Ресей билігі Батысқа сес көрсетіп, Украинаны үркіту мақсатында құрлықаралық баллистикалық «Сармат» зымыранын сынауды үлкен медиалық жаңалық етті. Путин жыл соңына дейін аталған зымыран кешенін әскери қолданысқа беретінін айтты. Ресейлік сайттар бұл ақпаратты жарыса жазып, телеарналар сансыз сюжет көрсетті. Алайда «Сармат» жайлы Батыстық БАҚ-тар тым аз жазды. Сарапшылар «Батыс «Сарматты» елемеді» деп баға беруде.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Путин зымыранды таныстыру сәтінде «Сарматты» әлемдегі ең қуатты қару ретінде атады. Зымыран кемі 35 мың шақырымға ұшатынын айтты. Ал Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев болса, «Сарматтың сәтті сынағымен батыстағы достарымызды құттықтаймыз» деп, кекесін мағынада жазба қалдырды. Алайда бұл зымыран жайлы Еуропа басшылары да, АҚШ президенті Дональд Трамп та, НАТО-ның қорғаныс министрлері де тіс жармады, назар аудармады. Тіпті тілшілер алдында қысқа пікір де білдірмеді.
Путин 12-мамырда бірнеше кешенді әскери қолданысқа беретінін айтты. Ал 13-мамырда стратегиялық күштерді модернизациялап жатқанын жеткізді. Дмитрий Песков болса, «Сарматты» сынақтан өткізетіні туралы Батыс елдерін ескерткенін мәлімдеді. МемДума спикері Вячеслав Володин «Сарматқа жетер қару жоқ» деп мақтауын асырды. Депутат Дмитрий Кравченко «әлемдегі ядролық күш балансы осы сәттен бастап өзгерді» деп сенімді түрде айтты. Дей-тұра, ресейлік сарапшылар мен саясаткерлер «Сарматты» сансыз әспеттесе де, қарудың пиары Батысты сендіре алмады. Батыс бұл жаңалықты ескерусіз қалдырды.
«Сармат» зымыранын Ресей 15 жылдан астам уақыт бойы жасауда. Ресей бұл зымыранды жасау арқылы кеңестік «Воевода» зымырандарын алмастыруды ойластыруда. Ол зымырандар 1980-жылдардан бері Ресейдің негізгі стратегиялық қаруы болып отыр.
FRS қорының әскери сарапшысы Этьен Маркус «Сарматты» жаңа қару деп санамайтынын айтты. «Сарматты ресейлік тарап ұдайы жойқын қару ретінде көрсетіп, аумағы Франциямен тең елді жоюға қабілетті зымыран ретінде сипаттайды. Алайда бұл үлкен стратегиялық қадам емес. «Сармат» бар болғаны ауыр құрлықаралық баллистикалық зымырандар қоры деуге болады. Бұл қарумен Ресей АҚШ-тың зымыран қоймаларын атқылауы мүмкін. Бірақ тұтас жойып жібере алмайды. Жалпы бұл қарудың шынайы күші күмән туындатады», - дейді сарапшы.
SIPRI зерттеушілерінің дерегінше, қазір Ресейде 36 дана «Воевода» зымыраны қалған. 2020 жылдан бері Ресей кемі 6 мәрте «Сарматтың» сынағын өткізді. Оның төртеуі сәтсіз аяқталды. 2024 жылдың қыркүйегінде, 2025 жылдың қарашасында, 2023 жылдың ақпаны мен қазанында Ресейдің сынақтары сәтсіз болды. Бұл туралы БҰҰ-ның Қарулану институтының маманы Павел Подвиг айтты. Ресей 2022 жылдың сәуірінде ғана «Сарматты» сынақтан сәтті өткізе алды. Павел Подвигтің сөзінше, бар болғаны екі сәтті сынаққа сүйеніп, мұндай қаруды әскердің қолданысына беру үлкен қателік болар еді.
SIPRI-дің мәліметінше, Ресейдің стратегиялық күштері құрлықта 333 зымыранмен жабдықталған. Оның басым бөлігін «Ярс» (206 дана) құрайды. Бұл зымыран 4 оқтұмсықты алып ұшуға қабілетті. Сонымен бірге Ресейде 78 дана «Тополь» зымыраны бар. 12 дана «Авангард» кешені де Ресей әскерінің қолданысына берілген. Мәлімет бойынша, Ресейдің сүңгуір қайықтарында 192 дана «Синева» және «Булава» баллистикалық зымырандары бар. НАТО Ресейдің әр зымыранын бақылауға алып, күні-түні мониторинг жасап отырғанын айтты.
Mezgil.kz