2026 жылдың 15-наурызында жалпыхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, 1-шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ауқымды конституциялық реформалардың бірі саналады. Жаңа конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, билік тармақтарының құрылымын, азаматтардың құқықтарын және мемлекеттік институттардың жұмыс істеу тәртібін қайта айқындады.

Конституция жобасы бірнеше ай бойы қоғамдық талқылаудан өтті. Арнайы құрылған Конституциялық комиссия азаматтардан, сарапшылардан, ғылыми қауымдастықтан және қоғамдық ұйымдардан түскен мыңдаған ұсынысты қарап, олардың елеулі бөлігін құжатқа енгізді.
Жаңа Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік басқару жүйесінің жаңаруы. Елде вице-президент лауазымы қайта енгізілді. Сонымен қатар Парламенттің құрылымы өзгертіліп, оның құрамы қысқартылды. Жаңа заң шығарушы орган Құрылтай деп аталады. Ал қос палаталы жүйе тарих қойнауына кетті. Құрылтайда Сенат болмайды.
Конституция азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін де кеңейтті. Жаңа құжатта қоғамдық талқылаулардың рөлі күшейтіліп, азаматтардың заң жобаларын талқылауға қатысуына арналған тетіктер нақтыланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігіне қойылатын талаптар күшейтілді.
Әлеуметтік бағыттағы өзгерістер де назардан тыс қалған жоқ. Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және заң алдындағы теңдік қағидаттары жаңа редакцияда нақтырақ бекітілді. Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтардың құқықтық кепілдіктеріне ерекше мән берілді.
Жаңа Конституцияның қабылдануы көптеген заңнамалық өзгерістерге жол ашты. Сарапшылардың мәліметінше, оны толық іске асыру үшін бірнеше жаңа конституциялық заң қабылданып, ондаған қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл құқықтық реформаның бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын көрсетеді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай арнайы үндеу жасап, Қазақстан халқын осы бір айтулы саяси оқиғамен құттықтады.
«Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз.
Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.
15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық.
Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.
Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.
Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!
Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» - дейді президент.
Mezgil.kz