Бензин мен тауар соққы астында: Украина енді Ресейді етсіз қалдырмақ!

Ресейдің экономикасы мен тылына бағытталған Украина әскерінің шабуылдары қарқын ала түсті. Бұл жолы Украина қаруының көздігіне ірі маркетплейстер мен агрохолдингтер ілінді. Атап айтқанда, Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар Ресейдің экономикасына ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

1784724319385501.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

WILDBERRIES-КЕ ШАБУЫЛ – РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫНА ЖОЙҚЫН СОҚҚЫ!

OSINT зерттеушілерінің мәліметінше, мұндай қираулардан келген шығын шамамен 1,2 млрд долларға жетуі ықтимал. Себебі бұл платформа Ресейдің онлайн сауда нарығының 45%-ын иеленеді, ал Ozon-мен қоса есептегенде бұл көрсеткіш 77%-ға жуықтайды. Бүкіл ел бойынша сатушылар, логистика мен қарапайым сатып алушылар түгелдей осы жүйеге тәуелді болғандықтан, ірі логистикалық орталықтардың істен шығуы бизнес үшін үлкен проблема тудырып отыр. Мұндай күрделі нысандарды қалпына келтіру үшін айлар, тіпті жылдар қажет болады.

УКРАИНА: РЕСЕЙДІ ЕТСІЗ ҚАЛДЫРАМЫЗ!

Wildberries қоймаларынан бөлек, Украина әскері Ресейдегі ең ірі ет өндіруші – Мираторг агрохолдингінің нысандарына да шабуыл жасаған. Брянск облысының Климов ауданында орналасқан кәсіпорындардың бірінде атқылау салдарынан өндірістік корпустар қатты зақымланып, өрт шыққан. Компания өкілдері зиян көлемі өте үлкен екенін мәлімдеді. Тағы бір нысанаға дрон сынықтары тиіп, күзетші жарақат алған.

Сонымен қатар шошқа шаруашылығы кешеніне де Украина дрондары шабуылдап, нәтижесінде кәсіпорын зақымдалған. Бұған дейін де осы агрохолдингтің кәсіпорындары зақымданып, бірнеше өндіріс ғимараты мен ірі жүк көліктері жойылған болатын. Бұл компания Ресейдегі шошқа және сиыр етін өндіретін ең ірі өндіруші саналады. Өздерінің айтуынша, олар күн сайын 30 тонна өнім шығарып, ел аумағына жеткізіп тұрады. Аталмыш агрохолдингтің иелері Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведевтің зайыбымен байланысы бар делінетін Александр және Виктор Линники есімді ағайындыларға тиесілі.

Украина Президенті Владимир Зеленский бұл соққыларды растап, оларды «қашықтан әсер ететін санкциялар» деп атады. Оның айтуынша, Ресейдің бұл логистикалық орталықтары майдандағы әскерді дрон бөлшектерімен, навигациялық жабдықтармен және арнайы құрал-саймандармен қамтамасыз етуге тартылған.

Маусым айының аяғында Зеленский соғысты тоқтату мақсатында Ресейге қарсы 40 күндік ықпал ету операциясын бекіткен еді. Мұның артында не тұрғанын нақтыламағанымен, оның алдында ғана дрон-санкциялар мен арнайы операциялардың жұмысын талқылағаны белгілі.

КРЕМЛЬ «СОҒЫСАМЫЗ» ДЕП САЗАРЫП ОТЫР...

Осындай шиеленіскен жағдайда Кремльдің ұстанымы да қатаңдай түсті. «Bloomberg» дереккөздеріне сүйенсек, Ресей соғысты тоқтату туралы кез келген келісім аясында Украинаға басып алынған аумақтарды қайтарып беруден бас тартып отыр. Владимир Путин соғыстың алғашқы мақсаттарынан бас тартпай, бүкіл Донбасс аймағын толық басып алуды көздейді және бұл мақсатқа жетпейінше келіссөздер басталмайтынын мәлімдеді. Ресей әскери ведомствосы президентке Донецк облысының қалған бөлігін жыл соңына дейін толық бақылауға аламыз деп сендіргенімен, әскери саланың кейбір өкілдері бұл мерзім тым оптимистік екенін, операцияның соңы тек 2027 жылы ғана аяқталуы мүмкін екенін айтады. Бұрын АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалған бейресми уағдаластықтардың күші жойылды деп санаған Путин аумақтарды өзара алмасу идеясынан бас тартты. Сонымен қатар Вашингтонның Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын негізгі елдерге 100 пайыздық баж салығын енгізу туралы бастамасы мен украин әскерінің мұнай өңдеу зауыттарына жасаған соққылары да Кремльдің ұстанымын қатаңдатуға әсер етті. Қазіргі уақытта екі тарап та өз дегендерін бермей, майдан шебіндегі қақтығыстар мен шабуылдар жалғасып жатыр.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар