Бензин жоқ, бизнес жабылуда: Ресей экономикасы ауқымды дағдарыс алдында тұр

Ресей әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші және экспорттаушы мемлекеттердің бірі болғанымен, соңғы айларда елдің көптеген өңірінде жанармай тапшылығы байқала бастады. Украина Ресейдің мұнай саласына тоқтаусыз соққы жасауда. Танкерлер мен мұнай жөнелту станцияларына, жанармай таситын жүк көліктері мен МӨЗ-дерге, порттар мен терминалдарға дрондар үздіксіз шабуылдап жатыр.


ChatGPT Image 8 июл. 2026 г., 14_14_16.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Мұнай өндіру мен дайын жанармай өндіру – екі бөлек процесс. Ресей тәулігіне миллиондаған баррель мұнай өндіргенімен, оны бензин мен дизельге айналдыратын мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысы аса маңызды. Украинаның шабуылдарынан көптеген мұнай өңдеу кәсіпорындары жұмысын тоқтатты. Бұл жанармай тапшылығына әкелді. Жанармай тапшылығы Ресейдің көптеген аймағында байқалуда.

 

Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан Омбы облысында өндірістің тоқтауы өңірдегі жанармай нарығына тікелей әсер етті. Кейбір жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, жеке операторлар бензин сатуды уақытша шектеді.

 

Қиыр Шығыста да жағдай мәз емес. Географиялық қашықтық логистикалық шығындарды арттырады. Сондықтан орталық өңірлерден жеткізілетін жанармайдың азаюы бұл аймақта тапшылықты ертерек сездірді. Ал бағаны шарықтатып жіберді.

 

Ресейдің оңтүстігінде де жанармай тапшылығы артуда. Бұл аймақтар ауыл шаруашылығының негізгі орталығы болғандықтан, дизель отынына сұраныс өте жоғары. Егін жинау науқаны кезінде дизельдің жетіспеуі фермерлердің шығынын арттыруда. Фермерлер жанармайдың аздығына байланысты ауыл шаруашылығында дәстүрлі форматта жер өңдеуге көшкен. Кей тұста қолмен, енді бір тұста жылқымен жерді өңдеуде.

 

Жанармай бағасы – кез келген экономиканың негізгі индикаторларының бірі. Өйткені өндірілетін өнімнің басым бөлігі көлік арқылы тасымалданады. Сарапшылар бензин мен дизельдің қымбаттауы келесідей жағдайға әкелетінін айтуда: азық-түлік тасымалының құны өседі, құрылыс материалдарының бағасы артады, қоғамдық көлік шығындары көбейеді, логистикалық компаниялардың тарифтері көтеріледі, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік шығындары ұлғаяды. Нәтижесінде инфляцияның жаңа толқыны қалыптасады.

 

Жанармай бағасының көтерілуі барлық тауар бағасына тізбекті түрде әсер етеді. Бұл құбылыс әсіресе шалғай өңірлерде айқын байқалуда, өйткені ондағы тауарлардың басым бөлігі мыңдаған шақырымнан жеткізіледі.

 

Жанармай тапшылығы ең алдымен қарапайым тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етуде. Кейбір өңірлерде автокөлік жүргізушілері бірнеше сағат бойы жанармай кезегінде тұруға мәжбүр болуда. Қоғамдық көлік ксәіпорындары да шығынның артқанын айтуда. Егер мемлекет тарапынан субсидия көлемі артпаса, тасымалдаушылар билет бағасын көтеруге немесе рейстер санын қысқартуға мәжбүр боламыз дейді. Жанармайдың қымбаттауы жеке кәсіпкерлерге де ауыр соққы болып отыр. Такси қызметі, курьерлік жеткізу, шағын жүк тасымалдаушылар мен сервистік компаниялардың операциялық шығындары айтарлықтай өскен. Бұл курьерлердің санын азайтуға әкелуде.

 

Шаруалар қазірдің өзінде дабыл қағуда. Егін жинау науқаны кезінде бірнеше күндік кешігудің өзі өнімнің бір бөлігін жоғалтуға алып келуі мүмкін дейді. Кейбір өңірлерде фермерлер қажетті көлемде дизель сатып ала алмай отырғанын, ал бар отынның бағасы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары екенін мәлімдеді. Ресейлік сарапшылар мұның салдары күзде азық-түлік бағасының қосымша өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 

Ресейдегі жүк тасымалының негізгі бөлігі автомобиль көлігі арқылы жүзеге асады. Дизель бағасының өсуі келесідей мәселені туындатады: тау-кен өндірісінің шығындарын арттырады, құрылыс секторындағы жобалардың өзіндік құнын өсіреді, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнім бағасына әсер етеді.

 

2026 жылдың басында Ресейде 209 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмысын тоқтатты. Мұндай деректі контрагенттерді тексеру қызметін ұсынатын «Контур.Фокус» сервисінің сарапшылары жариялады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп. Бұл туралы Forbes журналы жазды. Компаниялардың өздері жабылудың басты себептері ретінде салықтардың өсуін, билік енгізген түрлі міндетті төлемдердің көбеюін және несиенің тым қымбаттауын атайды.

 

Ресейлік сарапшылар жанармай тапшылығы кәсіпкерлердің банкротқа ұшырауын жылдамдататын болады. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздар санын арттыруы ықтимал.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар