Жапония әлемдік сахнадағы ондаған жылдар бойы ұстанып келген бейбіт мемлекет образын түбегейлі өзгертіп жатыр.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ТОКИОНЫҢ ТАРИХИ БЕТБҰРЫСЫ: ӘЛЕМ ҚАРУЛАНУДА, БІЗ ДЕ!
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Токиоға таңылған қатаң шектеулер мен пацифистік ұстанымдар қазіргі геосаяси турболентті кезеңде күрделі өзгерістерге ұшырауда.
Жапония премьер-министр Санаэ Такаитидің тұсында Токио қорғаныс саласындағы ескі қағидалардан бас тартып, ашық прагматизм мен қатаң қауіпсіздік саясатына бет бұрғанын мәлімдеді. Бұл өзгерістер аймақтағы геосаяси ахуалдың күрт ушығуына, жаңа қауіптердің пайда болуына және соғыс жүргізудің жаңа формаларының күн санап өзгеруіне тікелей байланысты.
Қазіргі таңда Жапония тек экономикалық алпауыт мемлекеттен, әскери-саяси ойыншыға айналғысы келетінін ашық айтты. Ал бұл Азиядағы күштер тепе-теңдігін түбегейлі өзгертетін маңызды үрдіс саналады.
ЖАПОНИЯ ҮШІН БАСТЫ ҚАУІП – ҚЫТАЙ мен КХДР!
Өңірдегі қауіп-қатерлердің күшеюі мен әскери әлеуетті арттыру қажеттілігі Токионы стратегиялық қадамдарға баруға мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, Жапонияның географиялық орналасуы мен аймақтағы жағдай ерекше қорғау шараларын талап етеді. Атап айтқанда, Қытайдың әскери қуатының артуы, оның ішінде өңірдегі ықтимал қақтығыста шешуші рөл атқара алатын алыс қашықтықты көздейтін бомбалаушы ұшақтар мен зымыран бағдарламаларын дамытуы үлкен алаңдаушылық тудыруда.
Сонымен қатар Солтүстік Корей тарапынан төнетін зымырандық қатерлер мен Ресей арасындағы текетірес Жапонияның қорғаныс стратегиясын қайта қарауына түрткі болды. Осыған байланысты билік «Өзін-өзі қорғау күштерін» заманауи жағдайларға бейімдеп, ұшқышсыз жүйелерді енгізу және дрондар мен зымырандардың жаппай шабуылдарына қарсы іс-қимыл құралдарын күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл өзгерістер ел ішіндегі саяси аренада да қызу талқыланып, пікірлердің қақпайлануына әкелді. Консервативтік топтар жаңа заманның қауіп-қатерлеріне бейімделу үшін өткен ғасырдың ережелері бүгінгі шындыққа сай келмейтінін алға тартса, қарсы тарап Жапония біртіндеп әскери державаға айналып барады деп алаңдайды. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елге күштеп таңылған, жеке армия ұстауға және ел аумағынан тыс жерде соғыс жүргізуге тыйым салатын Конституцияның 9-бабын жұмсарту немесе өзгерту мәселесі үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр.
Премьер-министр Санаэ Такаити бұл бағытта батыл қадамдар жасап, парламенттік фракциялардың қолдауына ие бола отырып, елдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған реформаларды жүзеге асыруға бел буғанын ашық мәлімдеген болатын.
Біз осыған дейін жазғанбыз, Жапония үкіметі ондаған жылдар бойы сақталып келген қару-жарақ экспортын шектеу саясатын едәуір жұмсартып, өзімен қорғаныс саласында келісімі бар бірқатар одақтас мемлекеттерге қару жеткізіп, сатып ала алатын деңгейге жеткен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған Жапон конституциясының 9-бабы елдің соғыс жүргізуден бас тартатынын бекітіп, бейбітшіл ұстанымның символына айналғанымен, соңғы жылдары аймақтағы қауіпсіздік жағдайы бұл ұстанымды қайта қарауға түрткі болды. Сол кездің өзінде сарапшылар бұл шешім елді нағыз әскери-саяси ойыншыға айналдыратынын, ал Қытай мен Корей мұны жауапсыз милитаризация деп бағалап, алаңдаушылықпен қабылдағанын атап өткен болатынбыз. Тіпті Токио әскери бюджетін еселеп арттырып, гипердыбысты зымырандар мен озық әскери техниканы жасап жатқанын, Куриль аралдарына байланысты Ресейді әлеуетті қарсылас санап, алдын ала соққы беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын да бұған дейін жазғанбыз.
ЖАПОНИЯ: БІЗГЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ КЕРЕК!
Ал қазір бұл үрдіс тағы бір тың және бұрынғыдан да қауіпті деңгейге көтеріліп отыр. Жапония билігі ел аумағына ядролық қаруды әкелуге салынған тыйымды алып тастау мүмкіндігін талқылай бастады. 1967 жылдан бері Жапония ядролық қаруды шығармау, иеленбеу және елге кіргізбеу деген үш қағиданы ұстанып келген еді.
Алайда қазіргі үкімет бұл жарты ғасырлық міндеттемелерді қайта қарау уақыты келді деп санайды. Қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми бұл тақырыпты ашық талқылау қажеттігін мәлімдеді. Себебі соңғы жылдары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен әлемдегі басқа да текетірестер жағдайды түбегейлі өзгертті, тіпті Франция мен Финляндия сияқты елдер қауіпсіздік үшін күштірек ядерлік сдерживание курсын таңдап отыр.
Такаитидің бұл ұстанымы кездейсоқ емес. Ол билікке келмей тұрып жазған кітабында-ақ, елді сыртқы қауіптерден қорғау үшін ескі тыйымдардың тиімсіз екенін ашық айтқан болатын. Оның пікірінше, Токио американдық ядролық қорғауға сенім артса, онда одақтас күштердің Жапония аумағына келуін шектеу шынайы өмірге сай келмейді.
Дегенмен бұл өзгерістердің бәрі қоғамда және аймақта үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Хиросима мен Нагасакиде ядролық соққының зардабын тартқан жалғыз ел ретінде жапон қоғамы үшін бұл тақырып өте сезімтал қабылданады. Оппозиция өкілдері мен қарсы тарап бұл саясат өңірдегі шиеленісті күшейтіп, Жапонияны қақтығыстарға тартып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Қалай болғанда да, Жапония тек экономикалық алпауыт емес, әскери әлеуетін толыққанды қорғай алатын держава болу жолына анық қадам басты. Жыл соңына дейін ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты стратегиялық құжаттардың жаңа редакциясы қабылдануы тиіс, ал бұл құжаттар Токионың болашақ бағытын түпкілікті айқындап бермек.