Соңғы айларда Еуразиялық экономикалық одақтың шаңырағы шайқалып, оған мүше елдердің арасындағы өзара түсініспеушіліктер күн санап көбейіп келе жатқаны жасырын емес.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Одақтың басшылық тізгінін ұстап отырған Мәскеудің әсіресаяси көзқарасы мен менмендік мінезі одақтас өзге мемлекеттердің де шыдамын тауыса бастағаны айдан анық.
ЕРЕВАННЫҢ ЕРЕУІЛІ: ЕАЭО - ТҮБІ ЫДЫРАП ТЫНАДЫ!
Мәселен, Армения премьер-министрі Никол Пашинян армян тауарларын басқа елдерге кіргізуге қойылған шектеулерге ашық наразылық білдіріп, егер бұл түйінді мәселелер өз шешімін таппаса, ЕАЭО-ның түбі ыдырай бастауы мүмкін екенін қадап айтты. Оның бұл сөзі одақ тарихындағы үлкен дағдарыстың бастамасы сияқты.
Пашинян өз мәлімдемесінде бірнеше маңызды мәселені ашық айтты.
Біріншіден, ол Ресей президентімен жүзбе-жүз сөйлесіп, кейбір түйткілдер бойынша ортақ тіл тапқанын жеткізді, бірақ Арменияның тек бір елге тәуелді болып қалмай, басқа да балама жолдарды таңдауға толық құқығы бар екенін қадап айтты.
Екіншіден, Пашинян «баламасыз әріптестік заманы өтті» деп кесіп айтып, халықтың да осы бағытты қолдайтынын алға тартты.
Үшіншіден, Еуропалық Одаққа өту немесе ЕАЭО-да қалу мәселесі бойынша референдум өткізу үшін ең алдымен Армения ЕО-ға мүше болуға ресми өтініш беруі тиіс екенін ескертті.
Қысқаша айтқанда, Армения ЕАЭО ішіндегі шектеулерге көңілі толмай, Ресейге бәрін ашық айтып, өзіне жаңа экономикалық әрі саяси бағыттарды іздеуге көшті.
ЕАЭО-ҒА РЕСЕЙДЕН ӨЗГЕ ЕШКІМНІҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ!
ЕАЭО-ға көңіл толмаушылық жалғыз Ереваннан байқалмайды. Одақтың өзге мүшелері де ЕАЭО-ның күн өткен сайын саясиланып бара жатқанын және Ресей монополиясына қызмет ететінін айтып, наразылық білдіре бастаған.
Қазақстан мысалы: Былтыр Мәскеу Қазақстанда құрастырылып, Ресейде сатылатын автокөліктердің кеден салығын күрт көтеріп жіберген болатын. Бұл әрекет ЕАЭО шеңберіндегі келісімдерге мүлде томпақ келеді. Осыған орай, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан жағы да Ресейден келетін автокөліктерге салынатын салықты 40 есе көтермек екенін хабарлады. Қазақ мұндайда «Ә» дегенге «Мә!» дейді емес пе, бұл шешім дұрыс-ақ!
Кез келген мемлекет халықаралық деңгейде шешім қабылдағанда ең алдымен өзінің ұлттық мүддесін басшылыққа алуы тиіс. Алайда, басқа мемлекеттермен ортақ келісімге келгенде экономикалық егемендігінің белгілі бір бөлігімен өз еркімен қоштасуға мәжбүр болады. Ал қазіргі орын алып жатқан мүдделер қақтығысы ЕАЭО секілді құрылымның экономикалық, саяси және моральдық дағдарысының одан сайын ұлғая түскенін айқын көрсетеді.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, ЕАЭО-ға мүше елдердің өз мүдделерін қорғау ниеті күшейіп келеді. Саяси жағынан алсақ, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, басқыншы атанған Ресей қазіргі таңда өркениетті дүниеден аластатылған «токсичный» мемлекетке айналды. Оның басқа мүше елдерге тигізіп жатқан саяси салқыны мен Батыс санкцияларының әсері орасан. Одақ құрылған уақыттан бері әлем мен жаһандық архитектура айтарлықтай өзгерді. ЕАЭО құрамындағы жаңа буын өкілдері кеңестік идеологиядан ада, олардың көзқарастары мүлде басқа деңгейде!
Халықаралық сарапшылар да ЕАЭО-ның болашағы бұлыңғырлана түскенін айтуда. Мысалы, OCCRP негізін қалаушы Дрю Салливан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер оның құрамынан шығуы керек екенін, әйтпесе Ресейге салынып жатқан санкциялар аталған елдерге де қолданылатынын айтты.
Оның пікірінше, Ресей арқылы Қытай тауарлары ешбір рәсімдеусіз өтіп жатыр, бұл – санкциялардағы үлкен олқылық. ЕАЭО елдерінің біріне санкция салынған жағдайда одақ мүшелері бірлескен жауап қайтаруы тиіс деген Ресейдің талабы Қазақстанды саяси соғыс алаңына тартумен бірдей.
Қорыта айтқанда, Қазақстан үшін бұл одақтың ешқандай пайдасы жоқ, ол тек бір ғана Ресейдің мүддесіне қызмет ететін, күн сайын саясиланып бара жатқан экономикалық ұйымға айналып барады.
Mezgil.kz