Қираған үй, 20 литр су, жәндіктер мен кеміргіштер: Газа халқы қалай күн көруде?

Газадағы соғысты тоқтатуға қатысты Трамп ұсынған келісім ұрыс қимылдарының қарқынын азайтты. «Бейбітшілік кеңесі» өз жұмысын бастады. Израиль ұшақтарының Газаны бомбалауы еселеп азайып, гуманитарлық көмек кіргізу жиілігі артты. Алайда Газадағы жағдай әлі де тым ауыр. Газаға әлі күнге дейін бітімгерлік күштері де, Палестина әкімшілігінің күштік құрылымдары да кірген жоқ. Ал ХАМАС қаруын тастау бойынша келісім мерзімін созумен келеді. Израиль Газаның тең жартысын өз бақылауына алған. Иран мен АҚШ арасындағы текетірес, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен Украина-Ресей соғысына байланысты Газа тасада қалды.


ChatGPT Image 15 июн. 2026 г., 14_12_05.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

The Insider басылымы Газадағы жағдайға қатысты сараптама жазды. Басылым Газадағы Нүсейрет қалашығында тұратын Әбди Мусалламнан пікір алған. Оның жасы 32-де. Мамандығы дәрігер. Нүсейрет аймағын Израиль бірнеше мәрте бомбалаған. Алайда Мусалламның үйі соққыдан аман қалды. Бұл аймақта әлемдегі ең үлкен босқындар лагерінің бірі орналасқан. Мусаллам қазіргі таңда Газада интернеттің жылдамдығы артқанын айтты. «Адамдар саясатпен, сөз бостандығы немесе руханиятпен бас қатырмайды. Қазір халықтың бәрі аман қалудың жолын іздеуде. Су, тамақ, жұмыс іздеп жүр», - дейді ол.

 

Трамптың жоспарына сәйкес Израиль Газаның бірқатар аймағынан өз әскерін әкетті. ХАМАС Израильге тірі қалған тұтқындарды босатып, қаза тапқан тұтқындардың денесін қайтарды. Өткен жылдың қарашасында БҰҰ Трамптың Газаға қатысты жоспарын қолдап, нөмір 2803 қарарды бекітті. Ол бойынша Газа секторын қалпына келтіру, ХАМАС-ты толық қарусыздандыру, халықаралық бітімгерлік күштерін кіргізу, Газаны басқаруды халықаралық құрылым мен Палестина әкімшілігіне беру қарастырылған еді. Бұл жоспар әлі күнге дейін толық іске асқан жоқ.

 

Қазір Газада ұрысты тоқтату режимі енгізілген. Газа секторын «сары сызық» екіге бөліп тұр. Израиль әскері Газаны қоршап, шығыс бөлігін өз бақылауына алған. Ал ХАМАС жасақтары Газаның батыс бөлігін бақылауда.

 

Маусым айының басында Израиль Газаның 60%-ын өз бақылауына алғанын айтты. 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың мамырына дейін Израиль Газаның қосымша 10%-ын өз бақылауына алған. ЦАХАЛ Газаны бақылайтын аймақта туннельдерді жойып, әскери қоймалар мен ғимараттарды жаруды іске асыруда. Сонымен бірге, ХАМАС-тың қолбасшыларына да әуеден соққы жасап, ондаған жасақтың басшысын жойғанын айтты. ХАМАС Израильдің әрекетін «келісімді бұзу және геноцидті жалғастыру» деп атауда. 

 

21-мамыр күні «Бейбітшілік кеңесінің» өкілі Николай Младенов Газадағы жағдайға қатысты қысқаша баяндама жасады. Ол Газада 80 пайызға жуық ғимарат толық немесе жартылай қирағанын айтты. Ал аймақта 70 млн тоннаға жуық үйінді барын мәлімдеді. Мәлімет бойынша Газада миллионнан астам адам босқындар лагерьлері мен шатырларда өмір сүруде.

 

The Insider басылымының мәліметінше, босқындардың басым бөлігі Хан-Жүністің батыс бөлігі мен Газаның орталық бөлігінде тұрады. Олар мектептерде, шатырлы лагерьлерде және медициналық орталықтар маңына тұрақтаған.

 

Газадағы босқындардың жағдайы тым ауыр. Ыстық ауа райында гигиена сақтау мүмкіндігі жоқ. Таза су жетіспейді. Лагерь аумағында кеміргіштер мен зиянкес жәндіктер көп. Электр энергиясы ұдайы өшіріледі. Аймақ тұрғындары қираған үйлерін қалпына келтіруге тырысуда. Кейбірі ұрыс қимылдары тоқтаған сәтте, жөндеу жұмыстарын іске асыруды ойластыруда. Алайда Газаға құрылыс материалдарын кіргізуге шектеу қойылған. Израиль «құрылыс материалдары Газаға кіргізілсе, ХАМАС туннельдерді қайта салуды бастайды» деген оймен аймаққа құрылыс материалдарын өткізбейтінін айтты.

 

Газада гуманитарлық көмекті алушылар саны 2 миллион адамға жеткен. Гуманитарлық көмекті БАПОР мен еріктілер қозғалыстары таратуда. Соған қарамастан азық-түлік тапшылығы әлі де байқалады. Ал медициналық орталықтарда қажетті дәрі-дәрмектің басым бөлігі жоқ. Гуманитарлық ұйымдар күн сайын әр отбасыға 20 литрге жуық су үлестіруде.

 

Сарапшылар Газада алып сатарлардың дәурені жүріп тұрғанын айтуда. «Олар шекараның жабылып, қажетті азық-түліктің қымбаттауын күтеді. Артынша бағаны еселеп көтеріп, тауарын сатады», - дейді Газа тұрғыны Наджи Есеп.

 

Аймақта жұмыс жоқтың қасы. Гуманитарлық ұйым өкілдері, медициналық орталықта дәрігерлер күні-түні жұмыс істеуде. Ал жұмысқа қабілетті 80 пайыз адам гуманитарлық көмекпен күн кешуде. Кей мектептер әлі де білім беруді жалғастыруда. Бірақ олардың саны тым аз. Қазір босқындар лагерьлерінде білім беру ошақтары ашылуда. Дей-тұра, ол толыққанды сипаттағы мектепті алмастыра алмайды.

 

Газадан кетуді қалайтындар саны күн санап артуда дейді мамандар. Алайда аймақтан кету оңай емес. Ұрыс қимылдары тоқтағанға қарамастан, үш өткізу бекетінің біреуі ғана ашық. Ол Газа мен Мысыр арасындағы «Рафах» бекеті. Дегенмен бұл бекеттегі тексеріс пен Мысыр шекарасындағы тексерістен он адамның біреуі ғана өте алады. Газадан кету үшін арнайы рұқсат алу керек. Ал Израиль тарапы кетушінің ХАМАС-қа қатысы бар-жоқтығын мұқият тексереді. ХАМАС жасақтары да Газадан халықтың кетуін қаламайды.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар