Украинадан Африкаға дейін: Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті ме?

Жуырда АҚШ-тың беделді «The Hill» басылымы: «Батыс байқамай жатқанда, Украина Үшінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетіп жатқан болуы мүмкін», - деп жазып, сараптама жариялады. Бұл мақала әлемдік саясаттанушылар мен геосаясат мамандарының ызу-қызу талқысын тудыруда.

1784966811908755.png

(Сурет: Жи арқылы жасалды)

Гәп – Украина мен Ресей арасындағы аймақтық қақтығыс шеңбері күн өткен сайын кеңейіп, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің қайта құрылуына және Үшінші дүниежүзілік соғыстың түпкілікті нәтижесіне әсер ете бастағанында болып тұр.

«THE HILL»: «ЗҰЛЫМДЫҚ ӨСІНДЕГІ» ОДАҚТАСТАР КІМДЕР?

Сонымен, гибридті майданда кімнің тасы өрге домаламақ? Батыс стратегиясы қаншалықты тиімді?

«The Hill» басылымы: «Барлық қиындықтарға қарамастан, Украина Үшінші дүниежүзілік соғысты жеңудің сәл-ақ алдында тұр», - деп жазыпты.

Басылымның жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинаға соғыс ашу арқылы «зұлымдық өсіндегі» одақтастары — Қытайды, Иран мен Солтүстік Корейді сұрапыл ғаламдық қақтығысқа байқамай ұрындырды. Ал Вашингтон мен Брюссель бұны ерен санамады. Сөйтіп, 2023 жылға дейін Путиннің соғысына тек «Шығыс Еуропадағы аймақтық қақтығыс ретінде» қарап келді.

«Олар Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы – Қытай төрағасы Шидің Тайуан мен Филиппинге төндірген қаупімен бірдей екенін түсіне алмады», - деп жазады «The Hill».

2023 жылдың ақпанында Қытай Тайуанды төңіректеп, теңізде және әуеде жауынгерлік оқу-жаттығулар өткізіп жатты. Солтүстік Корей Жапон теңізі арқылы зымыран сынақтарын белсенді жүргізді. Ал Иран өзінің ядролық қару бағдарламасын жеделдетіп, «бірнеше ядролық қару» жасауға жететін жоғары байытылған уран жинап үлгерген еді.

Осылайша, Үшінші дүниежүзілік соғыстың сұлбасы сол кездің өзінде-ақ, көріне бастаған.

«Ақ үй Путин мен Шидің Батысқа қарсы астыртын соғысын бір-бірімен байланыстыруға келгенде тым-тырыс болды. Байденнің басты ұстанымы — Украинадағы қақтығысқа аймақтық сипат беріп, Киевті «қанша уақыт қажет болса, сонша қорғау» дегенге саятын. Ол кезде АҚШ одақтастары мен жаһандық мүдделерді Путин мен Шидің жаңа әлемдік тәртіп орнату мақсатынан қорғау туралы сөз де болған жоқ. Тіпті ХАМАС-тың 2023 жылдың 7 қазанында Израильге қарсы жасаған террорлық шабуылдары да Ақ үй командасына жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер Украинадағы майдан шебінен әлдеқайда асып түскенін ұқтыра алмады», - деп жазады басылым.

УКРАИНА – СОҒЫСТЫҢ БАСТЫ ҚАҺАРМАНЫ...

«Путин мен Шидің жаңа көпполярлы әлем туралы көзқарасы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған 1945 жылдан бері бейбітшілікті қамтамасыз етіп келген дәстүрлі либералды демократиямен ашық қақтығысқа түскендей көрінді. Және бұл күресте Путин мен Ши тарабы басым түсіп жатты.

Тек бір ғана ел жаһандық күштер қақтығысының радикалды өзгерістерге бет бұрғанын толық түсінді. Ол – әрине Украина болатын. Президент Зеленский Путинге қарсы табан тіреп күресті. Және қалың ұйқыдағы Батыс оянғанға дейін Путин жоспарына тойтарыс бере білді», - деді «The Hill».

Ал қазір жағдай мүлде өзгерді. Негізінен өз күшіне сүйеніп, асимметриялық кинетикалық әдістердің кең түрін қолдана отырып, Украина енді тек қорғанып қоймай, керісінше, соғысты Ресейдің өз аумағына ойыстыра білді. Осылайша, Украина әлемінің басым бөлігі әлі күнге дейін мойындамай отырған жаһандық соғыста шешуші соққы беріп жатыр.

ЗЕЛЕНСКИЙ: ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС УКРАИНАДАН БАСТАЛҒАН!

Естеріңізде болса, Украина президенті Зеленский осы өткенде тағы Үшінші дүниежүзілік соғыстың әлдеқашан басталып кеткенін айтқан еді.

«Путин Үшінші дүниежүзілік соғысты Украина жерлерін оккупациялаудан бастап қойған. Сондықтан, бүгін Путинді тоқтату және оның Украинаны басып алуына жол бермеу — бүкіл әлем үшін нағыз жеңіс болмақ», - деп мәлімдеген.

«The Hill» басылымы: «Қазір майдан даласында да жағдай күрт өзгерді. Украина Ресейді шегіндірді. Украирнаның қарулы күштері Ресейдің көктемгі және жазғы құрлықтағы шабуылдарының бетін қайтарып, Ресейге 1,4 миллионнан астам шығын келтірді», - деп жазады.

ҚИРАҒАН ЗАУЫТ. ӨРТЕНГЕН ҚОЙМА. КЕЗЕК КҮТКЕН ХАЛЫҚ: РЕСЕЙДІҢ ХӘЛІ НЕШІК?

Бүгінде өзінің стратегиялық дрон науқаны арқылы Киев Ресейдің мұнай-газ саласын талқандап жатыр. Ол қазір елдің ең ірі 11 мұнай өңдеу зауытының бәріне, соның ішінде Сібірдегі МӨЗ-дерге дейін соққы жасады. Әртүрлі есептеулер бойынша, Украина Ресейдің жалпы мұнай өңдеу қуатының 43 пайызын жойған немесе істен шығарған. Бұл Ресей экономикасына 13,5 миллиард доллар тікелей шығын келтірді деген сөз. Қазір Ресейдің өңір-өңірлерінде жаппай тапшылық байқалады. Халық наразылығы да ушыға түскен. Ал қыспақта қалған Қырымда да жағдай ауыр. Украина сонымен қатар Ресейдегі «Wildberries» қоймаларына да жойқын соққылар жасауда. Келтірілген залал көлемі миллиардтаған долларға жетті.

СЫРТҚЫ МАЙДАНДАҒЫ ШЕГІНІСТЕР: ТАЯУ ШЫҒЫСТАН АФРИКАҒА ДЕЙІН...

Ресей сыртқы «майданда» да көзге көрінерліктей шегіністер жасауға мәжбүр болуда. Солардың бірсыпырасы:  Путин тақтан тайдырылған Сирия лидері Башар әл-Асадқа көмектесе алмады. Тіпті, АҚШ пен Израильдің бірлескен операцияларына қарсы өзінің басты одақтастарының бірі – Иранға да көмек ұсына алмады. Бұдан бөлек, Африканың Сахель аймағында, әсіресе Малиде, Ресейдің әскерилендірілген күштері «Ислам мемлекеті» террористерінің ауыр соққыларына ұшырауда. Путин сонымен қатар Венесуэладағы ықпалынан айырылды және Кубадан айырылып қалу қаупі төніп тұр.

Ең маңыздысы, Украина Қытайды өз қадамдарын қайта қарауға мәжбүр етті. 2025 жылы Бейжің екі ел арасындағы тауар айналымы 21 миллиард долларға жетіп, Киевтің ең ірі сауда серіктесіне айналды. Сонда да Қытай Украинаның бұл табысы үшін белгілі бір баға төлеп жатыр. Киевтің дрон соғысы саласындағы революциялық инновациялары Шиді Тайуанға басып кіру жоспарларын қайта саралауға мәжбүр етуде.

Тіпті Солтүстік Корей де Киевтен опық жеді. КХДР-ның жалданбалы сарбаздары Украинада қаза тапты, ал артиллериясы мен оқ-дәрілері соғыс даласында өзінің тиімсіздігін көрсетті.

Бір кездері Шидің Оңтүстік-Шығыс Азияда үстемдік етуіне басты бөгет болған Путин қазір Бейжіңнің әлсіз серіктесіне айналды. Бұның басты дәлелі – Ши Путин үшін ауадай қажет «Сібір күші-2» газ құбыры жобасын қаржыландырудан бас тартты.

Осылайша, Үшінші дүниежүзілік соғыс әлі жеңіспен аяқталған жоқ. Енді бәрі Вашингтон мен Брюссель батыл қадам жасай білуіне байланысты болмақ...

АҚШ пен НАТО-ның стратегиялық қадамдары, Азия мен Орталық Азия аймағына тигізер ықпалы және бұл текетірестің түпкілікті жеңімпазы кім болмақ? Батыс сарапшылары: «Бұл сұрақтардың жауабы да Украина майданына байланысты болып тұр», - деп түйіндейді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар