Путиннің «ерекше» МӨЗ-і дәрменсіздіктің нышанына айналды!

2013 жылы Владимир Путин Қара теңіз жағалауындағы Туапсе қаласындағы мұнай өңдеу зауытына барып, Ресейдегі ең қуатты мұнай өңдеу кешенінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Путин МӨЗ-ді «ерекше» жоба деп бағалаған болатын.


ChatGPT Image 30 июл. 2026 г., 15_10_36.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Араға он үш жыл салып, дәл осы МӨЗ Ресейдің «дәрменсіздік символіне» айналды. Себебі Киев аталған МӨЗ-ге бірнеше мәрте соққы жасап, оның жұмысын тоқтатып тастады.

 

Financial Times басылымының жазуынша, Ресей МӨЗ-дерінің 30 пайыздан астамы істен шығып, жұмысын тоқтатқан. Жөндеу жұмыстары бірнеше аптадан бірнеше айға дейін жалғасуы мүмкін. МӨЗ-ге қажетті құрылғыларды санкциялық қысымға байланысты Ресейге кіргізу де оңайға соқпауда.

 

Сәуір айының соңында Туапседегі мұнай өңдеу зауыты екі мәрте шабуылға ұшырады. Financial Times басылымының бағалауынша, шабуыл барысында жалпы сыйымдылығы шамамен 80 мың текше метр болатын оннан астам ірі және орта көлемдегі мұнай сақтау резервуары жойылған. Шабуылдан Путиннің өзі бірнеше мәрте мақтанышпен айтқан «мұнайды екінші мәрте сапалы өңдеу құрылғысы» да зақымдалды.

 

Туапседегі мұнай өңдеу зауыты Ресей үшін маңызды саналады. Бұл кеңестік кезеңнің де көзі іспеттес нысан. 1950-жылдары АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) КСРО аймағын зерттеген сәтте аталмыш МӨЗ жайлы ақпараттарды да жинауға тырысқан. Кейін КСРО бұл ақпараттарды құпияландырды. Алайда Орталық барлау басқармасы жариялаған кей суреттерден Туапседегі нысанды көруге болады.

 

Карнеги Еуразия орталығының аға ғылыми қызметкері Сергей Вакуленконың айтуынша, мұнайды екінші мәрте сапалы өңдеу құрылғылары өте маңызды саналады. Мұндай қондырғылар сапасы төмен мұнайды дизель отыны, авиациялық керосин және бензин сияқты жеңіл мұнай өнімдеріне айналдыруға мүмкіндік береді.

 

Ал ауыстыруы ең қиын жабдықтардың қатарына шикі мұнайды өңдеуге дейін оның құрамындағы тұз бен суды бөліп шығаратын қондырғылар жатады. Осындай жүйелердің бірі жуырда Украина шекарасынан шамамен 2500 шақырым қашықтықтағы әлемдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі саналатын Омбы МӨЗ-інде істен шықты. МӨЗ-ге Украина дрондары соққы жасаған болатын.

 

Kpler аналитикалық компаниясының сарапшысы Сумит Ритолияның айтуынша, мұндай технологиялық қондырғылардың істен шығуы, мұнай сақтау резервуарларының бүлінуіне қарағанда әлдеқайда ұзақ үзіліске әкеледі. Өйткені резервуарларға жасалған соққылар алапат өрт туғызғанымен, оларды қалпына келтіру көбіне жылдамырақ жүзеге асады.

 

Спутниктік түсірілімдер жөндеу жұмыстарының қаншалықты баяу жүріп жатқанын айқын көрсетуде. Мәскеу маңындағы мұнай өңдеу нысандарының бірінде үш резервуар, сорғы станциясы және оларды зауыттың қалған бөлігімен жалғайтын құбыр желілері істен шыққан еді. Шабуыл екі ай бұрын іске асты және жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар