Мыңдаған теңізшінің мұңы: Су бағасы мыңдаған доллар! Миналар жарылып, зымырандар атқылап жатыр!

Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіске байланысты Ормуз бұғазы бұғатталып тұр. Бұғаздың бір бөлігін Иран жауып тастаса, бұғаздың мұхитқа шығар тұсы мен ауқымды бөлігін АҚШ бұғаттаған. Иран бұғаздан өтетін кемелерден ақы алуға ниетті. Ал АҚШ Иранның мұнайын тасымалдауға кедергі жасау мақсатында танкерлерді тоқтатуда. Бұл текетірестің салдарын бұғаздағы мыңдаған теңізші сезінуде.


ChatGPT Image 5 июн. 2026 г., 12_43_28.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Наурыздың басынан бастап бұғазда және бұғаз маңында 20 мыңға жуық теңізші бұғатталып қалды. Кемелердің бірі бұғаздан шыға алмаса, енді бірі керісінше бұғазға кіру мүмкіндігін күтуде. Әлемдегі мұнай мен газдың 20 пайызы өтетін су жолы бүгінде мыңдаған адам үшін үміт пен күдіктің қақпанына айналды.

 

Иран бұғаздың бір бөлігіне теңіз миналарын орнатты. Салдарынан танкерлер бұғаздан өтуде үлкен қауіпке тап болуда. Теңіз миналары дауыл әсерінен және толқыннан басқа аймақтарға да ағып кетіп жатыр. Миналар Оман маңынан, туристік жағажайлардан да байқалуда.

 

Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, Ормуз бұғазында 1600-ге жуық кеме тұрып қалған. ВВС арнасы бұғаздағы бірқатар кеменің капитаны мен экипаж мүшелерінен пікір алды. Бангладешке тиесілі Banglar Joyjatra кемесі тыңайтқыш тасумен айналысады. Соғыс басталған сәтте кеме бұғазда болған. Сол сәттен бері бұғаздан бірнеше мәрте шығуға тырысса да, барлық әрекеті сәтсіз аяқталған. 8-сәуір күні Banglar Joyjatra кемесі мен 4 танкер бұғаздан шығуға әрекеттенді. Алайда Иран әскері кемелердің тоқтау керектігін айтып, ескерту жасаған және қару қолданатынын айтып, сес көрсеткен.

 

Мыңдаған кеме ашық су айлақтарында немесе порт маңында тұр. Азық-түлік мәселесі өте өзекті дейді теңізшілер. Banglar Joyyatra кемесінің механигі Рашедул Хасанның сөзінше, су бағасы шарықтап кеткен. Соғысқа дейін 180 тонна суды 2000 долларға сатып алса, қазіргі сәтте 180 тонна су 11 мың долларға жетті дейді ол. Су бағасы әлі де шарықтай бермек. Өйткені ауа райы жаздың келуіне байланысты аптапты кезеңге ұласты. Мамыр айында орташа температура 30°C болса, жазда 45°C-қа дейін көтерілмек. Сәйкесінше су тұтыну деңгейі де артады. Бұл су бағасын тағы да шарықтатады дейді сарапшылар.

 

Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, соғыс басталғалы бері бұғаздағы 39 кемеге шабуыл жасалған. 11 теңізші опат болған. Теңізшілер Иранның араб елдерін атқылаған дрондары мен зымырандарын да, АҚШ-тың топ болып ұшқан бомбалаушы ұшақтарын да сан мәрте көргенін айтуда. Соғыс басталғалы бері АҚШ-тың бұғаздағы сүңгуір қайықтары да бірнеше мәрте бой көрсеткен. Теңізшілер АҚШ-тың бірнеше ирандық кемеге соққы жасаған сәтіне де алыстан куә болған.

 

Бұғазда Иранның жылдам қозғалатын қайықтары бақылау орнатуға тырысуда. Олар дауыс күшейткішпен кемелерге ескерту жасауда. Кей сәтте АҚШ-тың әскери кемелері маңызды танкерлерді қорғап, бұғаздан алып шыққан сәттер де бар дейді куәгерлер.

 

Kpler дерегінше, 28-ақпаннан бері бұғаздан 750-ге жуық кеме өткен. Кей кемелер Иранға салық төлеп, бұғаздан өтсе, енді бірі АҚШ-тың қолдауымен бұғаздан шыққан. Ал өзге мыңдаған кемелер мен теңізшілер шиеленістің аяқталар сәтін күтіп тұр.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар