Fire Point-тың жоспары: Ресейді отқа орау, танкерлерді талқандау және спутник ұшыру!

Украинаның атышулы Fire Point компаниясының басшысы Денис Штилерман 14-мамыр күні Financial Times басылымына сұхбат берді. Сұхбат барысында компания басшысы бірқатар жоспарымен бөлісіп, жетістіктері жайлы айтқан.


5199843401656899056.jpg

 (Сурет интернеттегі ашық дереккөзден алынды)


Компания зымыран және дрондарды шығарумен айналысады. Fire Point қазіргі таңда Украина үшін баллистикалық зымыран және әуе қорғаныс жүйесін жасауда. Денис Штилерман бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын айтты және алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруға ниетті екенін жеткізді.

 

Fire Point компаниясы майдан даласындағы «өлім аймағын» ұлғайтуды ойластыруда. Қазіргі таңда майдан даласындағы «өлім аймағы» 20-30 шақырымды құрайды. Компания жаңа дрондар арқылы бұл аралықты 50-100 шақырымға ұлғайтып, Ресей әскерінің логистикалық мүмкіндіктерін азайту жағын қарастыруда.

 

Компания басшысы Балтық және Қара теңізде үлкен операциялар өткізуге дайын екенін айтты. Киевтің одақтастары келісім берсе, теңіздегі ресейлік жүк тасу кемелері мен танкерлерге соққы жасауды еселеп арттыру жоспары бар екенін де жасырмады.  

 

Денис Штилерман жыл басында екі спутникті ғарышқа ұшырғанын айтты. Ал 2027 жылы ондаған спутникті ғарышқа шығарып, батыстық серіктестердің барлау ақпаратына тәуелділікті азайтамыз дейді ол. Ол спутниктердің қандай биіктікте жұмыс істейтінін айтудан бас тартты. Ұшырылған спутниктер туралы да ақпаратты ашып айтпады.

 

Fire Point компаниясы «Фламинго» зымырандарын шығаруды арттыруда. Жоспар бойынша айына 200 дана зымыран шығармақ. Қазіргі таңда зымыран ұрыс барысында сынақтан өткен. Алайда зымыранды жетілдіру жалғасуда дейді мамандар.

 

Компания әуе қорғаныс кешенін шығару жоспарымен де бөлісті. Fire Point компаниясы Германияның Diehl Defence компаниясымен бірлесе отырып, «Фрея» әуе қорғаныс жүйесін жасауды ойластыруда. Аталмыш жүйе FP-7 зымырандарымен жарақтануы мүмкін. Осылайша Украина мен Германия әуе қорғаныс жүйесін жетілдіріп, АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйесіне деген тәуелділікті азайтуды көздеуде.

 

Қазір Ресей аумағына жасалатын әр үшінші соққыны Fire Point компаниясының FP-1 дрондары жасауда. Дронның құны 50 мың доллар. Компания ай сайын шығаратын дрондардың санын да, түрін де арттыруды ойластыруда. Осылайша Ресей аумағындағы порттар, МӨЗ-дер мен әскери кешендерді отқа орауды жалғастырамыз дейді. Бүгінгі таңда компанияда 6 мыңнан астам адам қызмет етеді. Ал Украина бойынша 70-тен астам алаңда компанияның нысандары орналасқан. Компания Еуропа аумағында да өндіріс ошақтарын ашуды ойластыруда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар