Кезек Приднестровье мен Ғағауызда: Ресей Молдова жеріне ауыз сала ма?

Күні кеше Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: «Приднестровье мен Ғағауыз Ресейді өздерінің «қорғаушысы» деп санайды», - деп мәлімдеді.

1781258355993082.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Бұл анығы – бұрыннан ешкімге құпия сөз емес еді. Өйткені – Молдованың «бүлікші» аймақтары саналатын – Приднестровье мен Ғағауыздың аймақтық басшылары Мәскеуге жиі барып, ақыл-кеңес сұрап, оған қоса қаржылай қолдау алып өмір сүріп келеді. Бұл қылмыстары әшкере болғанда, Кишинев тарапынан заң шеңберінде жауапқа да тартылған.

Енді міне, Еуропалық бағытты айқын ұстанып, еуроинтеграция жолына бет бұрған Молдоваға Ресей тарапынан ашық бопсалау айтыла бастапты. Оны айтқан Ресейдегі көбік ауыз көп саясаткердің бірі емес, Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. Яғни, Ресей билігінің сыртқы дипломатияға тікелей жауапты органның лауазымды адамы.

ЗАХАРОВА НЕ ДЕЙДІ?

РФ СІМ-нің баспасөз хатшысы Мария Захарова Молдованың Ғағауыз және Приднестровье аймақтарының «сыртқы саяси басымдықтары басқа» екенін және олар өздерін Румынияның да, ЕО-ның да құрамында көрмейтінін мәлімдеді.

«Ол аймақтардың тұрғындары Ресеймен барынша тығыз, өзара тиімді қарым-қатынасты сақтауға ұмтылады. Сондай-ақ, олардың ішінде көбінің Ресей азаматтығы бар. Олар Ресейді өздерінің қорғаушысы деп есептейді», - дейді Захарова.

Мария Захарованың бұл айтқандары ашық соғысты меңземесе де, Ресейдің Молдова жерлеріне көз сұға қарайтынын, егер Кишинев Мәскеуге арқасын берсе, әлгі бүлікші аймақтар – Ғағауыз бен Приднестровьеге таласатынын, ондағы Ресей паспортының иелердің «құқықтарын қорғауға» білек сыбана кірісетінін ымдайды.

КИШИНЕВТІҢ КЕСІП АЙТҚАН ЖАУАБЫ

Захарованың зәрлі-запыранды сөздеріне Молдова парламентінің спикері Игорь Гросу жауап беріп, Молдва билігінің бұндай арандатуларға батыл тұратынын және елдің ішкі ісіне Мәскеудің араласуына жол бермейтінін айтқан.

«Ресейдегі басшы-қосшылар әуелі өздерін құтқарып, өз құқықтарын қорғап алсын. Ресей Ғағауыз автономиясын немесе Приднестровьені құтқармақ болса, бұл аймақтардың соңында қандай жағдайға тап болатынын өздеріңіз көріп отырсыздар. Ресей Украинадан «құтқарып қалған» аймақтар қалай күн кешіп жатыр, қараңыздар. «Орыс әлемі» құрып жатқан немесе насихаттап жатқан, шіріген әрі ностальгияға толы мемлекеттік модель тек өлім әкеледі», - деп кесіп айтты.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар