Жаһандық энергетика нарығы мен геосаяси текетірес қызып тұрған қазіргідей алағай да бұлағай кезеңде Украинаның от тұмсықты темір құстары (дрондары) Ресей МӨЗ-деріне (мұнай өңдеу зауыттары) шабуылын үдете түскені белгілі.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бұның нәтижесінде Ресей экономикасының күретамырына айналған бұл сала тығырыққа мықтап тірелді. МӨЗ-дер жұмысы тұралап, ел ішінде жанармай дағдарысы белең алды. Ал жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұрған халық наразылығы бұрқ-сарқ қайнаудың аз-ақ алдында тұр.
РЕСЕЙ МӨЗ-ДЕРІ НОКАУТ АЛЫП, ТЫРАЙЫП ЖАТЫР...
Дәл солай. Сөзіміз дәлелді болсын деп, бірлі-жарым есеп айтайық: Елдегі өнеркәсіптік өндірістің шамамен 12%-ын қамтамасыз ететін мұнай өңдеу саласы Украина дрондарының алдында дәрменсіз екенін көрсетті. Әсіресе, осы соғыс басталғалы бері Украина тарапынан жасалып жатқан жүйелі шабуылдар ресейлік экономикаға орасан зор зиян келтіруда. АҚШ пен Францияның барлау қызметтерінің тікелей қолдауымен әрекет етіп жатқан Украинаның Дрон әскері Ресейдегі энергетикалық жүйенің шеменін жібітіп қана қоймай, экономикалық тамырына балта шауып жатыр.
«S&P Global» сарапшыларының терең талдауларына сүйенген «Financial Times» басылымының мәліметінше: Ресейде Украина дрондардың шабуылдарынан зардап шегіп, жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған 26 ірі зауыт бар. Олардың қазіргі жағдайы тіпті мүшкіл.
Киевтің жуан жұдырығы дөп тиген 26 зауыттың тек 8-і ғана толық қуатында қайта іске қосылған. Олардың қатарында елдегі ең ірі Омбы мұнай өңдеу зауыты, Татарстандағы «Танеко» кешені, Башқұртстандағы «Газпромнефтехим Салават», сондай-ақ «Уфанефтехим», «Пермнефтеоргсинтез», Новоуфимск, Ухта және Антип зауыттары бар. Бұл ұжымдар қазір өз өнімін бұрынғыдай жүз пайыздық көлемде шығарып жатыр.
Ал 11 зауыт жұмысын жарты күшпен ғана бастауға мәжбүр болып тұр. Ал тағы 7 зауыт әлі күнге дейін жұмысын тоқтатып, қаңырап тұр. Мәселен, елдегі екінші ең қуатты өндіріс ошағы саналатын Ленинград облысындағы «Кинеф» зауыты, сондай-ақ «Роснефть» компаниясына тиесілі Туапсе, Сызрань, Куйбышев және Новокуйбышев мұнай өңдеу зауыттары ауыр экономикалық шығынға батып келеді.
Әске жарты күшпен қосылған МӨЗ-дер елдегі жағдайды оңтайландыра алмай тұр, себебі негізгі қуат көздері әлі де істен шыққан күйінде қалып отыр.
Бұған қоса, Ресейдің ең ірі он мұнай өңдеу зауытының қатарына кіретін Рязань, Төменгі Новгород және Волгоград қалаларындағы кәсіпорындар өздерінің бұрынғы мүмкіндіктерінің тек жартысын ғана қайтара алған.
Тіпті, Мәскеу мұнай өңдеу зауыты қазір өз қуатының үштен бірімен ғана жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Осының салдарынан Ресейдегі мұнай өңдеу қуаттары қазіргі уақытта 2005 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түскен.
Осының өзі-ақ Украинаның әскери стратегиясы өз нәтижесін беріп жатқанын, ал Ресей үшін алдағы уақытта ішкі нарықтағы жанар-жағармай тапшылығы мен қымбатшылық секілді үлкен әлеуметтік және экономикалық проблемалардың туындауына тікелей жол ашып отырғанын айқын көрсетіп тұр.
МӨЗ-ДЕН АЙЫРЫЛҒАН РЕСЕЙ КӨРШІЛЕРГЕ АЛАҚАН ЖАЮДА...
Осыған дейін Ресейге мұнайды өз жерінде өңдеп сатуға қол ұшын бірінші болып Беларусь ұсынған еді. Кейін Ливия билігі де Ресейге дәл осындай ұсынысты ресми жолдаған.
Енді міне, «Reuters» агенттігі: «Қазақстан Ресеймен мұнай өңдеу туралы келіссөз жүргізіп жатыр», - деп жазды.
Ақпаратқа көз жүгіртсек, Қазақстан өзінің мұнай өңдеу зауыттарында Ресей мұнайын өңдеу жөнінде Мәскеумен келіссөз жүргізіп жатыр екен.
«Reuters» агенттігі өз ақпаратында Қазақстан энергетика министрлігіне сүйенген. Ол бойынша – Ресейде өндірілген мұнайды өңдеу, содан кейін алынған өнімді Қазақстан аумағында сату және оның бір бөлігін Ресейге экспорттау бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр-мыс.
Mezgil.kz