Қазақстан құрғақшылық пен су тапшылығын реттеу үшін «жасанды жаңбыр» технологиясын қолдануға ниетті. Бұл мәселені бірқатар сарапшылар да ұсыныс ретінде көтеріп, оң бағасын беруде. Алайда бұл бастама көршілес Қырғызстанның бірқатар шенеунігін, экологын алаңдатып отыр. Өткен аптада қырғыз басылымдары бұл тақырыпты біраз қаузады.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Қырғызстанның министрлер кабинетінің экс-төрағасы Ақылбек Жапаров Қазақстан ұсынған бастамаға алаңдап отырғанын білдіруде. Оның сөзінше, Қазақстанның «жасанды жаңбыр» шақыру технологиясын енгізуі, бірқатар мәселені ушықтыруы мүмкін.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Ақылбек Жапаров бұл туралы пікірін білдіріп, алаңдаушылық танытқан. «Табиғатта ештеңе жоғалмайды және жоқтан пайда болмайды. Атмосфера, ауа ағыны, мұздықтар мен су тамшыларының барлығы өзара ортақ жүйені қалыптастырады. Оған әсер ету технологиялары басқа бір елге әсерін тигізуі мүмкін. Соңғы уақытта көптеген мемлекеттер жасанды жаңбыр шақыру технологиясын енгізіп, климатқа әсер етуге тырысып жатыр. Бұрын бұл технологияларға біз тәжірибе ретінде қарасақ, енді бұл технологиялар жекелеген елдердің су тапшылығын шешу саясатына айналып келе жатыр. Соңғы жылдары бұл технологияны Таяу Шығыс, Қытай және Орталық Азияның кей елдері қолдануда. Орталық Азияға бұның әсері үлкен болуы мүмкін. Егер бір аймақта жасанды түрде жауын-шашын көп түссе, демек бұл екінші бір аймақтағы атмосфералық дымқылдыққа әсер етуі ықтимал. Әсіресе бұл тау экожүйесіне қатысты деуге болады. Қырғыз елі аймақтағы су ресурсын қалыптастыруда басты рөлді ойнайтын мемлекеттің бірі. Біздің мұздықтарымыз қазірдің өзінде қарқынды түрде азаюда. Өзен, көл мен су балансының жағдайы тікелей негізде су тамшылары, температура және дымқылдықпен байланысты. Егер аймақта атмосфераға әсер етуге қатысты технологиялар жаппай қолданыла бастаса, оның Орталық Азияның экожүйесіне әсері ұзаққа созылуы мүмкін», - дейді ол.
Қазақстан жасанды жаңбыр шақыру технологиясын БАӘ компанияларымен бірлесе жүзеге асырмақ. Алғашқы тәжірибелер Түркістан облысында іске асуы тиіс және бұл облыстағы құрғақшылықты шешуде оң әсерін береді деп күтілуде.
Қырғызстандық эколог, сарапшы Гамал Соронкулов былай дейді: «Бұл мәселені көршілес елдермен кеңесулері керек еді деп ойлаймын. Мүмкін бұны экологиялық саммит барысында талқылау керек пе еді?! Бізде су ресурстары мен климаттың өзгеруіне қатысты жоба бар. Бірнеше күн бұрын жобаны оңтүстікте таныстыру барысында мені соңғы уақытта су ресурстары бойынша мемлекетаралық кездесулердің түрлі деңгейде өтіп жатқаны, тараптардың мәселелерді бірлесіп шешіп, келісімге келіп жатқаны қуантатынын айтқан едім. Ал бүгін жасанды жаңбыр туралы жаңалықты естіп отырмын…Тура бір жасырын картаны суырып алғандай әсер қалдырды. Шынында да солай болды. Келісімсіз, көршіге тән емес, джентльмендікке жат қадам деуге болады. Інжілдегі де, Құрандағы да «зиян келтірме» деген қағида анық бұзылғандай.
Мүмкін, алда келіссөздер болатын шығар, бірақ ең жақын көрші елдің осындай қадамға барғаны қатты қынжылтады. Осындай тепе-теңдік пен теңгерім қағидатының бұзылуы текетіреске алып келуі мүмкін. Өйткені біз қазірдің өзінде көршілік қағидатының бұзылғанына наразы болып отырмыз», - дейді ол. Ол Қазақстанның тәжірибесі Қырғызстан тауларындағы мұздықтарға кері әсер етуі мүмкін деп санайды.
Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М. Әдішев атындағы Геология институты география бөлімінің міндетін атқарушы меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Кочкунбек Бакиров та Қазақстанның тәжірибесіне алаңдаулы. Ол «Қазақстанның Жамбыл облысында бұл тәжірибе іске асса, Қырғызстанның бірқатар аймағында жауын-шашын азайып кетуі мүмкін» дейді.
Бұл мәселені қырғыз сарапшылары егжей-тегжейлі талқылап жатыр. Ал әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылып, ой айтылуда.
Mezgil.kz