АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға сес көрсетуде. Ол келіссөздер нәтиже бермесе, Иранның көпірлері мен электр станцияларына соққы жасайтынын айтты. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтқан.
(Сурет Жи арқылы жасалды)
Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық кемеге 20 пайыздық тариф енгізу туралы бастамасынан бас тартқанын айтуда. Оның орнына аймақ елдері АҚШ-қа инвестиция құятын болды дейді. Ал Иранға тіс қайрауын жалғастыруда.
«Келесі апта олар үшін өте ауыр болады. Біз олардың барлық электр станцияларын істен шығарамыз. Егер олар келіссөздер үстеліне отырып, келісімге келуге талпынбаса, біз олардың барлық көпірлерін де қиратамыз», - дейді Трамп.
Дональд Трамп сәуір айында Иранның азаматтық инфрақұрылым нысандарына, соның ішінде көпірлер мен электр станцияларына соққы беруі мүмкін екенін айтып, ескерту жасаған еді. Сол кезде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк: «Халықаралық құқыққа сәйкес, бейбіт тұрғындарға және азаматтық инфрақұрылым нысандарына қасақана шабуыл жасау — әскери қылмыс болып саналады», — деп мәлімдеген болатын.
1949 жылғы Женева конвенцияларына сәйкес, соғыс кезінде бейбіт халықтың өмір сүруі үшін аса маңызды саналатын азаматтық инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға тыйым салынады.
«Special Report» бағдарламасына берген сұхбатында Трамп Иранның энергетикалық инфрақұрылымы АҚШ-тың ықтимал соққы жасайтын нысандарының бірі болып қала беретінін тағы да меңзеді. «Энергетикалық нысандарды ең соңына қалдырамын, бірақ түптің түбінде оларға да соққы береміз», — деді АҚШ президенті. Осылайша ол сәуір айында ұсынған идеясынан бас тартпайтынын аңғартты.
АҚШ-тың Орталық әскери қолбасшылығы (CENTCOM) Ормуз бұғазы маңындағы Иранның ондаған әскери нысанына соққы бергенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, операцияның мақсаты «Иранның коммерциялық кеме қатынасы мен азаматтық кеме экипаждарына қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету» болып саналады.
Иран тарапы АҚШ ұшақтары Бампур қаласындағы әскери базаға шабуыл жасап, соның салдарынан 7 әскери қызметкердің қаза тапқанын айтты. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Бендер-Аббас қаласы маңында, Ормуз бұғазындағы Кешм аралында және Бендер-Хомейни қаласында жарылыстар болғанын мәлімдеді. АҚШ Иранның АЭС-і орналасқан Бушер қаласына да соққы жасаған. Өз кезегінде Иран әскері Иордания, Кувейт және Бахрейндегі АҚШ-тың әскери нысандарына соққы жасаған. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Бахрейндегі АҚШ-тың Бесінші флотына соққы жасадық дейді.
Сейсенбі күні кешке АҚШ Иранды «аймақтағы бейбіт тұрғындарға қасақана шабуыл жасады» деп айыптады. Мәлімдемеге сәйкес, Иран жеті коммерциялық кемеге соққы жасап, соның салдарынан азаматтық экипаж мүшелерінің он шақтысы қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе жараланған.
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) дүйсенбі күні кешке Иранның зымырандары екі мұнай танкеріне тигенін хабарлады. Салдарынан бір адам қаза тауып, 8 адам жараланған. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) екі танкерге жасалған шабуылды растады. Иранның хабарлауынша, бұл кемелер ескертулерді елемей, навигациялық жүйелерін өшіріп, миналанған бағытпен жүруге әрекеттенген.
Mezgil.kz