АҚШ пен Иран ұрысты қайта бастады: Ормуз бұғазындағы жағдай ушықты!

Бүгін түнде АҚШ Ирандағы бірсыпыра әскери және энергетикалық, логистикалық нысандарға дөп соққылар жасады. АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы «Иран күні кеше Ормұз арқылы өтіп бара жатқан үш кемеге соққы жасады» деп айыптап, бұл соққыларды сол шабуылдарға жауап деп атады.

1783494896575069.jpg

(Сурет: ЖИ)

АҚШ: ИРАНДЫ МҰНАЙ САТУ ҚҰҚЫНАН АЙЫРАМЫЗ!

Түнгі шабуылдардан соң, АҚШ Иран мұнайына қайтадан блокада жариялады. Дәлірек айтқанда, АҚШ Ормұз бұғазына жақын маңда, Оманның аумақтық суларында үш сауда кемесіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Иранды соққының астына алып, Теһеранға мұнай сатуға рұқсат беретін лицензияның күшін жойды.

«CENTCOM»: «Иран көрсеткен агрессия негізсіз, қауіпті және сөзсіз ұрысты тоқтату режимін бұзу болып табылады», - деп мәлімдеді. Осылайша, АҚШ пен Иран арасындағы онсыз да нәзік бітімге қайтадан қауіп төнді.

АҚШ пен Иран арасындағы делдалдар арқылы жалғасып жатқан келіссөздерге қарамастан, Ормұздың жайы әу бастан тұрақсыз күйде еді. Ал дүйсенбі күні 1 танкер, сейсенбіде 2 танкер шабуылға ұшыраған.

Бұл шабуылдарға Иранды бірінші болып айыптаған Катар болды. Катар СІМ-і: «Иран сұйытылған газ тасымалдайтын танкерге шабуыл жасады», - деп айыптады. Осыдан соң БАҚ Оман жағалауында Сауд Арабиясының туын көтеріп жүзіп бара жатқан танкердің де шабуылға ұшырағанын жазды. Алайда, Теһеран бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.

АҚШ ИРАНДЫ СОҚҚЫНЫҢ АСТЫ АЛДЫ: НЕ БЕЛГІЛІ?

АҚШ-тың бүгін түндегі Иранға жасаған соққылары Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) және жағалауды бақылау жүйелеріне, зениттік және қанатты зымырандарға, ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру қондырғыларына және порт нысандарына бағытталған. Бұл туралы «Reuters» пен «Axios» қатар жазды.

Ал АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы кейінірек соққылар Ирандағы 80-нен астам нысанға жасалғанын, атап айтқанда — ӘШҚ жүйелері, басқару пункттері, жағалаудағы радиолокациялық станциялар, кемеге қарсы зымыран кешендері және Ислам революциясы Сақшылар корпусының шағын катерлеріне жасалғанын хабарлады.

«Axios» сарапшылары: «АҚШ-тың бұл жолғы соққылары маусым айының соңындағы соққылардан 4-5 есе ауқымдырақ әрі қуаттырақ болды. Және бұл операциялар әрі қарай да жалғасуы мүмкін», - деп болжайды.

Ал «CNN» сарапшылары: «Бұл жолғы екеуара соққылар алмасу әрекеттері АҚШ пен Иран арасын онсыз да ушықтыра түсіп, ұрыс қимылдарын қайта жалғауы мүмкін.  Ал бұл екі ел президенттерінің осыдан үш аптаға жетпейтін уақыт бұрын қол қойған өзара түсіністік туралы нәзік меморандумына қауіп төндіреді», - деп жазады.

ИРАНҒА СОҚҚЫ: ТРАМП ТҮРКИЯДАН БҰЙРЫҚ БЕРГЕН...

БАҚ-тардың хабарлауынша, Иранға соққылар жасау туралы бұйрықты президент Трамптың өзі тікелей, Түркияда отырып берген.

АҚШ тарабынан соққылар жасалғанын Иран тарабы да растады. Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Бендер-Аббас және Сирик портты қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында жарылыстар болғанын айтты. Бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ, Сириктегі коммерциялық нысанға түскен снарядтың сынықтарынан бірнеше адам жараланғаны белгілі болды.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Сирик пен Бендер-Аббастағы балық аулау пирстері соққыға жеп, бірнеше балық аулайтын кеме өртенген. Сондай-ақ, Иранның «IRIB» мемлекеттік телеарнасы Иран мұнайын экспорттаудың негізгі орталығы болып табылатын Харк аралында бірнеше кезек жарылыс даусы естілгенін және Кешм аралында жарылыстар болғанын хабарлады.

ИРАН: АҚШ КЕЛІСІМДІ БҰЗДЫ. ЖАУАБЫМЫЗ ЖОЙҚЫН БОЛАДЫ!

АҚШ Қаржы министрлігі сейсенбі күні Иранға мұнай сатуға рұқсат беретін лицензияның күшін жоятынын жариялады. Иран СІМ бұл шешімді айыптап, оны «өзара түсіністік туралы меморандум шарттарын бұзу» деп атады. АҚШ-тың бұл шешімінен кейін нарықта кейін мұнай бағасы 3%-дан аса өсті.

Иранның бас келіссөзшісі Мохаммад-Багер Ғалибаф мұнай санкцияларының қайта басталуы, Оңтүстік Иранға жасалған шабуылдар Тегеранның ұстанымына әсер етпейтінін жазды: «Қорқыту мен бопсалау дәуірі аяқталды. Бұл еш нәтиже бермейді. Біз берілмейміз», - деп мәлімдеді.

«Хатам әл-Анбия» орталық штабы: «Иран қарулы күштері АҚШ-тың бұл агрессиясына жауап ретінде күйрете соққы беретін болады және ешқандай жағдайда АҚШ-тың Ормұз бұғазын басқару ісіне араласуына жол берілмейді», - деді.

ТЕҺЕРАНННЫҢ ЖАУАБЫ: ИРАН ТАЯУ ШЫҒЫСҚА ҚАЙТА СОҚҚЫЛАР ЖАСАДЫ...

АҚШ соққыларынан соң Иранның Ислам революциясы Сақшылар корпусы Бахрейн мен Кувейттегі АҚШ-тың 85 әскери нысанына соққы жасалғанын хабарлады.

Корпустың мәлімдемесіне сәйкес – соққылар Кувейттегі «Али ас-Салем» авиабазасына және Бахрейннің Салман портындағы АҚШ ӘТК-нің 5-ші флотының базасына бағытталған. Сонымен қатар, Американың MQ-9 дроны атып түсірілгені хабарланды.

Кувейт армиясы сәрсенбі күні таңертең ӘШҚ жүйелері зымыран және ұшқышсыз ұшақтардың шабуылдарына тойтарыс беріп жатқанын мәлімдеді. Иран әскерилері Бахрейнге де дрондармен шабуылдаған.

Айта кетейік: АҚШ пен Иран арасындағы соғыс маусым айында қол жеткізілген уақытша бейбіт келісім аясында 60 күнге тоқтатылған болатын. Осы уақыт ішінде тараптар түпкілікті бітім бойынша келіссөздер жүргізуі тиіс-тін. Алайда, өткен аптада Катарда өткен келіссөздер барысында ешқандай ілгерілу болмағаны айтылған.

Ал осыған дейін АҚШ президенті Трамп бірнеше кезек мәлімдеме жасап, Иранға қарсы кең ауқымды әскери қимылдарды қайта бастауы мүмкін екенін айтып, сес көрсеткен.

Бұған Иранның СІМ бастығы Аббас Арагчи жауап беріп, уақытша ұрысты тоқтату туралы меморандумның шарттарына сәйкес, егер қауіп-қатерлер сақталса, түпкілікті келісім бойынша келіссөздер «басталмайтынын» мәлімдеді. «Өз қолдарыңызды құрметтеңіздер»,- деген Арагчи.

Өңірдегі кейбір елдер АҚШ пен Иранға сигналдар жіберіп, әскери қимылдардың одан әрі өршуіне жол бермеуге және атысты тоқтату режимін сақтап қалуға тырысуда, деп жазады «CNN». Ал НАТО Бас хатшысы Рютте АҚШ-тың Иранға жасаған соңғы соққыларын «қажеттілік» деп атаған.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар