Жер астындағы ажал: Мыңдаған бала мен ана көз жұмуда!

Миналар мен кассеталық оқ-дәрілер мониторингінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы түрлі соғыстан қалған миналардың салдарынан әлем елдерінде 945 адам қаза тауып, тағы 4325 адам жараланған. Бұл туралы БҰҰ-ның ресми мәлімдемесінде де жазылған.


ChatGPT Image 17 июн. 2026 г., 13_56_07.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қазіргі уақытта кемінде 58 мемлекет аумағында жаяу әскерге қарсы миналар қойылған алқаптар бар дейді. Бейбіт тұрғындар арасындағы ең көп шығын Мьянмада, Сирияда, Ауғанстанда және Украинада тіркелген.

 

«Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу туралы Конвенция қабылданғанына шамамен 30 жыл өтсе де, жарылғыш құрылғылардың адамдарды әлі күнге дейін өлтіріп, мүгедек етуі жалғасуда. Миналар ұзақ жылдар бойы қауіп төндіреді. Кейбірі ондаған жыл өткен соң жарылуы мүмкін»,– делінген сарапшы Фолькер Тюрктің мәлімдемесінде.

 

Landmine and Cluster Munition Monitor жобасының есебіне сәйкес, тек 2024 жылдың өзінде миналар мен жарылмаған оқ-дәрілер кемінде 945 адамның өмірін қиып, тағы 4325 адамды жаралаған. Олардың 90 пайызы бейбіт тұрғын саналады. Соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттардың үлесі басым. 2024 жылы қаза тапқандар мен жараланғандардың ең көбі Мьянмада (2029 адам) және Сирияда (1015 адам) тіркелді. Одан кейінгі тізімде Ауғанстан (624 адам) тұр. Украина, Нигерия, Мали, Йемен және Буркина-Фасо елдерінің әрбірінде кемі 200-ден астам адам зардап шеккен.

 

Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу жөніндегі халықаралық қозғалыстың жеке мәлімдемесінде 2025 жылы миналар мен жарылмаған оқ-дәрілердің, соның ішінде кассеталық оқ-дәрілердің салдарынан 5000-нан астам адамның қаза тапқаны немесе жараланғаны жазылған. Зардап шеккендердің басым бөлігі бейбіт тұрғындар.

 

Фолькер Тюрктің мәліметінше, 1999 жылдан бері жаяу әскерге қарсы миналар құрбандарының 40 пайыздан астамын балалар құрайды. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, миналар адамдарды өлтіріп, мүгедек етумен қатар, тұтас өңірлерді қауіпті әрі қолжетімсіз аймақтарға айналдырады. Салдарынан мәжбүрлі қоныс аударушылардың саны артады және ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер аумағы тарылады.

 

Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салатын Оттава конвенциясын 162 мемлекет ратификациялағанымен, миналардың ірі қорына ие бірқатар елдер әлі күнге дейін бұл конвенцияға қосылмады. Соңғы уақытта Эстония, Финляндия, Латвия, Литва және Польша Ресейден төнетін қауіпке байланысты конвенциядан шыққанын айтты. Ал Украина өз аумағын «соғыс ережесін сақтамайтын агрессордан» қорғап жатқанын айтып, конвенция талаптарын орындауды уақытша тоқтатты. Handicap International халықаралық ұйымы соғыс жүріп жатқан кезде конвенциядан шығу мүмкін емес деп мәлімдеді.

 

1997 жылы Handicap International ұйымы Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу жөніндегі халықаралық қозғалыс аясында бес жыл бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Нобель бейбітшілік сыйлығын алды. Аталған қозғалыстың қызметі Оттава келісімінің қабылдануына алып келді. 4-сәуір күні ұйым өз сыйлығының көшірмесін бес бөлікке бөліп, наразылық акциясын өткізді. Әр бөлік Еуропалық Одақтың шығыс қанатындағы келісімнен шыққан бес елдің бірін бейнелейді. Бөліктер аталған мемлекеттердің басшыларына, сыртқы істер және қорғаныс министрлеріне жіберілді.

 

«Бұл жағдайда негізгі жауапкершілік Ресейге жүктеледі. Бірқатар елдердің конвенциядан шығуы қауіпсіздік мәселелерімен және Ресейден төнетін қауіп-қатермен байланысты болып отыр. Конвенцияға қатыспайтын Ресей Украинада жаяу әскерге қарсы миналарды кеңінен қолдануда, оның ішінде шабуыл мақсатында да миналарды қисапсыз көлемде қолдануда. Бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға халықтың қайтып келуіне кедергі жасау үшін де миналарды пайдалануда. Бұл халықаралық және гуманитарлық құқықтың негізгі нормаларын өрескел бұзу болып саналады», – дейді сарапшылар.

 

Бірқатар елдер керісінше конвенцияға қосылуды құп көруде. Мысалы Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыс жалғасып жатқанына қарамастан, Ливанның Оттава конвенциясына қосылу жөніндегі жақында қабылдаған шешімін көптеген ұйым қолдады.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар