Ресейдің Украинаға қарсы қанқасап соғысына қатысқан, өмірлерін қиып берген шетелдік азаматтардың (жалдамалы жендеттер) шығыны туралы ақпараттар соңғы уақытта жаһандық деңгейде қызу талқылануда.

(Коллаж: Mezgil.kz)
КРЕМЛЬ ҮШІН ЖАНЫН САДАҒА ЕТКЕН ШЕТЕЛДІКТЕР...
Жуырда «BBC» сарапшылары арнайы зерттеу жасап, ашық деректерде жарияланған ақпараттарды жиып, сол бойынша есеп жасапты. Ол бойынша: Бұл соғыс басталғалы бері Ресей тарапында соғысқа қатысып, қаза тапқан шетелдіктердің саны кемінде 3589 адамды құрап отыр. Бұлар аты-жөндері анықталған, жеке тұлғалары нақтыланған адамдар ғана...
Бұл тізімге Эквадор мен АҚШ-тан бастап, Вьетнам мен Шри-Ланкаға дейінгі әлемнің 40-ТАН астам елінің азаматтары енген.
Ресей армиясының қатарында соғысып қаза болғандар туралы бұл тізімді «BBC» сарапшылары мен «Медиазона» басылымы біраздан бері өз беттерінше жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта олардың дерекқорында Ресей армиясының қаза тапқан 233 мыңнан астам жауынгерінің деректері бар. Оның ішінде, 1285 адам – шетел азаматтары. Бұл сандар – тек билік хабарламалары, әлеуметтік желідегі туыстарының жазбалары немесе қабірлер мен әскери мемориалдардың фотосуреттері арқылы ресми түрде расталған деректер ғана.
КУРСКІДЕ ҚҰРБАН БОЛҒАН КӘРІСТЕР...
Бұған қоса, 2024 жылдың тамыз айында Украина Қарулы күштерінің Курск облысына жасаған шабуылы кезінде қаза тапқан 2304 Солтүстік Корей сарбазының деректері тағы бар. «ВВС-дің» корей қызметі бұл деректерді жер серігінен түсірілген суреттерді және Пхеньяндағы қаза тапқандарға арналған жаңа әскери мемориалдың ресми фотоларын талдау арқылы жинақтаған.
Дегенмен, қаза тапқан шетелдіктердің нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Зерттеушілер бұл тізімді жасаған кезде Украина тарапының ақпараттары мен батыстық барлау қызметтерінің деректерін пайдаланбаған.
24 МЫҢ ШЕТЕЛДІК ЖЕНДЕТТІ АЛДА НЕ КҮТІП ТҰР?
НАТО-ның жоғары лауазымды шенеуніктерінің Анкарада өткен саммитте айтуынша, Ресей күштерінің құрамында 44 елден келген 24 мыңға жуық жалдамалы әскер бар. Олардың басым бөлігі африкалық мемлекеттердің тумалары екені айтылады. Бұл адамдардың көбісі келісімшартқа өз еркімен қол қойса, кейбіреулері мәжбүрлеу арқылы тартылған.
Ресей үшін соғысып жүрген көп шетелдіктің дені бұл соғысқа ақша үшін немесе кедейшіліктен, тұрмыс қысқандықтан барғандарын айтады. Сарапшылар шетелдіктерді Ресей әскеріне тартудың үш кезеңін бөліп көрсетеді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯЛЫҚТАРДЫҢ КӨБІ – ТҮРМЕДЕН ЖІБЕРІЛГЕНДЕР...
Бірінші кезең: 2022 жылдың ортасынан 2023 жылдың аяғына дейін негізгі толқын түрмедегілерден құралған. Оларға жазадан босату уәде етіліп, 6 немесе 12 айлық келісімшартпен соғысқа жіберілген. Бұл схема әсіресе түрлі себептермен Ресей түрмелерінде болған Орталық Азия елдерінің азаматтарына қатысты. Тәжікстан мен Өзбекстаннан қаза тапқандардың жартысынан көбі түрмеден майданға тікелей аттанғандар. Осы тұрғыда ТМД елдері бойынша қаза тапқандар статистикасы төмендегідей: Өзбекстаннан – 229 адам, Тәжікстаннан – 199 адам, Әзербайжаннан – 108 адам.
Екінші кезең: 2024 жылдан бастап мобилизацияның екінші кезең басталды. Бұл кезде ресейлік билік келісімшарт үшін төленетін ақыны айтарлықтай көтерді. Нәтижесінде Куба, Непал, Үндістан, Шри-Ланка сияқты елдерден адамдар көптеп тартылды. Алыс шетелдер бойынша қаза тапқандардың саны былай: Солтүстік Корей (КХДР) азаматтарынан – 2304 адам, Непалдан – 72 адам, Кубадан – 20 адам. Олардың арасында жоғары жалақыға қызығып барғандар да, алданып қалғандар да болды.
Үшінші кезең: 2025 жылдың ортасынан бастап үшінші кезең – еңбек мигранттарына қысым көрсету белең алды. Көптеген адвокаттар мигранттарды Ресей армиясымен келісімшартқа отыруға мәжбүрлеу фактілерін тіркеген. Оларға елден шығаруды тоқтату немесе азаматтық алуды жылдамдату сияқты уәделер беріледі.
Сондай-ақ, африкалық елдердің азаматтарын тарту әрекеттері жиілеген. Дегенмен, майдандағы шығынның көптігі және Ресей азаматтарының келісімшартқа отыруға деген ықыласының төмендеуі Кремльді әскерді толықтырудың басқа жолдарын іздеуге мәжбүр етіп отыр.
Mezgil.kz