Украинаның барлау қызметі АҚШ-тың және Ұлыбританияның барлау орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Киев соғыс барысында Ресей аумағында жарылыстар ұйымдастыру, әскери қоймаларды жару, әуежайларға шабуыл жасау, ресейлік әскери қолбасшыларға қастандық ұйымдастыру, құпия ақпараттарды қолға түсіру және басқа операцияларды мүлтіксіз орындауда. Бұл Орталық барлау қызметімен (ЦРУ) байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы келген жетістік дейді сарапшылар. Бұл туралы Forbes басылымы жазды.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
2014 жылдан бастап АҚШ-тың Орталық барлау қызметі мен Украинаның барлау қызметтері тығыз байланыс орнатты. АҚШ Киевке барлау қызметін реформалауға көмектесті. Кеңестік жүйеден алшақтап, жаңа әдістерді үйретті. Қарсы барлау қызметтері АҚШ-қа тәжірибе алмасуға барды. Кейін Киевте бірнеше ресейлік тыңшы ұсталды. Қазір украин барлаушылары натолық стандартқа сай дайындықтан өткен, жаңа технологияны меңгерген, кеңестік (ресейлік) және батыстық барлау жүйелерін де білетін мамандар шоғырынан тұрады.
АҚШ Украинаға әскери көмекті беру мәселесінде кей сәтте тайқып кетсе де, барлау ақпаратын беруді бір сәт тоқтатқан емес. Бұл барлау қызметтерінің арасындағы тығыз әріптестікпен де байланысты.
Ресей 2014 жылы Қырымды басып алған сәтте, Украинаның барлау қызметіндегі орасан олқылықтар анықталды. Ресейлік тыңшылардың көптігі, барлау қызметіндегі жемқорлық және мамандардың тәжірибесінің аздығы көрінді. Киев бірден ресейлік тыңшыларды барлау қызметінен аластау операциясын Батыспен бірлесе отырып іске асырды.
2015 жылы АҚШ-тың Орталық барлау қызметі Украинадағы Қауіпсіздік қызметінің Бесінші басқармасын құруға көмектесті. Бұл басқарма қарсы барлаумен айналысады. The New Yorker басылымының мәліметінше, дәл осы басқарма оккупациядағы аймақтарда украин тыңшыларының жүйесін құруға сеп болды.
Украинаның Барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов ерекше қабілетімен көзге түскендердің бірі. 2024 жылы The Times басылымы Будановтың 2245-ші арнайы элиталық жасақта қызмет атқарғанын жазды. Жасақ 2015 жылдан бастап ОББ (ЦРУ) тығыз байланыста болды. Бұл жасақ ресейлік әскери техниканы, электронды жүйелерді қолға түсіріп, сараптама жасаумен айналысты. Буданов құпия миссиялардың бірінде жараланып, АҚШ-тағы Уолтер Рид әскери-медициналық орталығында ем алады. Кейін ол Украинаның Барлау қызметін тізгіндеді.
Ресей Қырымды оккупациялап алғаннан кейін, едел-жедел Батыста оқып, тәжірибе жинақтаған Украинаның барлаушылары бүгінде жоғары әскери лауазымдарды иемденді. Сарапшылар Украинаның Қауіпсіздік қызметі мен Барлау қызметі арасындағы бәсекелестік Ресей үшін нағыз қауіпке айналғанын айтты. Қос құрылым бәсекелесе отырып Ресейге қарсы нағыз сойқан операцияларды іске асыруда. Мысалы Барлау қызметі ресейлік қолбасшыларға қарсы операцияларды жүргізге, Қауіпсіздік қызметі «Өрмек» операциясы іспеттес атышулы шабуылдарды ұйымдастыруда.
Қазір Украинаның барлау қызметтері ресейлік энергетика жүйелері мен логистикаға соққы жасау бойынша құнды ақпараттарды жинақтауда. Ақпараттар дрондар күштері мен зымыран әскерлеріне беріледі. АҚШ-тың ОББ қызметі болса МӨЗ-дің осал тұстары мен әуе қорғаныс жүйелерін айналып өтуге қатысты құнды ақпараттар береді.
Сарапшылар Ресей агрессиясын 4 жылдан астам уақыт бойы тежеудің артында украин барлаушыларының қажырлы еңбегі жатқанын айтуда. Олар майдан даласынан бастап, оккупациялық аймақтарда, Ресей территорияларында 24/7 режимінде миссияларды орындауда.
Mezgil.kz