Украина үшін таптырмас ұшақ: Gripen-нің артықшылығы неде? Ресей ұшақтарын ығыстыра ала ма?

Швеция жақында Украинаға 16 дана Gripen жойғыш ұшағын беретінін мәлімдеді. Сарапшылар бұл ұшақтар Украинаның әуе қорғанысын күшейтіп, ұрыс даласынан ресейлік ұшақтарды ығыстырып шығаруға сеп болуы мүмкін деп болжайды.


ChatGPT Image 16 июн. 2026 г., 13_03_21.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Швеция үкіметінің мәліметінше, ұшақтармен бірге Meteor зымырандары да жеткізілуі мүмкін. Алыс қашықтыққа соққы жасауға арналған бұл «әуе-әуе» санатындағы зымырандар ресейлік жойғыш ұшақтарды оккупациядағы аймақтан тықсырып тастауға қабілетті. Ұлыбританиядағы Корольдік қорғаныс зерттеулері институтының әскери авиация жөніндегі сарапшысы Кристоф Бергстің ойынша бұл зымырандар Ресейдің Су-34 секілді жойғыш ұшақтарын тежеу үшін қажет болмақ.

 

Ресейдің Су-34 жойғыш-бомбалаушы ұшақтары Украинаның оккупациядағы аумағына кіріп, 60–100 шақырымға дейін ұшатын қанатты бомбаларды тастауда. Бұл бомбалар Донбасс, Херсон, Харьков, Запорож аймақтарындағы қалалар мен қорғаныс позицияларына түсуде. Ресей әскерінің алға жылжуы ресейлік ұшақтардың дәл осы бомбаларды жиі қолдануымен де түсіндірілуде. Украина бұл бомбаларды қағып түсіруде қиындықтарға тап болуда. Ал Ресей тарапы аталған арзан бомбаларды (КАБ, ФАБ) шығаруды арттырып, аптасына жүздеген данасын тастауда.

 

Украина үшін бомбалаушы ресейлік ұшақтарды майдан даласынан шегіндіру маңызды саналады. Қазіргі таңда, Киевте ресейлік ұшақтарды алыстан атқылайтын әуе-әуе санатындағы зымырандар жоқтың қасы. «Қазіргі уақытта Украина әуе күштерінің арсеналындағы зымырандардың ұшу қашықтығы ресейлік бомбалаушы ұшақтарды жоюға жеткіліксіз. Оларды ату үшін Украина ұшақтары Ресейдің алыс радиусты әуе қорғаныс жүйелерінің қауіпті аймағына кіруге мәжбүр болуда», – дейді сарапшы Бергс.

 

Ал ұшу қашықтығы 100 шақырымнан асатын Meteor зымырандары Украинаға жаңа мүмкіндіктер терезесін ашар еді. Ресейлік ұшқыштар аталмыш зымыраннан қауіптеніп, Украинаның оккупаиялық аймағына кіруді азайтып, қанатты бомбаларды қолдану мүмкіндіктері тарылар еді.  

 

Meteor зымырандары Gripen ұшақтарымен бірге жеткізіле ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Қазір келіссөздер жабық форматта өтуде. Соған қарамастан, Gripen ұшақтары Ресейдің зымырандары мен дрондарын жоюға сеп болар еді. Стокгольм бұл ұшақтар Украинаға 2027 жылдың басына қарай берілетінін мәлімдеді.

 

Көптеген әскери сарапшылар Gripen-ді Украина үшін әуе соғысын жүргізуге ең қолайлы ұшақтардың бірі деп санайды. Ұшақтың басты артықшылықтары – пайдалану шығындарының салыстырмалы түрде төмен болуы және басқарудың қарапайымдылығы. Gripen ұшағын меңгеру оңай. Сарапшылардың сөзінше, ағылшын тілін меңгерген тәжірибелі ұшқышты бұл ұшақта жауынгерлік тапсырмалар орындауға небәрі 3-4 айда дайындауға болады. Ал америкалық F-16 жойғыш ұшағын меңгеру үшін кемінде 6-18 ай қажет.

 

Gripen – швед тілінде арыстан мен қыранның қосындысы ретінде бейнеленетін мифологиялық мақұлық «грифонды» білдіреді. Ұшақ қырғи-қабақ соғыс кезеңінде Швеция аумағын қорғау мақсатында жасалды. Ал Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Швеция НАТО-ға қосылған болатын.

 

Швецияның әскери жоспарлаушылары кез келген ірі қақтығыстың алғашқы кезеңінде үлкен әуе базалары шабуыл нысанасына айналады деп есептейді. Сондықтан Gripen ұшақтарынің басым бөлігі жол бойындағы уақытша базаларда орналастырылған. Ұшақтар автомагистральдардың арнайы учаскелерінен ұшып көтерілуге, шағын техникалық топтардың күшімен тез жанармай құйылып, қайта қаруландырылуға бейімделіп жасалған. Бұл туралы ұшақты өндіруші SAAB компаниясы хабарлаған болатын.

 

Gripen-нің тағы бір ерекшелігі – ұзындығы небәрі 400 метр болатын сапасы нашарлау ұшу жолақтарынан ұшып-қона алады. Жауынгерлік тапсырмадан оралған ұшаққа бес адамнан тұратын топ 10–15 минут ішінде жанармай құйып, қару-жарағын қайта жабдықтай алады. Бұл Украина үшін таптырмас ұшақ деген сөз. Ресей Украинаның әуежайларын ұдайы соққы астына алуда. Мұндай сәтте Украина Gripen ұшақтарын әуежайдан тыс аумақтарға орналастырып, автомагистральдардың арнайы учаскелерінен ұшырып, ұрыс даласына жіберу мүмкіндігіне ие болар еді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар