10 зауыттың 8-і өртенді: Ресей билігі қатты алаңдауда!

Bloomberg басылымы Украинаның Ресей аумағындағы мұнай кешендеріне жасаған соққылары Мәскеуді әбігерге салып, қоғамды алаңдата бастағанын жазуда. Соңғы уақыттағы рекордтық шабуылдардан кейін Ресейде жанармай тапшылығы арта түскен.


ChatGPT Image 1 июн. 2026 г., 16_07_51.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Мамыр айында Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) украин дрондары жасаған соққылардың саны рекордтық деңгейге жетті. Ресей санкциялар әсерінен және теңіз арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігінің тарылуына байланысты мұнай өңдеуді азайтқан еді. Мұнай өңдеу көлемі 16 жыл бұрынғы көрсеткішке түскен. Дрондардың соққысы бұл көрсеткішті тіпті азайтуда.

 

Bloomberg агенттігінің есебіне сәйкес, мамыр айында Украина Ресейдің жанармай өндіру нысандарына кемінде 16 шабуыл жасаған. Дрондар мамыр айында Ресейдегі ең ірі 10 мұнай өңдеу зауытының 8-ін соққы астына алған. Зауыттардың бірі толықтай жұмысын тоқтатса, енді бірі жартылай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

 

Ресейдегі мұнай өңдеу көлемінің төмендеуі үкіметке қысым түсіріп отыр. Билік жанармай тапшылығын және жанармай құю станцияларындағы бағаның күрт өсуін болдырмауға тырысуда. 2018 жылы жанармай бағасының өсуі әлеуметтік желілердегі наразылықтарға себеп болып, инфляцияның артуына ықпал еткен болатын. Ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында билік қараша айының соңына дейін авиациялық отын экспортына тыйым салды. Сонымен бірге, бензиннің басым бөлігін шетел нарықтарына сатуға қатысты шектеу мерзімін ұзартты.

 

OilX талдау компаниясының бағалауынша, мамыр айындағы мұнайды өңдеудің орташа көрсеткіші тәулігіне 4,58 млн баррельді құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тәулігіне шамамен 700 мың баррельге немесе 13%-ға аз және 2009 жылғы қазаннан бергі ең төменгі көрсеткіш болып саналады.

 

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының ғылыми қызметкері Сергей Вакуленконың айтуынша, Украина шабуылдарының стратегиясы бұрынғы жылдармен салыстырғанда өзгерген. Енді соққылар жөндеуге салыстырмалы түрде жеңіл негізгі өңдеу қондырғыларына ғана емес, сонымен қатар қымбат әрі техникалық жағынан күрделі екінші деңгейлі қондырғыларға да бағытталуда.

 

Ресей дағдарысты еңсеруге тырысуда. 1 сәуірден бастап қайта енгізілген бензин экспортына тыйым ішкі нарықтағы ұсыныстың артуына ықпал етуде. Дегенмен, ұсыныстың азайып жатқанын көрсететін кейбір белгілер де бар. Санкт-Петербург тауар биржасының деректеріне сәйкес, мамыр айының соңында Ресейдің еуропалық бөлігінде жеткізуге ұсынылған АИ-95 бензинінің тәуліктік көлемі шамамен 5 мың тоннаға дейін төмендеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе аз деген сөз.

 

Киев Ресей оккупациялап алған аймақтарға қысымды арттырып, Қырымға апаратын құрлық жолындағы көліктерді соққы астына алуда. Қазіргі таңда оккупациядағы Луганск, Донецк, Запорож, Херсон және Қырымның көп бөлігінде жанармай тапшылығы байқалады. Украина жанармай тасушы көліктер мен қоймаларға да соққы жасауда. Бұл шабуылдар z-блогерлерді ашуландырса, Ресей билігін әбігерге салуда. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар