Түркістан – қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін қасиетті мекен, тарихтың алтын діңгегі мен руханияттың қайнар көзі. Бүгін, 2026 жылдың 15 мамырында осы көне шаһар тағы бір тарихи сәттің, бауырлас елдердің тағдыршешті басқосуының куәсі болды.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті тамыры бір халықтардың тек ортақ тарихы ғана емес, ортақ болашағы мен стратегиялық мақсаттары да бір екенін тағы бір мәрте паш етті. Әзірет Сұлтан кесенесінің іргесінде өткен бұл алқалы жиын рухани құндылықтар мен технологиялық ілгерілеудің тоғысқан бірегей нүктесіне айналды.
Саммиттің маңыздылығын оған қатысқан мәртебелі меймандардың деңгейінен-ақ аңғаруға болады. Түркі әлемінің рухани астанасына Ұйымның қазіргі төрағасы, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев арнайы келді. Сондай-ақ жиынға байқаушы мемлекет ретінде Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Туфан Эрхюрман мен Ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев те қатысты. Әрбір көшбасшының сөзінде түркі халықтарының рухани тұтастығы мен экономикалық қуатын сақтау идеясы негізгі арқау болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түркістанды атажұртымыздың мызғымас темірқазығы, «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» деп атап, шаһардың түркі дүниетанымындағы орнын ерекше айшықтады. Расында да, Қожа Ахмет Ясауидің гуманистік тағылымы мен «кәміл адам» туралы ойлары бүгінгі біз ұстанып отырған «Адал азамат» пен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамаларымен табиғи түрде үндесіп жатыр. Осы рухани сабақтастықтың және түркі бірлігіне қосқан зор үлестің белгісі ретінде биыл алғаш рет «Qoja Ahmet Yasaui» ордені тағайындалып, оның тұңғыш мәртебелі иегері Режеп Тайип Ердоған болды. Бұл – бауырластық пен шынайы құрметтің ең жоғары көрінісі. Сонымен қатар, Өзбекстанның қолдауымен салынған жаңа зәулім мешітке «Миромон ата» есімін беру туралы ұсыныс қазақ пен өзбек арасындағы ежелден келе жатқан достықтың, туыстықтың мызғымас символы іспетті.
Алайда бұл жиын тек өткенді саралап, рухани мұраны дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал өте құбылмалы, халықаралық бәсеке мен қақтығыстар белең алған алмағайып кезеңде түркі елдерінің ауызбіршілігі мен экономикалық ықпалдастығы – өміршеңдік мәселесі. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы түркі әлемінің алдағы онжылдықтардағы даму бағдарын айқындайтын жеті негізгі стратегиялық міндетті ұсынды.
Бірінші кезекте, Президент сауда-экономикалық қатынастарды заман талабына сай икемдеу қажеттігін алға тартты. Бұл – жай ғана тауар алмасу емес, сауданы цифрландыру. Мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану жұмыстарын жеделдету арқылы біз шекаралық кедергілерді жойып, транзиттік әлеуетімізді арттыра аламыз. Түркістанның өзі бүгінде бұл бағытта үлгі көрсетіп отыр: өткен жылы аймақ экономикасы 9,3 пайызға өсіп, 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл – қайта түлеген шаһардың инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі.
Екінші бағыт ретінде ғарыш саласындағы ынтымақтастық аталды. Түркі мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін спутник байланысы, навигация және қоршаған ортаны мониторингтеу саласында бірлескен жобаларды қолға алу аса маңызды. Осы орайда «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосу жобасы технологиялық дербестікті нығайтудың жарқын үлгісі болмақ. Біз тек жерде ғана емес, көк аспанда да иық тіресе жұмыс істеуіміз керек.
Үшінші бағыт – білім мен ғылым саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынып, Қазақстанда ашылатын Жасанды интеллект университетінде бауырлас елдердің жастары үшін арнайы гранттар бөлінетінін жеткізді. Жастар арасында жыл сайынғы ғылыми-технологиялық олимпиадалар ұйымдастыру да жас таланттардың басын қосуға, ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Төртінші бағыт бойынша IT-инфрақұрылымды біріктіру мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашып, оған «Turkic ai» атауын беруді ұсынды. Бұл орталықты Астанадағы Alem.ai базасында орналастыру инновациялық жобаларды ілгерілетуге, стартаптарды қолдауға жол ашады. Мұндай ауқымды бастамаларды қаржыландыру үшін Түркі инвестициялық қорын белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Бесінші бағыт – түркі өркениетінің мұрасын сақтаудың құқықтық негізін қалау. Президент Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі арнайы конвенция жобасын қолдауға шақырды. Бұл құжат біздің тарихи-мәдени жәдігерлерімізді зерделеу мен дәріптеу ісіне ЮНЕСКО деңгейінде заңды күш беріп, ортақ тарихымызды халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Алтыншы бағыт бойынша тарихи жадыны жаңғыртуда жасанды интеллектінің көмегіне жүгіну ұсынылды. Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын көптілді цифрлық платформа құру жұмысы кез келген адамға түркі әлемінің бай қазынасымен онлайн форматта танысуға мүмкіндік береді. Бұл – өткенімізді бүгінгі цифрлық ұрпақтың тілінде сөйлетудің ең тиімді жолы.
Жетінші бағыт Түркістан қаласының рухани мәртебесін ескере отырып, осында «Түркі өркениеті орталығын» құру туралы шешіммен байланысты. Бұл орталық Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып, бірлескен зерттеулер мен мәдени бағдарламаларды іске асыратын болады. Сонымен қатар, Астанада Дала өркениетін дәріптеу орталығы ашылмақ.
Технологиялық даму мен қарқынды ықпалдастық заманында түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру – кезек күттірмес мәселе. Түркі академиясы шығарған сегіз томдық сөздікті негізге ала отырып, Президент Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды. Бұл құрылым ғылыми терминдерді бір ізге келтіріп, түркі халықтарының ортақ ғылым кеңістігін нығайтады. Сонымен қатар, Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Бұл бағытта Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасы мен «Алтай сұхбат алаңы» форумы да маңызды рөл атқарады. Алайда, Президент бұл форматқа қосылуға ниетті тараптар үшін нақты өлшемдер мен критерийлер болуы тиіс екенін қадап айтты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы халықаралық аренада ТМҰ-ға қатысты айтылып жүрген кейбір қасақана бұрмаланған пікірлерге де жауап берді. Кейбір тараптардың Ұйымды «әскери альянс» ретінде сипаттауына қатысты Президент нақты ұстаным білдірді: «Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң». Бұл сөздер Ұйымның бейбіт әрі жасампаз мақсаттарын тағы бір мәрте паш етті.
Алқалы жиынның ең маңызды нәтижесі – Түркістан декларациясының қабылдануы болды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары бұл тарихи құжатқа бір ауыздан қол қойды. Декларация саммитте талқыланған барлық бастамалардың құқықтық негізін бекітіп, бауырлас елдердің ынтымақтастығын мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерді.
Қорыта айтқанда, Түркістан саммиті түркі әлемінің бірлігін жаңа белеске шығарды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөзді тілге тиек еткен Президент түркі әлемін татулық пен бірлескен даму жолынан ауытқымауға шақырды. Түркістан төрінде қабылданған шешімдер мен Түркістан декларациясы – біздің бірлігіміздің символы, ал жасалған нақты қадамдар – ертеңгі жарқын болашақтың берік кепілі. Түркі әлемі осылайша өзінің жаңа, технологиялық әрі рухани белесіне сенімді қадам басты.
Аяна Қазтай
Mezgil.kz