Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский Ресей әскері Брянск облысы арқылы Чернигов облысына қайта басып кіруі мүмкін екенін айтты. Ол бұл пікірін «1+1» телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Сұхбат 30-маусым күні кешке жарияланды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Сырский қазіргі уақытта Беларусь бағытында ауқымды деңгейде Ресей әскерінің шоғырланғаны байқалмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей билігі Киевке қайта шабуыл жасау мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
«Бізге белгілі мәлімет бойынша, Владимир Путин Ресейдің Әскери Бас штабына шабуыл операциясын жүргізудің түрлі нұсқаларын әзірлеуді тапсырған. Соның ішінде Беларусь аумағы арқылы Киевті басып алу мүмкіндігін де қарастыру керектігін айтқан», – дейді Александр Сырский.
Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский бұл сценарийлердің жүзеге асу ықтималдығын жоғары емес дейді. «Соңғы оқиғаларды ескере отырып, Беларусь басшылығы өз аумағын агрессордың шабуыл операциясын жүргізетін плацдармы ретінде пайдалануға келіседі деп ойламаймын», – деді ол.
Мамыр айының ортасында Украинаның бірнеше ресми өкілі мен әскери басшылары Ресей Беларусь аумағы арқылы жаңа шабуылға дайындалып жатуы мүмкін екенін, оған Беларусь әскері де қатысуы ықтимал екенін мәлімдеген болатын. Алайда Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский ең ықтимал сценарий ретінде Ресейдің Брянск облысы арқылы солтүстік бағыттан шабуыл жасау нұсқасын атауда.
«Ресейдің Брянск облысы аумағынан солтүстік бағытта шабуыл жасауға дайындық әрекеті байқалады. Бұл шынайы сценарий, сондықтан да біз оған дайындалып жатырмыз», – деді Сырский.
Сырскийдің айтуынша, мұндай шабуылдың негізгі мақсаты – Украина шекарасына жақын аумақтардың бір бөлігін басып алу және Украина Қарулы күштерін елдің шығысындағы майдан шебінен басқа бағытқа алаңдату болуы мүмкін.
Сонымен бірге ол Украинаның солтүстігіндегі жер бедері кең ауқымды шабуыл операцияларын жүргізуге қолайсыз екенін атап өтті. Бұл өңірде батпақты аумақтар көп, жолдар аз және ауыр бронетехниканың өтуіне жарамды көпірлер жоқтың қасы. Алайда аймақтың қалың орман алқаптары диверсиялық операциялар жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.
Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Беларусь аумағында, Украинамен шекара бойында орналасқан дрондарды бағыттауға арналған ретрансляторлар мәселесіне де тоқталды.
Украина билігінің мәліметінше, Ресей әскері бұл ретрансляторларды ұзақ уақыт бойы «Шахед» («Герань») үлгісіндегі алыс қашықтыққа соққы жасайтын дрондарды онлайн режимде басқару үшін пайдаланып келген. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Беларусьтің Гомель және Брест облыстарында төрт дрон ретрансляторы орналасқан. Ресей осы құрылғылардың көмегімен «Коростень–Ковель» маңызды теміржол желісіне, сондай-ақ Житомир, Ровно және Волынь облыстарындағы нысандарға шабуыл жасап келген.
19-маусымда Зеленский Беларусь басшысы Александр Лукашенкоға ультиматум қойып, ретрансляторларды алып тастауға бір апта уақыт бергенін мәлімдеді. Егер бұл талап орындалмаса, мәселені Украина өз күшімен шешетінін ескертті.
24-маусымда Украина президенті бұқаралық ақпарат құралдарына Беларусь тарапының ретрансляторларды өшіргенін хабарлады. «22-маусымнан бастап Беларусь аумағындағы ретрансляторлар жұмысын тоқтатты. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз, жағдайды мұқият қадағалап, күн сайын есеп алып отырмын. Ең бастысы қазір бұл ретрансляторлар жұмыс істемейді», – деді Зеленский.
Ал 30-маусымда жарияланған сұхбатында Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский Украинада бұл ретрансляторлардың жұмыс істеуіне жол бермеуге жеткілікті күш пен мүмкіндік бар екенін айтты. Сырский Украина Қарулы күштері ретрансляторлардың жұмысын түбегейлі тоқтату үшін нақты қандай әрекет жасайтынын ашып айтудан бас тартты.
Mezgil.kz