АҚШ-Израиль-Иран: «Бітпейтін соғыстар» билікті сақтау құралына айналуда...

Жуырда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерде белгілі бір ілгерілеу бар екенін мәлімдеді. Дегенмен, тараптар әзірге бейбіт келісімнің жобасына біржола тоқталып, ортақ шешімге келе алмай отыр.

1779702876594840.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

АҚШ-ИРАН ТЕКЕТІРЕСІ: КІМНІҢ ШЫДАМЫ БІРІНШІ ТАУСЫЛАДЫ?

Осы тұста әлемдік сарапшылар аталған текетірестің экономикалық және геосаяси салдарына терең талдау жасап, екі елдің мүмкіндіктері мен аймақтағы жағдайды жан-жақты бағалауда. «Jerusalem Institute for Strategy and Security» (JISS) мамандары Вашингтон мен Тегеран арасындағы қазіргі дағдарыста кімнің шыдамы бірінші болып таусылатынын саралапты.

Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, екі елдің арасы жер мен көктей. Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2026 жылы АҚШ-тың номиналды ЖІӨ көлемі 32,38 триллион долларды құрап, инфляция 3,2 пайыз деңгейінде сақталып тұр.

ИРАННЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Ал Иран экономикасы 6,1 пайызға қысқарып, ЖІӨ көлемі небәрі 300 миллиард доллар шамасында қалып отыр, тіпті азық-түлік инфляциясы 99 пайызға жетіп, сын көтермейтін шекке жеткен. Әскери-теңіз блокадасы салдарынан ирандық мұнай экспорты 80 пайызға төмендеп, 69 миллион баррельге жуық мұнай танкерлерде тұралап қалған.

Алайда, сарапшылардың пікірінше, экономиканың күйреуі билік басындағы элитаның құлауы деген сөз емес. Иран билігі өздерінің аман қалу стратегиясын қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінен бөліп тастаған. Олар санкцияларды айналып өту және өздерінің қауіпсіздік күштерін қаржыландыру үшін «Nobitex» секілді криптовалюта биржаларын тиімді пайдалануда. Режимнің өзегін ұстап тұру үшін айына 600-800 миллион доллар қажет, бұл сома тіпті азайған мұнай табысынан түсетін айына 1,2-1,5 миллиард доллардың ішінен оңай жабылып жатыр.

АҚШ-ТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

АҚШ жағында жағдай мүлдем басқаша. Америка экономикасы жасанды интеллект саласына салынған инвестициялар есебінен 2 пайыздық өсімді сақтап, бұл текетіресті ұзақ уақыт бойы жүргізуге қауқарлы екендігін көрсетуде. Дегенмен, Вашингтон үшін басты мәселе ішкі саясатта жатыр. Әскери операцияның тікелей шығыны қазірдің өзінде 25 миллиард долларға жеткен. Трамп әкімшілігі ел ішіндегі өмір сүру құнының өсуі, Конгресс тарапынан болатын қысым және сайлау алдындағы тәуекелдермен бетпе-бет келуде. Оның үстіне, Парсы шығанағы елдерінен бастап Қытай мен Еуропаға дейінгі сыртқы ойыншылар энергетикалық нарықты тұрақтандыру және Ормуз бұғазын қайта ашу үшін жағдайдың тезірек бейбіт жолмен шешілуін талап етуде. «JISS» сарапшыларының пайымдауынша, Ақ үй қазіргі геосаяси артықшылықты ішкі саяси шығындар ұлғайып кетпей тұрып, тиімді келісімге айналдыруға тырысуда.

ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ: КЕЛІСІМ БОЛА МА?

Осы орайда, халықаралық БАҚ-та Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келісімдер талқыланып жатқаны туралы ақпарат шықты. «Al Mayadeen» телеарнасының дереккөздеріне сүйенсек, Иранның ядролық досьесі жаңа атқарушы тетіктері бар жеке құжат ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл форматқа Қытай, Ресей, Еуропа елдері мен аймақтық кепілгерлер қатысады, яғни мәселе тек Вашингтонның бақылауында болмай, көпжақты келісімге айналады. Бұл механизм байытылған уран мәселесін халықаралық консенсус негізінде шешуді көздейді.

Сонымен қатар, Ормуз бұғазын басқаруды Иран мен Парсы шығанағы мемлекеттерінің өзара үйлестіруі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі сөз болуда.

Қытай тарапы келісім аясында инвестиция салуға дайын екенін білдірсе, АҚШ аймақтағы шиеленісті бәсеңдету мақсатында бұл келісімге мүдделілік танытуы мүмкін.

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ АХУАЛ ПЕССИМИСТІК КӨЗҚАРАС БАСЫМ...

«Carnegie» орталығының сарапшылары болса, Таяу Шығыстағы жағдайға бұдан да пессимистік көзқараспен қарайды. Олар аймақтағы «мәңгілік соғыстар» саяси элиталардың жеке басының қамы үшін қажетті жүйеге айналып кеткенін алға тартады.

Тұрақты қақтығыс элиталарға халықтың қалауына мән бермеуге, өз билігін күшейтуге және төтенше өкілеттіктерді пайдалануға мүмкіндік береді. Иран өз ықпалын прокси-топтар арқылы кеңейтсе, Израиль өзінің қауіпсіздігі үшін әскери күш көрсетуді басты ұстанымға айналдырды. Мұндай ортада қарапайым халық қақтығыстардың негізгі ауыртпалығын арқалап отыр.

«Carnegie» мамандарының пікірінше, аймақтағы мәселелерді тек күш көрсету мен бәсекелестік арқылы шешу мүмкін емес. Шынайы тұрақтылық тек дамыған институттар, экономикалық мүмкіндіктер мен саяси инклюзивтілік арқылы ғана орнауы тиіс, әйтпесе эскалация шеңбері жалғаса береді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар