Украина Қарулы күштері оккупацияланған Қырымды Ресейден оқшаулау ісіне бел шеше кірісіп кеткенін осыған дейін жазған едік. Қазір Украинаның Роберт Бровди басқаратын Дрон әскері Қырымға қатйнайтын тасымал жолдарын талқандауда...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ҚЫРЫМДЫ ОҚШАУЛАУ: БАСҚЫНШЫЛАРҒА БЕРІЛГЕН 3 ТАҢДАУ...
Ресей-Украина соғысының ардагері, майор Алексей Гетьман Украина Қорғаныс күштерінің оккупацияланған Қырымдағы және оған бастап баратын барлық бағыттардағы көлік пен отын-энергетика инфрақұрылымдарына жасаған соққыларын «Қырымды деоккупациялаудың алғашқы кезеңі» деп атады.
Сарапшының айтуынша, Қырымды босатудың қазіргі тәсілі бұған дейін де талқыланған. Ол логистиканы талқандау арқылы Қырымда Ресей әскерінің ұрыс жүргізу мүмкіндігін біртіндеп жоюға негізделген.
«Қазіргі тактика өз жемісін беруде. Десе де, Қырымды басқыншылардан толық азат ету үшін жерүсті операциясын бәрібір жүргізуге тура келеді», - деді Гетьман.
Ал тап қазір Украина Қарулы күштері Қырымды қыспаққа алу арқылы түбекті толық оқшаулауды (блокада жасау) белсенді түрде жалғастыруда.
Гетьманның сөзінше, тасымал бағыттары істен шыққан жағдайда ресейлік әскердің алдында санаулы ғана таңдау қалады.
«Ресейліктерде тек үш жол бар: «Не Керчь көпірі арқылы қашу, не тұтқынға берілу, не болмаса жай ғана ұрыс даласында қаза табу. Өйткені соғысатын ештеңе қалмағанда оларда басқа амал болмайды», - дейді Гетьман.
Украинаның Дрон әскерінің қолбасшысы, әйдік мажар Роберт Бровдидің «Қырымды дәстүрлі шабуылсыз-ақ босатуға болады» деген сөзіне пікір білдірген Гетьман бұл бағаны қолдап, қазіргі заманғы қарсы шабуылдың сипаты дәл осындай болатынын атап өтті.
«Иә, Қырымды деоккупациялау деген — осы. Қарсы шабуыл деген де — осы. Тек ол біз күткендей сипатта болмауы мүмкін», - деді әскери сарапшы.
Оның пікірінше, бұл науқан — асимметриялық (дәстүрлі емес) әрекеттердің айқын үлгісі және оның бастапқы кезеңі қазірдің өзінде жүріп жатыр.
ПУТИН ТАҒЫ БАТЫСТЫ АЙЫПТАУДА...
Тақырыпқа тұздық: Украина Қырымды басқыншылардан азат ету операциясын қызу жалғастырып жатқанда, Ресей президенті Путин Украинаға қарсы соғысты өзі бастағанын тағы да жоққа шығарып, сөз сөйледі. Ол тағы да Еуропаны айыптауда!
Ресейбасы Владимир Путин толық ауқымды соғыс ашу жауапкершілігін кезекті рет Украина мен Батыс елдеріне аударуға тырысты. Оның айтуынша, Мәскеу бұл жерде тек Киевтің әрекеттеріне «жауап берген».
Путин Ресейдің соғысты бастамағанын, керісінше, Батыстың қолдауымен Украина түрткі болған оқиғаларға мәжбүрлі түрде үн қосқанын айтты:
«Біз ешқандай соғыс бастаған жоқпыз, біз Батыстың көмегімен әскери әрекеттерді өршіткен Украинаның қадамдарына жауап бердік», - деді Ресей басшысы.
Дегенмен, соғысқа қатысты нақты деректер 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға толық ауқымды басып кіруді дәл Ресейдің өзі бастағанын дәлелдейді. Соғыстың жалғасуы, Ресейдің әскери нысандарына жасалған соққылар және халықаралық серіктестердің қысымы аясында Кремль төңірегінде соғыстың Ресейге тигізер салдары туралы пікірталастар күшейе түсті. Украинаның майдандағы табыстары мен соғысқа байланысты туындаған экономикалық қиындықтар Ресей басшылығына түсетін салмақты арттыра түсуде.
Mezgil.kz