Маңызды сапар: Қазақстан мен Еуропа ынтымақтастықты нығайтуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барды. Қазақстан Президентінің келуіне орай Бельгия астанасының әуежайында Құрмет қарауылы сап түзеді.

1782210912363222.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Қасым-Жомарт Тоқаевты Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.

Бұл сапар барысында Еуропалық кеңестің штаб-пәтерінде Еуропа Одағының басшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды бірлескен құжатқа қол қою жоспарланған.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТІ: ОРТА ДӘЛІЗДІ КЕҢЕЙТУ...

Президент Тоқаев бастап барған Қазақстан делегациясы Брюссель форумына қатысып, оның қорытындысы бойынша еліміздің көлік-логистика саласына 462 млн доллар инвестиция тартылды.

Брюссельде «Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланысты нығайту: Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» атты халықаралық бизнес-конференция өтті. Іс-шараны Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұйымдастырды.

Конференция қорытындысы бойынша Орта дәліздің бағыттарын кеңейту мен көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жалпы құны 462 млн доллар болатын келісімдерге қол қойылды.

Негізгі уағдаластықтардың қатарында SITA компаниясы мен Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі арасында мемлекеттік әуежайларды цифрландыру және биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жөніндегі меморандум бар. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасын қаржыландыру туралы қарыз келісіміне қол қойылды.

ҚТЖ-ның еншілес компаниясы — KTZ Express Румыниядағы Мидия портында бірлескен жобаны іске асыру жөнінде Midia Marine Terminal компаниясымен келісім жасасты. Жоба Қара теңіз бағытындағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтіп, жүк өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, KTZ Express пен A.P. Moller – Maersk компаниялары ТХКБ бағыты бойынша контейнерлік тасымалды дамыту және қосымша жүк ағындарын тарту жөнінде келісімге келді.

ҚТЖ мәліметінше, Қазақстанның көлік инфрақұрылымы мен терминалдық желісін дамыту Орта дәліз арқылы жүзеге асатын тасымал көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

Брюссельде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамыту мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті. Іс-шараны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан мен Еуропалық одақ елдерінен 100-ден астам өкіл қатысуда. Олардың қатарында Еуропарламент депутаттары, Еуропалық комиссия өкілдері, халықаралық қаржы институттары мен ірі логистикалық компаниялардың басшылары бар.

Қатысушылар арасында Еуропалық инвестициялық банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ DHL Global Forwarding, DB Cargo, HHLA International, Rhenus, Hellmann Worldwide Logistics және A.P. Moller – Maersk компанияларының өкілдері бар.

Талқылаудың негізгі тақырыптары қатарында Орта дәлізді дамыту, бағыттың өткізу қабілетін арттыру, теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғырту, логистика саласын цифрландыру, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері бар.

Сонымен қатар, маршрутты Еуропалық одақтың Global Gateway бастамасымен ықпалдастыруға және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланысын кеңейтуге ерекше назар аударылуда.

ҚАЗАҚСТАН ЕУРОПА МЕН АЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ТРАНЗИТТІК ХАБ

Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен және Бельгияның Премьер-министрі Барт де Вевермен келіссөздер өткізу жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, еуропалық бизнес пен халықаралық институттардың Орта дәлізді дамытуға деген қызығушылығы артып келеді. Бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік хаб ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түседі.

ЭНЕРГЕТИКАДАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ ДЕЙІН

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бүгінде айрықша маңызға ие. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына арнаған мақаласында айтып, екіжақты қарым-қатынастың келесі кезеңін қалыптастыратын негізгі стратегиялық мақсаттарды атап өтті.

Мемлекет басшысы 2015 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылғанына он жыл толғанын еске салып, бүгінде Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.

Президенттің жазуынша, елімізде мыңдаған еуропалық компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл өз кезегінде Еуропа үшін де пайда әкеліп, Қазақстан экономикасын жаңғырту мен әртараптандыруға ықпал етуде.

«Бұл бұрын да, қазір де үлкен жетістік болып саналады. Алайда қарқынды өзгеріп жатқан әлемде мұнымен шектелуге бола ма? Менің ойымша, жоқ. Мен Брюссельге айқын мақсатпен және берік сеніммен келіп отырмын: Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан оны одан әрі нығайту қажет», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақалада Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының негізгі стратегиялық бағыттарына ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда:

– Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мақсаттары;

– Қазақстанның өңірлік байланыстырушы рөлі және оның экономикалық әлеуеті;

– Энергетикалық қауіпсіздік пен өзара сенім мәселелері;

– Көлік дәліздерінің жаһандық логистикадағы маңызы;

– Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және жаңа технологияларды дамыту бағыттары.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар