Кремль тығырыққа мықтап тірелді: Путин неге ызаға булықты?

Соғыс қазір бұрынғыдан да қатал әрі Мәскеу үшін өте-мөте тиімсіз жаңа кезеңге аяқ басты. Саяси шолушылардың талдауынша, Кремль басшысы Владимир Путин бүгінде майдандағы әскери шығындарға қарағанда, өз билігінің әлсіреп бара жатқанына және бұрынғы «жеңілмейтін көшбасшы» деген бейнесінің күл-талқан болып жатқанына қатты ызалануда.

1783764851587342.jpeg

(Сурет: 112.ua)

УКРАИНА ДРОНДАРЫ МӘСКЕУДІҢ МАЗАСЫН АЛУДА...

Бұл үдерістің ең айқын белгілерінің бірі – Ресейдің терең тылындағы нысандардың Украина дрондарының нысанасына айналуы. Жуырда Түмен мен Ресейдегі ең ірі Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған жойқын соққылар Ресейдегі жанар-жағармай дағдарысын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді.

Мұның салдарын Ресейдің шығыс аймақтары ғана емес, сол зауыттардан отын алып келген Орталық Азия елдері мен Моңғолия да сезіне бастады. Бұл жағдай қашықтықтың енді ешқандай қорғаныс кепілі бола алмайтынын, соғыстың шекараны аттап, Ресейдің экономикалық тамырына балта шауып жатқанын көрсетті.

РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ...

Ресей билігі экономикалық тығырыққа да мықтап тірелуде.  Соғыс машинасы бюджетті сорып бітті. 2026 жылдың алғашқы 5 айында-ақ, Ресей бюджетінің тапшылығы 6 триллион рубльге жетіп, бір жылдық жоспардан 60 пайызға асып кеткен. Мемлекеттік дума үкіметке қарызды шектеусіз өсіруге рұқсат берді, ал бұл болашақ ұрпаққа жүктелетін ауыр жүк болмақ. Оның үстіне инфляция шарықтап, Орталық банктің жоғары мөлшерлемесі экономиканы тұншықтыруда.

Бұған дейін ресейліктер Трамп келіп, соғысты бір сәтте тоқтатады деген бос үмітпен өмір сүрсе, бүгінде ол үміт толықтай сөнді. Анкарада өткен НАТО саммитінен кейін АҚШ лидері Дональд Трамптың Украинаны қолдауға қатысты айтқан қатал мәлімдемелері Кремльді тұйыққа тіреді. Ендігі жерде Мәскеудің жалғыз амалы – баллистикалық зымырандармен Киевті бомбалауға көшу. Тіпті Дмитрий Песковтың өзі бұл кезеңді «арнайы әскери операция» емес, нағыз соғыс деп ашық мойындауға мәжбүр болды.

РЕСЕЙ: ӨЛСЕК ТЕ ШЕГІНБЕЙМІЗ...

Мәскеу келіссөздерден біржола жылыстап, ымыраға келуден мүлдем бас тартқандай. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жуырда маңызды мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Кремль Украинадағы соғысты Владимир Путиннің 2024 жылдың маусымында бекіткен шарттары толық орындалғанша тоқтатпайды. Ал ол шарттар, іс жүзінде, Украинаның толық капитуляциясын, яғни толықтай тізе бүгуін білдіреді.

Лавров өз сөзінде Путиннің Украинаға қатысты әскерге жүктеген мақсаттар орындалмайынша, соғысты жалғастыратынын айтты. Батыс елдерін Ресейге ашық ультиматум қоюға көшті» деп айыптады.

Ресей қойып отырған шарттарға сәйкес, Украина әскері Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан толық шығарылуы керек. Сонымен қатар бұл аймақтар мен Қырым ресми түрде Ресейдің жері деп танылуы шарт. Сонымен бірге Украинаның НАТО-ға мүше болудан бас тартуы, елді демилитаризациялау және Батыстың Ресейге салған барлық санкцияларын жою – Кремльдің бұлжымас талаптарының қатарында.

Бұл талаптарды Украина орындамасы айдан анық. Ендеше Кремльдің бұл ымырасыз позициясы майдан даласындағы жағдайды одан сайын ушықтырып, әлемдік геосаясатты тығырыққа тірей түспек. Ресей билігінің мұндай саясаты елді іштей құрдымға итеріп, халықаралық оқшаулануды тереңдете түсуде.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар