Қан қақсатқан хуситтер бұғазды жаппақ: Сауд Арабиясы жойқын соққы жасайтынын айтуда!

Йемендегі Иранның одақтасы саналатын хуситтер Сауд Арабиясына қарсы «теңіз эмбаргосын» жариялады. Хуситтердің қарулы күштерінің ресми өкілі Яхья Сареяның айтуынша, бұл шешім соңғы 12 жыл бойы хуситтердің бақылауында болған Йеменнің солтүстік-батысындағы порттар мен әуежайларды Сауд Арабиясының соққылап, бұғаттауға тырысқан әрекеттері үшін жауап болмақ. Бұл туралы ВВС басылымы егжей-тегжейлі жазды.


ChatGPT Image 21 июл. 2026 г., 15_57_30.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Хуситтердің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Насруддин Амер «X» әлеуметтік желісінде Баб әл-Мандеб бұғазын Саудия кемелері үшін жауып тастайтынын айтты. Әзірге Сауд Арабиясы бұл мәлімдемелерге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

 

Соңғы уақытта Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы әскери қақтығыстар айтарлықтай бәсеңдеген болатын. Алайда бір апта бұрын жағдай қайта шиеленісті. Хуситтер Сауд Арабиясын өздерінің астанасы Сана қаласының әуежайына әуе соққысын жасады деп айыптап, жауап ретінде Абха қаласының әуежайына қарай зымырандар ұшырды.

 

Өз кезегінде Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен үкіметі Сана әуежайына жасалған соққыны өз күштері жүзеге асырғанын мәлімдеді. Билік өкілдерінің айтуынша, мақсат Ираннан ұшып келген ұшақтың қонуына жол бермеу болған.

 

Баб әл-Мандеб бұғазы - ені шамамен 32 шақырымды құрайтын, Үнді мұхиты жағынан Қызыл теңізге кіретін маңызды теңіз жолы саналады. Бұл бұғаз Қызыл теңіз және Суэц каналымен бірге Еуропа мен Азияны жалғайтын әлемдегі ең маңызды теңіз сауда жолдарының бірі. Әлемдік жүк тасымалының едәуір бөлігі дәл осы бағыт арқылы жүзеге асады.

 

2023 жылдың қазан айында Газа секторындағы соғыс басталғаннан кейін Иран мен ХАМАС-тың одақтасы саналатын хуситтер осы бұғазда, сондай-ақ Қызыл теңіз бен Аден шығанағында сауда кемелеріне зымырандармен және дрондармен шабуыл жасады. Салдарынан кемелер суға батып, теңізшілер қаза тапты. Қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына байланысты Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы еселеп азайды. Көптеген халықаралық теңіз тасымалдау компаниялары кемелерін Африканы айналып өтетін ұзақ әрі қымбат бағытқа көшіруге мәжбүр болды.

 

Қазіргі таңда Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы жағдайында Баб әл-Мандеб бұғазының Сауд Арабиясы үшін маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі Саудия мұнай экспортының шамамен 70 пайызын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу порты арқылы жөнелте бастады.

 

Kpler және Signal Ocean компанияларының мәліметінше, соңғы апталарда бұл порт арқылы тәулігіне шамамен 4 миллион баррель мұнай экспортталған. Ал бір жыл бұрын Янбу порты арқылы тәулігіне 1 миллион баррельден аз мұнай жөнелтілетін еді.

 

Жалпы алғанда, маусым айында Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы тәулігіне 7,4 миллион баррель мұнай өткен. Бұл әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 7 пайызына тең деген сөз.

 

АҚШ-тың Basha Report тәуекелдерді бағалау консалтингтік компаниясының сарапшысы Мұхаммед әл-Башаның айтуынша, хуситтер Сауд Арабиясына қатынайтын кемелерге шынымен шабуыл жасай ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Дегенмен олардың бұл мәлімдемесінің өзі теңіз тасымалына кері әсер етуі мүмкін.

 

«Кемелерге нақты шабуыл жасалмағанның өзінде, бұл мәлімдеменің өзі кеме қатынасына қысым жасап, Сауд Арабиясының порттары төңірегінде белгісіздік қалыптастыруы ықтимал. Хуситтердің қоқан-лоққыдан нақты әрекетке көшу-көшпеуі – аса маңызды мәселе болып қала береді», – деді Мұхаммед әл-Баша Reuters агенттігіне.

 

Сауд Арабиясы мен Йеменнің заңды үкіметін қолдайтын өзге де елдер хуситтердің бұл әрекетін қатаң айыптай отырып, қарсы әрекетке көшетінін айтты. Сарапшылардың сөзінше, жақын күрдері Сауд Арабиясы бастаған күштер хуситтер бақылайтын аймақтарға жойқын соққы жасауды бастауы ықтимал. Ал бұғаз бұғатталған жағдайда, мұнай бағасы әлемде шарықтап кетуі мүмкін. 


Mezgil.kz

 

 



Сәйкес тақырыптар