Құлаған ту, жанған күмбез, өртенген зауыт: Украина Мәскеуді қалай шабуылдауда?

2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған кезде Мәскеу тұрғындарының басым бөлігі соғыстың салдарын сезінбейтінін айтты. Майдан даласы жүздеген шақырым қашықтықта болғандықтан, Ресей астанасы қауіпсіз саналды. Алайда соңғы үш жыл ішінде жағдай түбегейлі өзгерді. Украина алғашында символдық сипаттағы жекелеген шабуылдармен шектелсе, кейін Мәскеудің әскери, энергетикалық және әкімшілік инфрақұрылымын нысанаға алған жүйелі операцияларға көшті. Соның нәтижесінде Ресей астанасы алғаш рет соғыс қаупін тікелей сезіне бастады.


ChatGPT Image 19 июн. 2026 г., 14_23_36.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

2023 жылдың 3-мамырында әлемдік БАҚ назарын аударған оқиға болды. Украинаның екі дроны Кремль аумағына жетіп, Сенат сарайының күмбезі маңында жарылды. Ресей билігі бұл оқиғаны президент Владимир Путинге қарсы жасалған қастандық әрекеті деп бағалады. Зардап шеккендер болмағанымен, бұл шабуылдың символдық маңызы өте жоғары еді. Себебі алғаш рет Ресейдің саяси билігінің жүрегі саналатын Кремльдің өзі шабуыл нысанасына айналды. Сол шабуылда Ресей туына соққы жасалды.

 

2023 жылдың 30-мамырында Мәскеуге бағытталған ауқымды дрон шабуылы жасалды. Ресей билігінің мәліметінше, кемінде сегіз дрон Мәскеуге қарай ұшырылған. Бірнеше тұрғын үй зақымданып, терезелер сынған, адамдар эвакуацияланған. Бұл оқиға Мәскеу тұрғындары үшін психологиялық тұрғыдан маңызды кезең болды. Бұған дейін соғыс тек теледидардан көрінсе, енді оның дыбысы Ресей астанасының өзінде естілді.

 

2023 жылдың шілде-тамыз айларында Украина дрондары Мәскеудің ең танымал орталығы «Москва-Сити» кешеніне бірнеше рет соққы жасады. Дрондардың бірі IQ-квартал ғимаратына соғылып, федералды министрліктер орналасқан кеңселерге зақым келтірді. Кейбір мәліметтер бойынша, шабуыл жасалған нысандар арасында әскери құрылымдармен және арнайы қызметтермен байланысты кеңселер де болған. Сонымен қатар Внуково әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылды.

 

2023 жылдың екінші жартысынан бастап Мәскеудің негізгі әуежайлары – Внуково, Домодедово, Шереметьево және Жуковский бірнеше рет жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Дрон қаупіне байланысты рейстер кейінге шегеріліп, ондаған мың жолаушы қиындыққа тап болды. Бұл жағдай Ресейдің көлік және логистикалық жүйесіне қосымша қысым түсірді.

 

2024 жылдың 10-қарашасында Мәскеуге бағытталған ең ауқымды шабуылдардың бірі тіркелді. Ресей Қорғаныс министрлігі астана маңында 34 украин дронын атып түсіргенін хабарлады. Үш ірі әуежай уақытша жабылып, кемінде бір адам жарақат алды. Сарапшылар бұл шабуылды соғыс басталғалы Мәскеуге жасалған ең ауқымды операциялардың бірі деп бағалады. Алайда нағыз ауқымды шабуылдар Мәскеуді алда күтіп тұр еді.

 

2025 жылы Украина Мәскеуге және Ресейдің ішкі аймақтарына бағытталған соққылардың қарқынын едәуір арттырды. Ашық деректер бойынша, кейбір операцияларда 300-ден астам дрон пайдаланылған. Нысаналар қатарында әскери қоймалар, мұнай базалары, әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындар және энергетикалық инфрақұрылым болды. Сарапшылар бұл кезеңде Украинаның стратегиясы өзгергенін атап өтті. Негізгі мақсат символдық нысандар емес, Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін әлсірететін объектілерге соққы беру болды.

 

2026 жылдың 18-маусымында Украина Мәскеуге қарсы ең ірі операциялардың бірін жүзеге асырды. Ресей деректері бойынша, Мәскеу бағытына қарай шамамен 190–200 дрон ұшырылған. Негізгі нысана Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауыты болды. Бұл кәсіпорын Мәскеудің бензин қажеттілігінің шамамен 40 пайызын және дизель отынының жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Шабуыл салдарынан бірнеше технологиялық қондырғы зақымданып, алапат өрт шықты. Кемінде 17 адам жараланғаны хабарланды. Мәскеудің өзге де нысандары отқа оранды. Қаланың бір бөлігін қара түтін басты. Ал әлеуметтік желілерде мыңдаған видео жарияланды.

 

Бұл шабуыл Украина дрондарының Ресейдің көп қабатты әуе қорғаныс жүйесін айналып өте алатынын көрсетті. Сарапшылар оны Мәскеуге жасалған ең маңызды соққылардың бірі деп бағалауда.

 

Украина Мәскеуге шабуыл жасау арқылы бірнеше негізгі мақсатты көздейді. Біріншіден, Ресей қоғамына соғыстың салдарын сезіндіру. Екіншіден, мұнай өңдеу зауыттары мен әскери кәсіпорындарға соққы беру арқылы Ресейдің әскери әлеуетін әлсірету. Үшіншіден, Мәскеудің әуе қорғаныс жүйесін үнемі қысымда ұстап, Ресейді қымбат ресурстарын ішкі қорғанысқа жұмсауға мәжбүрлеу.

 

Мамандар алдағы уақытта Украинаның шабуылдары тіпті ауқымды бола түсуі ықтимал дейді. Киев алыс қашықтыққа соққы жасайтын дрондарды дамытуда. Сонымен бірге, баллистикалық зымырандарды жасау, сатып алу көлемін де арттыратынын мәлімдеді. Бұл сөзсіз Мәскеуге жасалатын шабуылдар қарқынын арттыра түспек.


Mezgil.kz




Сәйкес тақырыптар