Әлемдегі жұрттың көбі Украинадағы соғыстың жаңа кезеңге өтіп жатқанын ғана емес, сонымен қатар Путин дәуірінің аяқталу сценарийлері мен соғыстан кейінгі Ресейдің тағдырын ызу-қызу талқылай бастады...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ӘЛЕМ ЖӘНЕ ПУТИНСІЗ РЕСЕЙ...
Басты сұрақ – «Соғыстан кейін агрессор Ресеймен қалай қатарласып, бейбіт өмір сүреміз? Интеграция қалай болмақ?».
Украина Қарулы күштерінің 429-шы жеке ұшқышсыз жүйелер бригадасының командирі Юрий Федоренко жуырда осы сұраққа жауап беріп: «Әлем қазірдің өзінде Путинсіз Ресей» жайлы талқылай бастады», - дейді.
Ең әуелі Федоренко соңғы апталарда әлемдік және украиналық ақпараттық кеңістікте түрлі елдер өкілдері мен Ресей арасындағы «құпия кездесулер» туралы хабарлардың пайда болуын мысалға келтіреді. Тараптар ашық жариялауға асықпайтын бұл бейресми байланыстардың өзін автордың өте маңызды белгі, ғаламдық дабыл деп есептептейтінін аңғарамыз.
ҚЫТАЙДЫҢ ҰСТАНЫМЫ ӨЗГЕРДІ МЕ? РЕСЕЙ ЕНДІ ҚАЙТПЕК?
Бұл орайда Федоренко әсіресе «Қытайдың ұстанымы өзгерді» деген сыбыстарға ерекше назар аударады. Оның айтуынша, Бейжің тек ресми Мәскеумен ғана емес, Ресейдің аймақтық және экономикалық элита өкілдерімен де біртіндеп байланыс орнатып жатыр. Шындығында Ресей арнайы қызметтері қытайлық «әріптестерінің» өз территориясындағы белсенділігін тіркеп отырғанымен, айналып келгенде Кремль тонның ішкі бауырындай араласып отырған соңғы одақтасымен қарым-қатынасты бұзбау үшін бұған көз жұма қарайтыныны да жасырын емес.
Жасыратыны жоқ бір ғана Федоренко ғана емес, былайғы сарапшылардың көпшілігі қытайлықтардың бұл мәселеде белсенділік танытуы – Ресейдің болашағына қатысты ұзақ мерзімді болжамдармен байланыстырып отырған жайы бар.
Федоренко: «Қытай Мәскеудің соғыста жеңіліп жатқанын көріп отыр, сондықтан «федерацияның» ыдырауына алдын ала дайындалуда. Бейжіңге әрбір аймақтық орталықта, экономиканың әр саласында өзінің сенімді адамдары керек. Ал Кремль қожайынының өзі Қытай үшін бара-бара дәрменсіз тұлғаға («ақсақ үйрекке») айналып барады», — деп жазады.
Шындығында дәл осындай пікірталастар Батыста да, тап біздің ОА да жиілегенін баса айтқымыз келеді. Халықаралық сарапшылар, дипломаттар мен саясаткерлер тек соғыстың аяқталуын ғана емес, Путиннен кейінгі Ресейдің даму сценарийлерін де жиі сөз етуде.
ПУТИНСІЗ РЕСЕЙ – УКРАИНА ҮШІН ЕҢ ТИІМДІ НҰСҚА!
Талқыланып жатқан мәселелердің ішінде орталық биліктің әлсіреуі, аймақтық элиталардың рөлі және саяси өзгерістер орын алған жағдайда ядролық арсеналды бақылауда ұстау жайы бар.
Былай алып қарағанда қызу қозғала бастаған бұл әңгімелердің Украинаға пайдасы шаш етектен екені жасырын емес. Өйткені бұл Путиннің геосаяси ықпалының қалдықтарынан да айырылып жатқанын білдіреді. Оған енді ешкім бұрынғыдай ләппай тақсырлап айтқанына құлақ ұрмайды.
Өзін зор санаған әр держева айтқанын орындату үшін барын салады. Оның режимінің болашағына ешкім де сенбейтін тарихи алмағайып сәт туды. Бірақ бұл Путинді райына қайтарып тақтан қайтару процесі де таяу уақытта жүзеге аса салатын дүние емес.
Бірақ та бәрімізге аян бір жайт: «Жартылай империя» әлі де талай саяси, экономикалық және әлеуметтік сілкіністерді бастан өткеруге мәжбүр болады. Дегенмен, мұндай жағдайдың өзінде де ол жаралы, қауіпті жыртқыш сияқты әрекет етеді. Бәрібір де түбінде күйрейді, өйткені қойылған жаһандық диагноз — айықпас дерт боп табылады.
Mezgil.kz