тосқауыл қойылды. Сөйтіп, Марокко жастары жаппай Сеутаға ағылып жатыр. Алайда соңғы оқиғалар бұл саясаттың қоғамдағы талқылауын күшейтуі мүмкін. Егер Сеутадағы жағдай ұзаққа созылса немесе басқа бағыттарда қайталанса, онда Еуропалық одақта шекара қауіпсіздігі, баспана беру тәртібі және заңсыз миграцияға қарсы саясат қайта қаралуы ықтимал.

 

ХХІ ғасырда шекараны тек қарумен ғана емес, адамдар легімен де бұзуға болады. Сондықтан көші-қонды басқару енді әлеуметтік саясаттың емес, ұлттық қауіпсіздік пен геосаясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар