Әлемде соғыстар мен қақтығыстар артуда. Норвегияның Бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты (PRIO) жариялаған қарулы қақтығыстарға арналған жыл сайынғы шолуында 2025 жылы мемлекеттік деңгейдегі қақтығыстар саны 1946 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткені айтылған. Қаза тапқандардың жалпы саны бойынша өткен жыл тек 1994 жылдан (Руандадағы геноцидтің ең қызған шағы) және 2021 жылдан (Эфиопиядағы азаматтық соғыстың шарықтау кезеңі) кейін тұр. Қазіргі уақытта Украинадағы соғыс ең көп адам шығынына әкелген қақтығыс болып саналуда. Бұл туралы ВВС басылымы мақала жазды.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
«Қақтығыс үрдістері» атты баяндамада қазіргі сәтте болып жатқан кемінде 65 қақтығыс көрсетілген. Олардың ішінде сегізі мемлекетаралық қақтығыс ретінде сипатталады. Зерттеушілер Ресейдің Украинаға басып кіруінен бөлек, Үндістан мен Пәкістан, Пәкістан мен Ауғанстан, Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекаралық қақтығыстарды, сондай-ақ Израильдің Сирияға жасаған әуе шабуылдарын да осы санатқа жатқызады. Иран төңірегіндегі қазіргі әскери қақтығыс 2025 жылғы қақтығыстарды зерттеу аясынан тыс қалғанымен, баяндамада Израильдің Ливанды бомбалауы туралы айтылған.
«Өкінішке қарай, жағымды жаңалық аз» дейді шолуды құрастырушы Сири Аас Рустад. AFP агенттігіне берген сұхбатында, ол қақтығыстардың артқанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Өйткені жыл сайын жасалатын шолулар барысында, кей аймақта қақтығыстардың азайғанын байқауға болатын. Алайда 2025 жылы көп аймақта қақтығыстар керісінше ушыға түскенін аңғаруға болады.
Баяндамада әскери немесе саяси зорлық-зомбылықтың салдарынан қаза тапқандар саны шамамен 245 мың адам деп бағаланады. Бұл статистикада әскерилердің үлесі басым. Соның ішінде Украина майданындағы ресейлік сарбаздардың шығыны едәуір үлеске ие. Алайда қаза болғандардың жалпы санының 25 пайыздан астамы бейбіт тұрғындар. Олардың саны шамамен 76,5 мың адамды құрайды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда бес есе өскен. Бұл өте алаңдатарлық жайт дейді құқық қорғаушылар.
Зерттеушілер бейбіт тұрғындар арасындағы мұндай күрт өсімді Судандағы қақтығыспен түсіндіруде. Өткен жылы Судандағы Эль-Фашер қаласында бейбіт тұрғындарды жаппай қыру көріністері тіркелді. Сонымен бірге аштық пен әлсіреуден болған өлім-жітім салдарынан Суданда шамамен 60 мың адам көз жұмған дейді мамандар.
Норвегиялық институт өз шолуларында қақтығыстарды үш негізгі санатқа бөледі. Олар: кемінде бір мемлекет қатысатын қақтығыстар, мемлекеттік емес субъектілер арасындағы қақтығыстар, бейбіт тұрғындарға қарсы біржақты зорлық-зомбылық жағдайлары.
Бірінші санат бойынша Африка 29 қақтығыспен алда тұр. Одан кейінгі орынға Азия мен Таяу Шығыс өңірлері жайғасқан. Еуропада мұндай қақтығыс біреу ғана болса да (Украина-Ресей соғысы), оның ауқымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрлықта бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Өткен жылы норвегиялық зерттеушілер «соғыс» деп сипаттауға болатын қақтығыстардың жалпы санын 13 деп есептеген. Салыстырмалы түрде тыныш өткен 2017–2022 жылдар аралығындағы кезеңнен кейін «соғыстар» саны да артып келеді. Рустадтың айтуынша, ең белсенді әскери әрекеттерге қатысып отырған мемлекеттердің бірі — Израиль. Ол Газа секторындағы, Сириядағы, Ливандағы, Иранға қарсы және Йемендегі хуситтерге қарсы бес түрлі қақтығысқа қатысуда.
Баяндама авторы Дональд Трамптың президенттік қызметке қайта оралуы «тек шабуылдар мен зорлық-зомбылық деңгейінің артуына ғана емес, сонымен қатар сауда кедергілерінің күшеюіне де алып келді» деп мәлімдеді. Баяндама соңында сарапшылар әлемде қақтығыстар мен шиеленістер арта беретінін болжаған. Оны БҰҰ-ның құлдырауымен, мемлекеттердің жаппай қарулануымен де түсіндіруде.
Mezgil.kz