Израильдің операциялары Путинді қорқытуда: Кремль қандай шешім қабылдауда?

FT басылымының жазуынша, Ресейдің арнайы қызметі Путин мен ресейлік шенеуніктер орналасқан ғимараттарда, жүріп-тұру орындарында бақылау жүйелерін өшіріп тастауды әдетке айналдырған. Бұл Әли Хаменеидің өлімінен кейін қабылданған шешім саналады.


ChatGPT Image 8 июн. 2026 г., 13_58_10.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Ресей билігі отырған ғимараттардағы бақылау камералары бөлек механизммен басқарылады. Мәскеудегі 300 мыңнан астам камера бір жүйеге біріктірілсе, ресейлік шенеуніктер отырған ғимараттардың камералары бөлек жүйеге бағынады.

 

Ресейдің арнайы қызметі Мәскеудегі барлық камераларды тексеріп, камералардан интернетсіз ақпарат алу мүмкіндігін де анықтауға тырысуда. Бұған себеп болған жағдай Иранның бұрынғы көсемі Әли Хаменеидің ажалы еді. Израильдің барлау қызметі Тегеран қаласындағы мыңдаған камерадан ақпарат жинап, Әли Хаменеидің әр қозғалысын бақылап, 28-ақпанда соққы жасады. Соққыдан Әли Хаменеи мен бірнеше шенеунік, генералдар қаза тапты. Бұл операция арнайы күштердің жаңа технологияны қаншалықты тиімді пайдаланатынын көрсетті. Израильдің арнайы күштері ЖИ көмегімен де миллион сағаттан астам бейнежазбаларды сараптамадан өткізген.

 

Федералды Қауіпсіздік Қызметінің басшысы (ФСБ) Александр Бортников бақылау жүйелері тыңшылық етудің осал тұсы екенін растады. «АҚШ пен Израильдің арнайы операциясында Иранның жоғары көсемі өлтірілді және бұл жаңа технологияларды қолдану арқылы іске асты. Сөзсіз бұл қауіпті сигнал», - деді Бортников. Бұл туралы ол 26-мамырда ресейлік ақпарат құралдарына пікір білдіру барысында айтты.

 

Ресей билігі бақылау жүйелерін қарсылас тарап қолдануы мүмкін екенін растауда. Израильдің арнайы күштері Тегеранның ішкі құрылымын және оққағарлардың қозғалысын анықтау үшін ұзақ уақыт бойы бақылау камераларын басқару жүйесін бұзып кіріп, мониторинг орнатқан. Алынған ақпаратты тыңшылардың деректерімен және спутниктік бақылау жүйелерінің ақпараттарымен біріктірген.

 

Бақылау жүйелерінің бейнежазбаларын сараптау арқылы, көптеген ақпаратты анықтауға болады. Мысалы азаматтардың бейнесін, қандай да бір көліктің белгілі бір көшемен күн сайын неше мәрте өтетінін және қай уақыттарда өтетінін, белгілі бір адамның қандай киім киетінін және басқаны анықтау қиын емес. ЖИ-дің көмегімен бұл ақпараттарды сараптау тіпті жеңілдей түскен. Ал терең зерттеулер жүргізу арқылы, бақылау камерасының көмегімен белгілі бір адамға қатысты нақты ақпаратты жинақтауға болады. Бақылау камерасының бейнежазбасы арқылы адамның бір айдың ішінде қандай жұмыс істейтінін, қай жерден тамақтанатынын, қайда қыдыратынын, қайда тұратынын, бос уақытын қандай локацияларда өткізетінін білу қиынға соқпайды. Бұл ақпараттарды тыңшылар бұрын жылдап жинаса, ендігі таңда оны бақылау камераларын басқару жүйесін бұзу арқылы бірнеше аптада білуге болады.

 

Ресей билігі бақылау камералары қоғамдық тәртіпті қадағалау жүйесі ғана емес, сонымен бірге Кремльге қарсы құрал ретінде де қолданылуы мүмкін деп қауіптенуде. Күн сайын Мәскеу бақылау камераларына кибершабуылдардың артқанын айтумен келеді.

 

Путин билігі жаңа технологияларға асқан сақтықпен қарайды. 2024 жылы, 31-шілдеде Тегеранда ХАМАС-тың саяси бюросының басшысы Исмаил Хания өлтірілді. Ханияның нақты орнын Израильдің арнайы қызметі телефонын бұзып кіріп, анықтаған. Артынша зымыранмен соққы жасады. Бұл оқиғадан кейін Мәскеу Кремль мен мемлекеттік ғимараттарда телефон қолдануды шектеді. Ал Израильдің «Хезболлаға» қарсы «Пейджер операциясынан» кейін, Кремль байланыс орнату жүйелерін толық тексеріп шықты.

 

Ресей Украинаның немесе Батыстың арнайы қызметтері Путинге яки Кремльдегі өзге тұлғаларға қарсы әрекет етуінен сескенуде. Олар әлеуметтік желілерді бұғаттап, мемлекеттік органдарда телефон ұстауды шектеп, бақылау камераларын өшіруді әдетке айналдарған. Сарапшылар Израильдің операциялары Путинді үрейлендіргенін айтуда. Себебі Израиль мен Украинаның арнайы қызметтерінің арасында байланыс орнауы мүмкін дейді. Ал Украинаның "Өрмек" операциясы Киевтің арнайы қызметтері де жоғары деңгейдегі операцияларды мүлтіксіз орындай алатынын көрсетті. Бұл Кремльдің қаупін тіпті қоюлата түсті. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар