АҚШ пен Сауд Арабиясы бейбіт мақсаттағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл Сауд Арабиясын ядролық қаруға итермелеуі мүмкін дейді сарапшылар. Бұл туралы ВВС басылымы жазды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
АҚШ-тың Энергетика министрлігі Уашиңтон мен Эр-Риядтың бейбіт мақсаттағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ ядролық кепілдіктер мен бақылау шаралары жөніндегі екіжақты келісімге қол қойғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бұл құжаттар ондаған жылға есептелген және құны миллиардтаған доллар болатын стратегиялық әріптестіктің құқықтық негізін қалайды.
Алайда бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар Сауд Арабиясы осы келісім аясында алатын технологияларды болашақта ядролық қару жасауға пайдалануы мүмкін деп алаңдауда. Олардың пікірінше, мұндай жағдай Таяу Шығыста жаппай қаруланудың жаңа кезеңін бастауы мүмкін дейді.
Құжаттарға АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдулазиз бин Салман қол қойды. АҚШ Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, келісім бейбіт мақсаттағы ядролық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және америкалық компанияларға Сауд Арабиясының атом энергетикасы бағдарламасына кең көлемде қатысуға мүмкіндік береді.
The New York Times басылымының жазуынша, мұндай құжаттар АҚШ-тың Атом энергиясы туралы заңының 123-бөліміне сәйкес жасалатындықтан, «123 келісімдері» деп аталады. Заңдық тұрғыдан міндетті күшке ие және ядролық материалдарды беру, пайдалану және сақтау тәртібін реттейді. Ал АҚШ президенті кей елдерді жекелеген талаптарды орындаудан босата алады.
Уашиңтон мен Эр-Рияд арасындағы келісімнің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – бірлескен зерттеу нәтижелері оң болған жағдайда, Сауд Арабиясына АҚШ-тың қатысуымен салынатын кәсіпорында ядролық отын өндіру үшін уранды байытуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұған дейін Саудия ядролық отынды сырттан импорттап келген еді.
Бұл 2009 жылы АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жасалған келісімнен едәуір ерекшеленеді. Ол кезде Әмірліктер ядролық отынды өз бетінше өндіру құқығынан ерікті түрде бас тартқан еді.
«Бұл келісімдердің ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау саласындағы ең жоғары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетініне сенімді болыңыздар. Сонымен қатар олар АҚШ-та әзірленген әлемдегі ең озық ядролық технологиялар мен жетекші мамандардың тәжірибесіне негізделген. Президент Дональд Трамптың арқасында Америкадағы ядролық энергетиканы жаңғырту үдерісі басталып кетті», – делінген АҚШ Энергетика министрі таратқан мәлімдемеде.
Министрлік келісім енді АҚШ Конгресінің қарауына жіберілетінін хабарлады. Егер Конгресс 90 күн ішінде оған қарсы дауыс бермесе, құжат заңды күшіне енеді.
«Бұл келісімдер Сауд Арабиясына болашақта ядролық қару жасауға пайдаланылуы мүмкін технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз Иранға осындай қауіптің алдын алу үшін соққы жасап жатқан жоқпыз ба?!», – дейді АҚШ-тың Демократиялық партиясының сенаторы Эдвард Марки.
Сауд Арабиясы мұндай келісімге қол жеткізуге бірнеше жылдан бері ұмтылып келген. Алайда АҚШ-тың бірқатар шенеуніктері мен сарапшылары бұған қарсы болды. Олар Саудия алынған технологияларды ядролық қару жасауға пайдалануы мүмкін деп қауіптенді. Олардың пікірінше, бұл Таяу Шығыста жаңа ядролық қарулану жарысына түрткі болуы ықтимал.
Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман бірнеше мәрте ядролық қару жасауға мүдделі емес екенін мәлімдеген. Ол «егер Иран ядролық қаруға ие болса, Сауд Арабиясы да дәл сондай қадамға барады» дейді.
BBC тілшісі Дэниел Буштың жазуынша, Сауд Арабиясы АҚШ-тың ядролық технологияларына қол жеткізуге кіші Джордж Буш президент болған кезеңнен бері ұмтылып келеді.
«АҚШ бұған дейін мұндай қадамға барған емес. Біз ешқашан басқа бір елге өз аумағында уранды өз бетінше байытуға көмектескен жоқпыз», – дейді сарапшы Розмари Келаник. Оның айтуынша, егер мемлекет ядролық отынды өзі өндіре алатын мүмкіндікке ие болса, онда оның ядролық қару жасау қаупі де айтарлықтай артады.
Mezgil.kz