БАҚ: Израиль Газаны жойып, Палестинаны қарқынды түрде отарлауда!

Der Spiegel басылымы Израильдің Газа секторы мен Иордан өзенінің батысындағы Палестинаға қарсы әскері іс-әрекеті жайлы жазды.


ChatGPT Image 19 мая 2026 г., 13_50_11.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Херци Халеви 2023 жылдың 16-қаңтары мен 2025 жылдың 5-наурызы аралығында Израиль әскерінің Бас штаб басшысы қызметін атқарды. Ол Газа секторы мен Батыс жағалаудағы әскери әрекеттерге тікелей жауап берді. Өткен жылы Херци Халеви тілшілерге жауап беру барысында Газада қаза тауып, жарақат алған палестиндіктердің саны 200 мыңнан асқанын айтқан еді. Бұл ақпарат әлемдік БАҚ беттерінде кеңінен талқыланды. Ал сарапшылар «Изриаль әскері Газада әр оныншы тұрғынды өлтірді немесе жаралады» деп жазды.

 

Израильдің Haaretz газеті тағы бір даулы ақпаратты жариялады. Бұл жолы Израильдің генералы Ави Блуттың пікірі қызу талқылануда. Ол Батыс жағалаудағы әскери әрекеттерге жауап береді. Ол жабық форматта өткен жиынның бірінде былай деген: «Біз 1967 жылдан кейін дәл осындай қарқында операция өткізген емеспіз».

 

Генерал Ави 1967 жылғы соғысты меңзеген. Алты күндік соғыста Израиль Батыс жағалау мен Иерусалимнің шығысын өз бақылауына алды. Бұл аймақта қазіргі таңда 3 млнға жуық палестиндік пен 700 мыңнан астам қоныс аударушылар (израильдіктер) тұрады. Палестин қауымдастығы бұл аймақтың өзіне тиесілі екенін айтуда және Иерусалимді қоса отырып, жеке мемлекет құруды мақсат етуде.

 

Сарапшылардың айтуынша, аталған аймақта Израиль әскеріне тас атып, қысастық жасайтындар көп. Тас жаудырушылар палестиндіктер қатарынан да, қоныс аударушы израильдіктер қатарынан да табылады. Алайда реакция екі түрлі. Тас атушы палестиндік болса Израиль әскері салыстырмалы түрде қатаң реакция білдіретін сәттер кездеседі.

 

Генерал Ави Блуттың сөзінше, соңғы үш жылда Батыс жағалауда кемі 1500 палестиндік оққа ұшқан. Бұл ақпаратқа әзірге Израиль әскері ресми жауап берген жоқ. ЦАХАЛ ақпаратты растап немесе жоққа шығармады.

 

Израильдің министрлер кабинеті Батыс жағалаудағы заңсыз қоныстардың санын арттырып, қоныстанушыларды көбейтуді ойластыруда. Батыс жағалаудағы оккупацияланған аймаққа Израиль билігі қосымша 311 млн еуро бөлмек. Бұл қаржыға жол, инфрақұрылым салынады. Заңсыз қоныстар Израильдің республикалық жолдарымен байланысатын болады. Осылайша аймақты отарлау қарқыны артпақ. Сарапшылар Израильдің Палестинаны отарлауы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті дейді. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар