Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ) сөйлеген сөзінде «Орешник» зымыранымен жасалған үшінші соққының сынақ мақсатында жүзеге асырылғанын айтты. Ол зымыранды қасақана қораға қарай бағыттадық дейді. Әскери сарапшылар соғыс барысында бірнеше мәрте қолданылған «Орешник» зымыранын сынға алып, «пиар-қару» деп атауда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресей билігі бір жарым жыл ішінде «Орешникті» бастапқыда Украинаға қолдау көрсетіп отырған Батыс елдеріне қысым көрсету құралы ретінде қолданған. «Таңғажайып қару» ретінде сипаттап, Батысты қорқытып-үркітуге тырысты. Алайда уақыт өте келе бұл қарудың шынайы күші күмән тудыруда, ал психологиялық әсері тіпті ресейлік аудиторияның өзінде қызу талқыға тап болып, күлкіге айналды.
Путин Ресей әскерінің 24-мамырда Украинаға жасаған жаппай әуе шабуылы кезінде «Орешник» зымыранын қолданғанын растады. Зымыран сынақ мақсатында атылды дейді. Оның сөзінше екі зымыран ұшырылған. Бірі Киевтен шамамен 80 шақырым жердегі Біла Церква қаласына түссе, екіншісі Ресей оккупациялап алған Донецк аймағына құлаған.
Путин бұл туралы: «Шынын айтқанда, Украина аумағында біз «Орешникті» жауынгерлік мақсатта әлі бірде-бір рет қолданған жоқпыз. Бір әскери мемлекеттік құпияны жариялайын: біз тек нәтижесін бақылауға ыңғайлы жерге соққы жасадық. Бұл Біла Церкваға да, «ДХР»-дағы негізгі бекініс ауданының периметріне де қатысты. Кейін біздің дрондар соққы жасалған маңға ұшып барып, соққы әсерін толық бақылады. Бұл біз үшін маңызды еді. Өйткені болашақта «Орешникті» толыққанды соғыс қаруы ретінде қолдану шешімі қабылдануы ықтимал», - дейді.
Біла Церкваға жасалған соққы әскери сарапшылар арасында пікірталас туғызды. Себебі бұл қалада әскери-көлік авиациясының әуе айлағынан басқа маңызды әскери нысандар жоқ. Ал зымыран сол қаладағы гараждардың біріне соққы жасады. Соққыдан үш гараж өртеніп кеткен. Тағы бір зымыран оккупациядағы Донецк аймағына түсті.
«Орешник» зымыранын Ресей алғаш рет 2024 жылы, 21-қарашада Днепр қаласындағы кәсіпорынға қарсы қолданды. Артынша Путин «жаңа қарудың температурасы Күн бетінің температурасындай» деп сипаттады. Кейін Украинаның батысындағы Львов қаласында орналасқан авиациялық жөндеу зауытын атқылады. Сарапшылар «Орешниктің» соққыларынан Украина жерінде бірде-бір кешеннің нақты істен шықпағанын, ал адамдар зардап шекпегенін айтты.
Путин 2025 жылдың соңында «Орешник» кешені әскери қолданысқа берілгенін айтты. Ал 2025 жылдың желтоқсан айында Беларусь жерінде «Орешник» зымыраны орналастырылғаны белгілі болды.
Днепрдегі «Южмаш» кәсіпорнына жасалған соққыны Владимир Путин АҚШ пен Ұлыбританияның алыс қашықтыққа арналған қаруын қолдануға жауап ретінде түсіндірген. Украина ATACMS және Storm Shadow зымырандарының көмегімен Ресейдің Курск және Брянск облыстарындағы командалық пункттер мен оқ-дәрі қоймаларын атқылаған еді. Осы шабуылдарға жауап ретінде «Орешникті» қолдандық дейді. Львовтағы авиациялық жөндеу зауытын «Орешникпен» атқылау себебін Путиннің резиденциясына жасалған шабуылға жауап деп атады. Ал Біла Церкваға жасалған шабуылды «Старобельск үшін кек қайтару» деп сипаттады.
Украина тарапының бағалауынша, «Орешниктің» инертті блоктарының кинетикалық әсері тротил эквивалентімен есептегенде 52-95 келіге тең. Бұл көрсеткіш «Шахед» дронының жауынгерлік бөлігінің қуатымен шамалас деген сөз. Біла Церквадағы соққыдан кейін табылған зақымдаушы элементтер қарапайым металл құймалар болып шыққан. Зақымдаушы элементтер тесіп өту қабілетін қамтамасыз етуі мүмкін болаттан немесе вольфрамнан емес, қарапайым шойыннан жасалғаны анықталды.
Сарапшылардың сөзінше, мұндай санаттағы қаруды қарсылас аумағында сынаудың әскери мәні жоқ. Керісінше, мұндай сынақтарды өз полигондарында өткізу әлдеқайда қолайлы дейді. Әсіресе, соққының салдарын дрондар мен мамандардың көмегімен зерттеп, қажетті мәліметтердің барлығын жинауға мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, қарсылас аумағында сынақ өткізіп, зымыран бөлшектерінің қарсы тараптың қолына түсуіне мүмкіндік берудің де мәнін түсіну қиын. Бұл Украина үшін зымыранның құрылысын егжей-тегжейлі зерттеуге жол ашады. Львов пен Днепрге жасалған шабуылдардан кейін жиналған қалдықтарды зерттеген сарапшылар «Орешниктің» техникалық құрылымы туралы толық мәлімет алған. Алынған ақпаратты Батыстық серіктестерімен де бөліскен. Олардың қорытындысына сәйкес зымыран келесідей бөлшектерден тұрады: Зымыранның конструкциясы қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі сызбалар мен шешімдерге негізделіп жасалған. Зымыранда қолданылған бөлшектердің басым бөлігі Ресей мен Беларусь өндірісінен шыққан, ал бөлшектердің көбі ескі, кемі он жылдық. Қорытындылай келе сарапшылар «Орешникті» жаңа өнім деп атаудан бас тартты. Олар «бұл бар болғаны РС-26 «Рубеж» зымыранының модернизацияланған түрі» дейді.
АҚШ-тағы Dallas Analytics қаруларды зерттеу орталығы Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының қызметтік хат алмасуын жариялады. Онда «Орешник» зымыранында кеңестік ГУ-503 гироскопы қолданылатыны айтылған. Осының салдарынан оқтұмсықтың нысанадан ауытқуы ондаған шақырымға жетуі мүмкін деген тұжырым жасалған.
Сарапшылардың пікірінше, Беларусь аумағында «Орешникке» арналған инфрақұрылым құру және оны қолдану бойынша әскери жаттығулар өткізу демонстрациялық сипаттағы әрекеттердің бірі ғана. Бұл Украина мен Батысқа жасалған психологиялық қысымның бір түрі саналады. Осы арқылы Ресей Батысты сескендіріп, Украинаға қару жеткізуін тежемек болды. Дей-тұра бұл әрекеттері еш нәтиже бермеді. Батыс Украинаға қару жеткізуді жалғастыруда, ал Киев тіпті Минскке сес көрсетіп, ультиматум қоюда. Ресейлік Z-блогерлер мен сарапшылар соңғы соққылардан кейін Орешникті «гаражник» деп атауда, ал әскери мамандар бұл зымыранның соғыс барысына еш әсері жоқтығын айтуда. Себебі зымыранның шынайы қуаты күмән туындатады, ал әр зымыран құны ондаған млн доллардан басталады. Саны тым аз. Зымыранды қолдану майдан даласындағы жағдайға да еш әсер етпейді. Бұл фактілерді ескеріп, зымыранның ішкі құрылымын зерттеп шыққан сарапшылар «Ресейдің кезекті мифі жоққа шығарылды» дейді.
Mezgil.kz