Бүгін «Жас Алаш» газетінде ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Біздің идеология – Ата заң» атты ауқымды мақаласы жарық көрді. Бұл еңбек – еліміздің ішкі саясатындағы түбегейлі өзгерістерді саралап, мемлекеттілігіміздің жаңа белесін айқындап берген саяси құжат іспетті.

(Сурет: akorda.kz)
Мақаланың негізгі өзегі – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезең. Автор атап өткендей, мемлекетіміз бұрынғы орталықтандырылған билік жүйесінен бас тартып, мүлдем жаңа модельге бет бұрды. Ел тарихында тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай, Вице-Президент институты және Қазақстан Халық Кеңесі сынды жаңа тетіктер іске қосылуда. Бұл – тек институттардың ауысуы емес, бұл – саяси мәдениеттің жаңа деңгейі.
Ерлан Қарин бұл өзгерістерді «Жаңа Өрлеу» кезеңі деп бағалайды. Мәселен, лауазымды тұлғалардың қызмет мерзімін шектеу, конституциялық өзгерістерді тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау – билік пен халық арасындағы жаңа келісімнің көрінісі.
«Бұл іргелі өзгерістердің басы ғана. Алдағы уақытта Құрылтайға, Қазақстан Халық Кеңесіне, одан кейін болашақта жергілікті мәслихаттарға отаншыл азаматтардың жаңа буыны келеді. Олар жаңа ұғымдар мен тәсілдерді алға шығарады», – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.
Бұрынғы жылдары қоғамда «Біздің идеологиямыз қандай?» деген сұрақ жиі қойылатын. Автор мұның себебін 1995 жылғы Ата Заңның посткеңестік кезеңнің талаптарымен жазылғанынан іздейді. Ал бүгінгі жаңа Конституция – ұлттың тарихи тамыры мен болашаққа деген сенімін біріктірген идеологиялық код.
«Біздің идеология – Ата заң. Ол – өмір салтымызды, бірегейлігімізді, бағыт-бағдарымызды көрсететін құжат», – деді Ерлан Қарин.
Мақалада Конституцияның преамбуласына тарихи-мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғау, әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз ету сынды тың нормалардың енгізілуі – ұлттық болмысымызды бекемдеу жолындағы маңызды қадам екені айтылады.
Мемлекеттік кеңесші мақаласында Президент реформаларының ең басты жемісі – қоғамдық сананың жаңғыруы екеніне тоқталады. Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» мен «Заң және Тәртіп» ұғымдары жай ғана ұран емес, қоғамдық өмірдің өлшеміне айналып келеді.
«Президент реформаларының ең үлкен жемісі – институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс», – дейді Ерлан Қарин.
Автор Ономастика саласындағы, ескерткіштер қою мен ведомстволық наградаларды реттеудегі қатаң тәртіпті мысалға келтіреді. Мұның бәрі – бұрынғы жүйесіздікті тыйып, қоғамдағы құндылықтар иерархиясын қалпына келтіру үшін жасалған шаралар.
Мақаланың маңызды бөлігі – қоғамдық этика. Ерлан Қарин қоғамдағы дау-дамайлардың түп-төркіні көбіне мәдениетсіздік пен сауатсыздыққа келіп тірелетінін ашық жазады. Сондықтан, идеологиялық жұмыстың басты бағыты – азаматтардың жеке мәдениетін көтеру.
«Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің, кез келген даудың алдын алудың бірден-бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу», – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші зиялы қауым мен ел алдында жүрген азаматтардың жауапкершілігіне ерекше тоқталады. Олардың сөзі мен ісі жастарға үлгі болуы керек.
Мақаланың соңында автор Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас» деген даналығын еске салады. Бұл – еліміздің бүгінгі саяси философиясы. Жаңа Қазақстанның мақсаты – асығыс шешімдер емес, әр қадамы сараланған, ғылым мен білімге арқа сүйеген, бәсекеге қабілетті өркениетті мемлекет құру.
«Әуелі адамгершілігі мол, таза, адал азаматты қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Ал патриотизм – соған егілетін дән», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
Бұл мақала – жай ғана мақала емес, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, әр азаматты өз тағдыры мен мемлекет тағдырына жауапкершілікпен қарауға үндейтін құнды талдау.
Mezgil.kz