Қырымды оқшаулап, отқа орау: Украина қарсы шабуыл ұйымдастыра ма?

Украина оккупациядағы Қырымға қысымды арттыруда. Екі күн бұрын украин дрондары Мәскеу-Симферополь бағытында қатынайтын пойызға соққы жасады. Соққыдан бір адам қаза тауып, біреуі жараланды. Жолаушылар зардап шекпеген. Шабуылдан кейін Ресей билігі Қырым арқылы қатынайтын жолаушылар пойыздарының жүру графигін өзгертіп, кейбірін тоқтата бастады.


ChatGPT Image 9 июн. 2026 г., 18_03_41.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Украина Қырымға соққы жасауды үздіксіз жүргізуде. Киев түбектегі әуе қорғаныс жүйелеріне, әскери штабтарға, жанармай қоймаларына, теміржол станциялары мен көпірлерге, әскери техника тұрақтарына соққы жасауда. Киев 7 және 9-маусымда оккупациядағы Херсон аймағын Қырыммен жалғайтын Чонгар көпіріне екі мәрте соққы жасап, көпір арқылы қатынауды уақытша тоқтатты. Енді ресейлік әскери техника майдан даласына жақын Армянск арқылы қатынауға мәжбүр.

 

Соғыс басталған сәтте, Украина Қырымға топтасқан ресейлік әскери кемелерге соққы жасауды бастады. Ресейдің Қырымға топтасқан Қара теңіз флоты Киевтің үздіксіз шабуылдарына төтеп бере алмай, кері шегінуге мәжбүр болды. Бірнеше десанттық кеме отқа оранып, «Мәскеу» крейсері су түбіне кеткеннен кейін, Ресей флотты өзінің заңды территориясына әкетті. Украина «Саратов», «Новочеркасск» және «Цезарь Куников» атты үш десанттық кемені де суға батырды. Шабуылдардан кейін «Минск» пен «Оленегорский горняк» десанттық кемелері жарамсыз күйге түсті. Сәуір айында Украина Қырым маңында «Ямал» мен «Николай Фильченков» кемелеріне соққы жасады.

 

Украина шабуылдарда зымырандар, теңіз дрондары мен әуе дрондарын қолдануда. Ендігі таңда Ресейдің Қара теңіз флоты Новороссийск жағалауында топтасқан. Киев Ресейдің теңіз флотына шабуыл жасауды тоқтатпақ емес. Маусым айында оккупациядағы Мариуполь маңында 4 бірдей кемеге соққы жасады. Ал 6-маусымда Мариуполь портының өзі нысанаға айналды. Осылайша украин жасақтары Қырымдағы теңіз күштері мен Қырымға жүк таситын кемелерді атқылаумен келеді.

 

Украина әскері Қырымдағы әскери соққыларды нәтижелі ету мақсатында, ресейлік әуе қорғаныс жүйелеріне де соққы жасауда. ВВС арнасының мәліметінше, қыс-көктем айларында Ресей кемі 80-нен астам әуе қорғаныс жүйесін жоғалтқан. Оның басым бөлігі Қырымда орналасқан еді.

 

Украина Қырымға шабуыл жасау барысында middle strike санатындағы дрондарды қолданады. Дрондар 200 шақырымға дейін ұшып, соққы жасайды. Бұл дрондар көбіне Starlink жүйесімен жарақтанған. Сол себепті дрондарды онлайн басқару әрі әр соққыны бақылау оңайға соғуда. Ал ресейлік РЭБ жүйелері дрондарды тоқтатуда қиындық көруде.

 

Қырымның логистикалық мүмкіндігін тарылту Донбасс, Херсон-Запорож бағытындағы ресейлік әскерді қамтамасыз етуге де әсер етеді. Ресей билігі Қырым көпірі арқылы Қырымға әскери жүкті жеткізіп, артынша құрлық жолы арқылы оккупациядағы Запорож, Херсон, Донбасстағы әскерді де қамтамасыз етіп отыр. Сол үшін Украина Мариупольден бастап Қырымға дейін созылып жатқан маңызды трассаларды соққы астына алуда. Бұл Қырымның логистикасына жасалған нақты қысым саналады.

 

Теміржол желісі де Қырым үшін аса маңызды. Ресей Қырымды басып алған сәтте, Қырым көпірін салып, сол көпірдің бір бөлігін теміржол желісі етті. Ал 2023 жылы Ресей Ростов аймағынан бастап оккупациядағы Мариуполь, Бердянск, Чонгар, Жаңқой арқылы Қырымға апаратын теміржол желісін салуды бастады. Украина бұл теміржол артериясын іске қосуға кедергі жасау мақсатында теміржол станцияларына соққы жасауда.

 

Қырым аймағындағы Керчь, Феодосия, Симферополь, Евпатория және Севастополь қалалары теміржол желілері арқылы байланысып жатыр. Сарапшылар Украина Қырымдағы теміржол станцияларын соққы астына алса, онда Қырымдағы ірі қалалардың да логистикасына қауіп төндіретінін болжауда.

 

Әскери сарапшылардың бірі Украина Қырымның логистикасына соққы жасау арқылы түбекке десанттық операция өткізбек десе, енді бірі Қырымның қорғанысын әлсіретіп, оккупациядағы Ресей әскерінің бір бөлігін түбекке бағыттауды ойластыруда дейді. Осы арқылы Донбасс немесе Херсон-Запорож бағыттарындағы шабуылдарды үдетуі мүмкін деген де болжамдар айтылуда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар