Жетеудің жарысы басталады: Құрылтайдан әркімнің бар таласы...

Президенттің Құрылтай депутаттарын сайлауды 2026 жылғы 23 тамызға белгілеу туралы Жарлығы жарияланғаннан кейін еліміздегі саяси партиялар алдағы сайлау науқанына қатысты ресми ұстанымдарын білдірді.

1783070802485392.jpg

(Суреттер: egemen.kz, adyrna.kz, wikipedia.org, baq.kz сайттарынан алынды)

Партиялар бұл сайлауға белсенді қатысып, жаңадан құрылатын жоғары заң шығарушы органның алғашқы құрамын жасақтауға толық дайын екендерін жеткізді. Саяси ұйымдардың мәлімдеуінше, Құрылтай сайлауы өкілді демократия мен парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады.

«Әділет» партиясы өзін жаңа Конституция қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған саяси күш ретінде таныстырды. Партияның хабарлауынша, өңірлік бөлімшелерді қалыптастыру жұмыстары аяқталып, енді халықпен тығыз жұмыс істеуге, партиялық жобаларды жүзеге асыруға және ұйымның жергілікті құрылымдарын нығайтуға басымдық беріледі.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтайдың құрылуы елдегі парламентаризмді дамытуға тың серпін береді деп есептейді. Партия өкілдерінің пікірінше, алдағы сайлау – жүргізіліп жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Әрі партия өкілдері өздерінің «парламенттік партия» статусын сақтауға дайын екендіктерін жеткізді. 

«Respublica» партиясы сайлауға дайындық жұмыстарын алдын ала бастағанын хабарлады. 4 шілдеде өтетін кезектен тыс съезде сайлауалды бағдарламасы қабылданып, кандидаттар тізімі мен сайлау науқанының негізгі бағыттары бекітіледі. 

Қазақстанның Халық партиясы да алдағы науқанға толық дайын екенін мәлімдеп, бұл сайлауды елдің жаңа саяси жүйесін қалыптастырудағы маңызды кезең ретінде бағалады. Партия Құрылтайдың алғашқы құрамын жасақтауға белсенді қатысатынын айтып, азаматтарды 23 тамызда дауыс беруге шақырды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сайлаудың ашық әрі әділ өтуі қоғамның жаңа Құрылтайға деген сенімін қалыптастырудағы негізгі фактор екенін атап өтті. Партия өкілдері әділ саяси бәсеке қамтамасыз етілуі тиіс екенін жеткізді.

«Ауыл» партиясы да сайлау процесіне қатысуға әзір екенін мәлімдеді. Жақын уақытта партия съезі өтіп, сайлауалды бағдарламасы бекітіледі. 

«Байтақ» партиясы Құрылтай сайлауы жаңартылған парламенттік модельдің жұмысын бастайтын маңызды қадам болатынын мәлімдеді. Партия өкілдері мемлекетке халықтың мүддесін қорғайтын кәсіби әрі жауапты депутаттар қажет екенін айтып, сайлауға қатысуға дайын екендерін жеткізді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар