Астана төрінде еліміздің саяси тарихы үшін айрықша мәні бар оқиға орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент Сенаты мен Мәжілістің соңғы бірлескен отырысы өтіп, бұл жиын екі палаталы заң шығару жүйесінің тарихына нүкте қойғандай болды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Президент өз сөзінде бұл сәттің сииволикалық тұрғыдан маңызды екенін атап өтті, себебі шілденің алғашқы күнінен бастап мемлекетті басқару мен билік жүйесін түбегейлі жаңғыртуды көздейтін жаңа Конституциялық реформа күшіне енбек.
Президент өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің институционалдық моделі мемлекеттілігімізді нығайтуға, құқықтық іргетасты қалауға және нарықтық экономиканы жолға қоюға сүбелі үлес қосқанын баса айтты. Осы уақыт аралығында ұлттық мүдде үшін өте маңызды 3,5 мыңға жуық заңдық актілер қабылданыпты. Оның әрбір оныншысы тікелей депутаттардың бастамасымен өмірге келген. Әсіресе, соңғы үш жылдың өзінде маңызы өте жоғары 300-ден астам заң өмірге келді. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Заң шығарушы органдардың қалыптасу жолында есімі елге танымал ірі саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері белсенді қызмет етті. Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгі соңғы бірлескен жиын тек Парламенттің кезекті сессиясын түйіндеп қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның шежіресіндегі тұтас бір дәуірдің аяқталғанын білдіреді. Еліміз дамудың тың кезеңіне қадам басып отыр.
Парламент өз қызметінде заманның ағымына тез бейімделе білген, халықтың сұранысын жіті түсінетін және қоғам мүддесіне дер кезінде үн қататын сындарлы құрылым ретінде көрінді. Биік парламенттік мәдениет қалыптастыру – Қазақстанның даму деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі болды.
Реформаға сәйкес, бұрынғы екі палаталы құрылымның орнына Құрылтай келеді. Ол биыл 1 қыркүйектен бастап өз жұмысына ресми түрде кіріспек. Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа өкілді орган ашық жалпыұлттық диалогтың алтын көпіріне айналуы тиіс. Ол қоғамдағы мәселелерге жедел ден қойып, заң жобаларын дайындау кезінде озық цифрлық технологияларды кеңінен қолдануы қажет. Сонымен қатар, енді Халық кеңесі атты жаңа конституциялық орган жасақталады. Оның қатарына мәслихаттардың өкілдері, қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері енеді. Бұл құрылым заң шығару бастамасымен шығу құқығына ие болады және бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген функцияларды өз мойнына алады.
Президент өз сөзінде Парламенттің барлық шақырылымдағы депутаттарына осы жылдардағы қажырлы еңбегі үшін зор ризашылығын білдірді. Әсіресе, қазіргі Парламент құрамын ерекше атап өтіп, оны Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қуатты әрі салмақты құрамдардың бірі деп бағалады.
Парламенттің қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, оның жүріп өткен жолына куә боламыз. Мәселен, 1996 жылдан бастап Республика Президенті Сенаттың бірқатар депутаттарын тағайындап келді. Бастапқыда олардың саны 7 болса, 2007 жылғы конституциялық реформадан кейін бұл көрсеткіш 15-ке жетті. Ал 2022 жылғы реформаға сәйкес, тағайындалатын депутаттар саны 10-ға дейін қысқартылды. Қазіргі таңда Президент Сенаттың 10 депутатын тағайындайды, оның бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен жүзеге асады.
Мәжіліс – заң шығарушы биліктің төменгі палатасы. Өткен отыз жыл ішінде Марат Оспанов, Жармахан Тұяқбай, Орал Мұхамеджанов, Аслан Мусин, Нұрлан Нығматулин, Қабиболла Жақыпов, Бақтықожа Ізмұхамбетов және Ерлан Қошанов сынды тұлғалар палата тізгінін ұстады. Бүгінде Мәжіліс құрамы 98 депутаттан тұрады, ал сайлау 2023 жылдан бастап партиялық тізім мен бір мандатты округтерді қамтитын аралас жүйе негізінде өткізілуде.
Ал Сенаттың тарихында Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Нұртай Әбіқаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қайрат Мәми, Дариға Назарбаева және Мәулен Әшімбаев сияқты қайраткерлер палата төрағасы қызметін атқарды. Сенаттың тұрақты құрамы 50 депутаттан тұрады. Оның ішінде 40 депутат облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан жанама сайлау жолымен сайланса, 10-ы Президенттің жарлығымен тағайындалады. Осылайша, Парламент өзінің тарихи миссиясын орындап, жаңа даму белесіне қарай қадам басты.
Mezgil.kz