Арменияның тағдыршешті таңдауы: Пашинян жеңе ме, Мәскеу жеңе ме?

Енді бес күнде Арменияда парламент сайлауы өтеді. Бұл сайлау елдің алдағы онжылдықтардағы бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.

1780391502207266.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Қазіргі таңда Арменияда ішкі және сыртқы қайшылықтар шиеленісіп тұр. Бір жағынан, Ресей Ереванға Мәскеу мен Батыс арасында таңдау жасауды талап етіп, Еуроодаққа жақындаса, ауыр салдар болатынын ескертуде. Екінші жағынан, премьер-министр Никол Пашинян оппозицияны «бүгемін және жоямын» деп мәлімдеп, күштік құрылымдар арқылы оларға қарсы қылмыстық істер қозғап жатыр. Қазіргі саяси науқан барысында екі тарап та бірін-бірі «мемлекетке опасыздық жасады» деп айыптауда...

ПАШИНЯННЫҢ СЕГІЗ ЖЫЛЫ

Никол Пашинянның сегіз жылдық премьерлігі соғыстағы жеңіліс, елдегі ішкі дағдарыстар мен дау-жанжалдарға толы болды. Дегенмен, оппозиция қоғамға тиімді балама ұсына алмады, себебі олардың негізгі идеологиялық орталықтары бұрынғы президенттердің айналасында топтасты. Осы жағдайда Пашинян билікті сақтап қалуға қол жеткізді. Оның жағдайы Ресей-Украина соғысынан кейін Ресейден келген адамдар мен қаржы ағынының есебінен жақсара түсті. ЖІӨ-нің рекордтық өсімі билікке жолдарды, мектептер мен балабақшаларды жөндеуге, медициналық сақтандыру жүйесін іске қосуға мүмкіндік берді. Әзірбайжанмен жүргізілген және АҚШ-тың қатысуымен іске асқан келіссөздер арқасында тәуелсіз Армения тарихында алғаш рет жаңа соғыс қаупі сейілді. Қарабақтан босып кеткендер үкіметті айыптағанымен, бұл наразылық бұқаралық сипатқа ие болмады.

САЙЛАУ НАУҚАНЫ ЕРТЕРЕК БАСТАЛДЫ...

Осы жағдай «Гражданский договор» партиясының сайлауда еркін жеңіске жетуіне негіз болғанымен, Пашинян сайлау алдындағы күреске белсене кірісті. Ол оппозиция әлі штабтарын ашып үлгермеген уақытта-ақ, Армян апостол шіркеуіне қарсы ауқымды кампания бастады. Шіркеу мемлекеттен бөлек және саясатқа араласпаса да, қоғамның консервативті бөлігінің дауысы және зор құрметке ие. Пашинян мен оның ортасы «епископтарды Кремльге жұмыс істеді және аморалистік қылықтар жасады» деп айыптады. Шіркеу бұл шараларды «христиан дініне қарсы күрес» деп бағалады.

Ресейшіл шіркеуді қорғауға оның бас меценаты, ресейлік армян миллиардері Самвел Карапетян шыққан. Кейін оның да үстінен іс қозғалды. Оған «билікті басып алуға шақырды» деген айып тағылды. Оның иелігіндегі «Армения электр желілері» мемлекет бақылауына өтті. Расында Карапетянның артында Кремль мен ФСБ тұр. Пашинян оппонентін «калужалық олигарх» деп атайды.

ПУТИН ҚОЛДАҒАН КАРАПЕТЯН КІМ?

Тұтқындалғанға дейін саясатқа араласпаған Карапетян кейін «Сильная Армения» партиясын құрып, батыстық БАҚ-тарда өзін және шіркеуді қорғауға пиар-кампания бастады. Владимир Путиннің Карапетянды қорғап, Пашинянға арнайы өтініш білдірген еді. Карапетян өз партиясының плакаттарында көрінгенімен, Ресей мен Кипрдің азаматтығы бар болғандықтан сайлауға тікелей қатыса алмайды. Партия тізімін оның жиені Нарек бастап отыр. Десе де, оған да қылмыстық іс қозғалған.

Сауалнамаларға сәйкес, Карапетяндар партиясы парламенттегі басты оппозициялық күшке айналуы мүмкін. Қазір Самвел Карапетянның халықтық сенім рейтингі 8 пайызды құраса, Пашиняндікі 29 пайыз деңгейінде.

ПАШИНЯН ЕУРОПАНЫ ТАҢДАДЫ. МӘСКЕУ БҰҒАН НАРАЗЫ...

Армян билігі Кремльдің агенттеріне қарсы «аңшылық науқаны» туралы еуропалық көшбасшыларға айтып, Арменияны ресейлік отаршылдықтан арылған және Еуропа одағына қосылуға дайын жас демократиялық мемлекет ретінде таныстыруда. Ресей Ереванның бұл әрекетіне наразы. Мәскеу Еуроодаққа мүшелік пен ЕАЭС-те қалудың үйлеспейтінін қайта-қайта айтуда.

Қазір Ресей – Арменияның басты сауда серіктесі, ол арқылы Армения бажсыз сауда, мигранттарға жеңілдік және газ бағасы бойынша жеңілдіктер алып отыр. Сол үшін де Путин Ереванға таңдау жасауды талап етіп отыр. Ресей шенеуніктері – Володин, Шойгу және Медведев те еуропалық таңдаудың газ бағасының өсуі мен сауданың тоқтауына әкелетінін ескертуде.

ПАШИНЯН ТЕМІРЖОЛДЫ РЕСЕЙДЕН АЛЫП, ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРМЕК...

Ресей сөзден іске көшіп, мамыр айында армян көкөністері, жемістері мен коньягына шектеу қойды. Ал Пашинян теміржолды басқаруды Ресейден алып, басқа мемлекетке, негізінен Қазақстанға беруді көздеп отыр. «Росатом» атом электр станциясын салуға үміткер болғанымен, Ереван АҚШ пен Франциямен келіссөз жүргізуде.

Сарапшылардың пікірінше, Кремльдің Арменияны жоғалтып алу қаупін енді ғана сезіне бастаған секілді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар