Украина әскері оккупациядағы Қырымның логистикасын күйрету операциясын жалғастыруда. Украина Қырымға құрлық арқылы жанармай тасуға кедергі жасаумен қатар, теңіз арқылы да жанармай жеткізуді тежеуге тырысуда. Ресей билігі Қырымға жанармайды теңіз арқылы да жеткізу керектігін айтқан еді. Украинаның Азов теңізіндегі ресейлік кемелерге жаппай соққы жасауына қатысты ВВС басылымы жазды.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Украина Қарулы күштерінің Дрон әскері қолбасшысы Роберт Бровдидің («Мадьяр» лақап атымен белгілі) мәлімдеуінше, соңғы үш тәулікте Азов теңізінің акваториясында Ресейдің 30-дан астам кемесіне шабуыл жасалған. Олардың басым бөлігі жанармай тасымалдаған танкерлер саналады.
Бұл аса ауқымды операция деуге болады. Себебі қазіргі Ресей мен бұрынғы КСРО флоты екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бір мезетте мұндай көлемдегі шығынға ұшыраған емес. Бұл алғашқы жағдай.
Сейсенбі күні «Мадьяр» әлеуметтік желіде FPV-дрондар арқылы түсірілген бейнежазбаларды жариялады. Видеода Қырымға жанармай жеткізуге тырысқан танкерлерге дрондардың соққы жасап жатқаны анық байқалады.
Бейнежазбалар түнгі уақытта түсірілген. Кадрларға қарағанда, 6-шілдеден 7-шілдеге қараған түні он кеме дрондардың соққысына ұшыраған. Алғашқы соққыдан кейін шабуылдар бірнеше рет қайталанған. Кем дегенде бірнеше танкерде ірі өрт шыққаны байқалады.
«Мадьярдың» мәлімдемесінен кейін украиналық Exilenova+ порталы жақын қашықтықтан түсірілген объективті бақылау кадрларын жариялады. Онда кемелердің лапылдап жанып жатқанын көруге болады.
«Мадьярдың» мәліметінше, шабуылға ұшыраған сегіз кеме шамамен 7 мың тонна су сыйымдылығы бар ресейлік танкерлер болған. Олардың атаулары «Венера-3», «Санар-1», «Санар-17», «Климена», «Тэти», «Алексей Саврасов», «Пенелопа» және басқан. Тағы бір кіші жүк тасушы кемеге соққы жасалған. Керч портында тұрған SKS One паромы да отқа оранған. MarineTraffic.com сайтының мәліметінше, SKS One паромы Камерун туымен жүзеді. Алайда ол Ресейдің қажеттілігі үшін қызмет ететін кеме саналады.
Украина MS IVAN CHEREMISINOV («Иван Черемисинов») кемесіне де соққы жасады. Бұл кемені танкер ретінде сипаттады. Алайда ресейлік дереккөздердің мәліметіне сәйкес, «Иван Черемисинов» танкер емес, теңіз түбін тереңдетуге және таяз суларда басқа кемелердің қозғалысын қамтамасыз етуге арналған кеме саналады. Осыны ескере отырып, сарапшылар мұндай кеменің құны танкермен салыстырғандай әлдеқайда қымбат екенін айтуда.
Сәрсенбі күні таңертең «Мадьяр» тағы тоғыз ресейлік танкерге сәтті шабуыл жасағанын мәлімдеп, жаңа бейнежазба жариялады. Бейнежазбадағы көрініс бұрынғысымен ұқсас. Дрондар нысанаға жақындап, кеменің артқы бөлігінде орналасқан басқару бөліміне соққы жасайды. Видеода әр соққы жеке-жеке көрсетілген.
Ресей билігі танкерлерге, кіші жүк кемесіне және паромға жасалған дрон шабуылдары туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Тек Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь сәрсенбі күні Таганрог шығанағында дрондар шабуылы салдарынан екі танкердің зақымданғанын хабарлады. Өңір басшысы өзінің Telegram-арнасында екі адамның жараланғанын, сондай-ақ кемелердің бірінен экипажды эвакуациялауға тура келгенін жазды.
Бейсенбі күні «Мадьяр» Азов теңізінде ресейлік тағы 14 кемеге дүркіндете соққы жасағанын айтты. Ол дәлел ретінде әдеттегідей тиісті видеоны жариялады.
Өрт ошақтары туралы нақты уақыт режиміндегі деректерді картаға түсіретін NASA онлайн-платформасында Керч бұғазы маңындағы Азов теңізінде бірнеше нүктеде өрттің байқалатынын айтты.
Сарапшылар Азов және Қара теңіздегі ресейлік танкерлердің еш қорғаныссыз қалғанын айтуда. Кремль әуе қорғаныс жүйелерін Мәскеу мен Петербор аймағына топтастыруда. Кемелерді қорғауға тиіс Қара теңіз флоты үлкен шығынға ұшырап, Ресей аумағына қарай шегінгеніне 2 жылдан астам уақыт болды. Бұл мүмкіндікті Украина тарапы тиімді пайдаланып, Ресейдің теңіздегі танкерлеріне соққыны үдете түсті. Киев Қырымға жанармай жеткізуді де, ресейлік мұнай сатуды да қиындатуды ойластыруда дейді сарапшылар.
Mezgil.kz