1992 жыл Ресей Федерациясының қалыптасуындағы ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген ұлттық республикалар өз егемендігін кеңейтуге немесе толық тәуелсіздік алуға ұмтылды. Солардың қатарында Сібірдің оңтүстігіндегі Тыва Республикасы да болды. Бұл кезеңде Тывада ұлттық қозғалыстар күшейіп, республиканың Ресейден бөлінуі туралы идеялар ашық айтыла бастаған еді.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Тыва Ресейдің Моңғолиямен шектесетін түркі тілдес республикасы саналады. Оның қазіргі саяси мәртебесін түсіну үшін тарихқа көз жүгірткен жөн. 1921–1944 жылдары Тыва тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрді. Ол кезде мемлекет Тыва Халық Республикасы деп аталды. Бұл республиканы негізінен Кеңес Одағы мен Моңғолия ғана мойындаған болатын. 1944 жылы Тыва Кеңес Одағы құрамына енгізілді. Бұл шешім халықтық референдумсыз қабылданды. Кейін ол РКФСР құрамындағы автономиялық аймаққа айналды.
1991 жылы Кеңес Одағы құлаған соң Ресейдегі ұлттық республикалар арасында «егемендік шеруі» басталды. Татарстан, Башқұртстан, Саха (Якутия), Шешенстан сияқты аймақтар Мәскеуден барынша дербестік талап етті. Осындай саяси толқын Тываға да жетті.
1990 жылдың ақпанында Қызыл қаласында тывалық зиялылар «Хөстүг Тыва» (Тыва демократиялық қозғалысы) ұйымын құрды. Оның жетекшілерінің бірі филолог Қадыр-оол Бичелдей болды. Ұйым 1992 жылы ресми тіркелді.
Қозғалыс тыва тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық мәдениетті дамыту, республиканың экономикалық дербестігін кеңейту, Тываның саяси егемендігін күшейту, болашақта тәуелсіздік жөнінде референдум өткізу мәселесін қарастыру сиқты сұрақтарды көтеретінін айтты. Алғашқы кезде қозғалыс мәдени және әлеуметтік мәселелерді көтергенімен, уақыт өте келе оның қызметі саяси сипат ала бастады.
1992 жылғы 31-наурызда Ресей Федерациясының Федеративтік шартына қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат жаңа Ресейдің негізін қалаған маңызды келісім болатын. Тыва бұл шартқа қол қойғанымен, республика ішінде толық тәуелсіздік туралы пікірталастар тоқтаған жоқ. Керісінше, көптеген саясаткерлер Мәскеумен қатынасты тек тең құқықты мемлекет ретінде құруды жақтады.
1990–1992 жылдары Тывада этносаралық жағдай шиеленісіп тұр еді. Тывада этникалық сипаттағы кішігірім қақтығыстар да болды. Бірқатар елді мекендерде зорлық-зомбылық фактілері тіркеліп, көптеген славян тектес ұлттардың бір шоғыры өңірден көшіп кетті. Ресейдің Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелері жағдайды тұрақтандыру үшін Тываға орналастырылды.
1992 жылы тәуелсіздік мәселесі ресми түрде шешілмегенімен, республика басшылығы өз егемендігін құқықтық тұрғыдан күшейтуге кірісті. Нәтижесінде 1993 жылы Тыва Жоғарғы Кеңесі республика конституциясына ерекше норма енгізді.
Онда «егер бүкілхалықтық референдумда жұрт қолдау білдірсе, Тыва Ресей құрамынан шығуға құқылы» деген қағида бекітілді. Бұл Ресейдегі ең батыл конституциялық нормалардың бірі болды. Кейін сол жылғы жаңа Конституцияда да республиканың өзін-өзі анықтау құқығы көрініс тапты.
Бірақ Тыва тәуелсіздігін ала алмады. Оның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, Тываның экономикасы толықтай Ресей бюджетіне тәуелді еді. Екіншіден, республика сыртқы әлеммен тікелей байланыс орната алмайтын географиялық жағдайда орналасқан. Оның барлық көлік бағыттары Ресей аумағы арқылы өтеді. Үшіншіден, Мәскеу федерацияның ыдырауына жол бермеу үшін республикаларға белгілі бір дәрежеде автономия бергенімен, бөлінуге үзілді-кесілді қарсы болды. Төртіншіден, тәуелсіздік қозғалысының саяси ықпалы болғанымен, ол Шешенстандағыдай қарулы сипат алған жоқ және халықтың барлық бөлігін біріктіре алмады. Міне, осылайша Тыва тәуелсіздікке қол жеткізу жоспарын жүзеге асыра алмайтын бірнеше факторға келіп тірелді.
1992–1993 жылдары Ресей билігі Тыва мәселесін күшпен емес, келіссөздер арқылы шешуге тырысты. Сол кезеңде Мәскеу көптеген ұлттық республикаларға кең экономикалық және мәдени өкілеттіктер берді. Бұл саясат Ресей Федерациясының ыдырауына жол бермеудің бір тәсілі болды. 2000 жылдардан бастап федералдық орталық аймақтардың дербестігін біртіндеп шектей бастады. Нәтижесінде Тываның бұрынғы конституциялық ерекшеліктері де жойылып, республика Ресейдің басқа субъектілерімен бірдей құқықтық режимге көшті.
1992 жыл Тыва тарихындағы ең шешуші кезеңдердің бірі ретінде қалды. Сол уақытта республикада ұлттық сана күшейіп, тәуелсіздік мәселесі алғаш рет ресми саяси күн тәртібіне шықты.
Бүгінде Тывада 340 мың халық тұрады. Олардың басым бөлігі тывалықтар. Бұл аймақ Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысында ең көп шығынға ұшырауда. Тәуелсіз зерттеушілер соғыста кемі 9 мыңнан астам тывалықтың қаза тапқанын жазды. Украина-Ресей арасындағы соғыс тывалықтар арасындағы ұлттық сананы да серпілтуде. Бірнеше ұйым бейресми әрекет етіп, әлеуметтік желіде Ресейден бөліну идеясын ұсынуда.
Mezgil.kz