Түркістандағы саммиттің маңызы «түркілер жиналды» деген идеядан да терең!

Екі күннен соң төрт қақпалы Түркістанның төріне тұтас Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары жиналмақ. ТМҰ Мемлекет басшыларының бейресми саммиті өтеді.

1778666729770778.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Оған: ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары, бақылаушы елдердің жоғары лауазымды өкілдері, Ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесінің өкілдері, Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері де қатысады.

Бұл жолғы басқосудың бас тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму» деп аталмақ.

Сонымен бұл саммиттің Қазақстанға берері қандай? Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінге қандай ұйым? Қазіргідей геосаяси турболенттілік кезеңінде түркілік интеграция қаншалықты тереңдей түспек? Біз Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұловтан пікір сұрадық...

ТАРИХИ БАСҚОСУ: ОРТА КҮШТЕРГЕ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК КЕРЕК!

Жанат Момынқұлов:

Бүгінгі тұрақсыз әлемде Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан саммитінің мән-маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Өйткені ескі әлемдік тәртіп өзгеріп, Ресей-Украина соғысы, Қытай-АҚШ бәсекесі, Таяу Шығыста Иран-Израиль қақтығысы қалыпты логистикалық тізбектердің үзілуіне алып келді. Мұның бәрі орта күштерді жаңа серіктестік іздеуге итермелеп жатыр. Осындай жағдайда киелі Түркістанда түркі мемлекеттерінің жиналуы тарихи оқиға. Бұған дейін мұндай жиналыс болмаған. Түркістанның ерекше ауаны өзбек, түрік, әзербайжан, қырғыз лидерлеріне жағымды әсері боларына сенемін. Яссауи бабамыздың әруағы бір аунап түсіп, тілегі орындалар ма екен?

Бұл кездесу – Түркістан аталған Орталық Азияның енді «үлкен алыптардың арасындағы кеңістік» емес, өз күн тәртібін өзі қалыптастыратын орталық аймаққа айналып келе жатқанының белгісі.

ТМҰ ӘСКЕРИ-САЯСИ АЛЬЯНС ЕМЕС!

Түркістанның таңдалуының Түркі жұрты ұзақ уақыт бойы мәдениет пен «ортақ өркениет» риторикасына жаңа рухани негіз болып, институционалдық үдерістерге серпін береді анық.  Енді қазақ-өзбек-түрік елдері үшін ортақ тарихи мекен «Түркістанда түркілер бас қосты» деген тіркес алғаш рет нақты геосаяси мазмұн алып отыр. Атына заты сай жерде бас қосу – Түркістан аймағы ұғымын тарихи легитимация құралы. Бұл Қазақстан үшін де маңызды идеологиялық негіз әрі бренд. Себебі Астана түркі әлемінің саяси-дипломатиялық орталықтарының бірі ретінде көрінуге тырысып отыр.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына келсек, ТМҰ-ға белсенді қатысу осындай интеграциялық модельге толық сай келеді. Қазақстан ешқашан бір блокқа толық байлануды мақсат етпейді. Астана Мәскеумен де, Бейжіңмен де, Батыспен де, Анкарамен де қатар жұмыс істеп келеді. ТМҰ-ның ерекшелігі сол, бұл  әсте әскери-саяси альянс емес. Сондықтан Қазақстан үшін бұл ұйым біреуге қарсы таңдау емес, сыртқы байланыстарды әртараптандыру құралы. Яғни логистикалық көпвекторлылықтың жаңа кезеңі деуге болады.

«ОРТА ДӘЛІЗДІҢ» РӨЛІ КҮРТ ӨСТІ

Бұл жерде «орта күш» (middle power) түсінігі Қазақстан үшін де, Түркия үшін де  маңызды. Бұлар әлемдік күш болмағанымен, аймақтық процестерге ықпал ете алатын мемлекеттер. Орта күштердің басты ерекшелігі – олар күшке ғана емес, дипломатияға, логистикаға, көпжақты институттарға сүйенеді. ТМҰ дәл осы «орта күш» дипломатиясының платформасына айналып келеді. Қазақстан осы ұйым арқылы өз субъектілігін күшейтіп келеді. Яғни, бұл «біреудің ықпал аймағы» емес, өзі келіссөз жүргізетін ойыншы болуға ұмтылу. Бұл қазіргі халықаралық қатынастардағы маңызды өзгеріс. Түркі жобасының, Орталық Азияның геосаяси жағдайда көлік-логистикалық маңызы артып отыр.

Санкциялар жағдайында  Транскаспий халықаралық дәлізі – «Орта дәліздің» рөлі күрт өсті. Қазақстан, Әзербайжан, Түркия бағыты Еуропа мен Азия арасындағы балама маршрутқа айналып барады. Бұл Түркия мен Қазақстанды нақты геоэкономикалық серіктес етті. Қорғаныс саласында әрекеттестік артты. Сарапшылар тіпті Орталық Азияны XXI ғасырдағы жаңа логистикалық тораптардың бірі деп бағалай бастады.

Түркияның арнайы байланыстырушы рөлі мен тәжірибесі осындай айқын көрінеді. Анкара соңғы жылдары түркі интеграциясын практикалық деңгейге шығаруға тырысып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі, дрон технологиялары, көлік дәліздері, цифрлық интеграция, ортақ әліпби мәселесі – бұлардың бәрінде Түркия негізгі қозғаушы күштердің бірі. Бірақ Түркияның рөліне салмақты, сыни көзқараспен қарауға да тиіспіз. Анкара да  өз ұлттық мүддесін көздейді. Түркі әлемі алдағы кезеңде Түркия үшін Еуропа мен Таяу Шығыс арасындағы геосаяси маневр алаңы әрі Еуразиядағы жаңа экономикалық кеңістік ретінде қаралуы мүмкін. ТМҰ-ның біз үшін артық тұстары көп.

Біріншіден, ол – егемендікті сақтай отырып, сыртпен интеграция жасауға мүмкіндік беретін икемді ұйым. Еуроодақ сияқты үстем институт емес, мемлекеттер өз еркіндігін сезінеді.

Екіншіден, ортақ мәдени-тілдік негіз болуы өзара сенім деңгейін арттырады.

Үшіншіден, көлік-логистика, энергетика, әскери және цифрлық байланыс бойынша нақты ортақ мүдделер қалыптасып келеді.

Төртіншіден, ұйым Орталық Азия мемлекеттеріне Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қосымша мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның көпвекторлы саясатына дәл келеді.

ҰЙЫМНЫҢ ӘЛСІЗ ТҰСТАРЫ ҚАНДАЙ?

Бірақ ұйымның әлсіз тұстары да бар. Ең басты мәселе – институционалдық әлсіздік. ТМҰ әлі толыққанды экономикалық немесе саяси блок емес. Ортақ өндіріс пен сауда нарықтары, бірыңғай ақпараттық, қорғаныс механизмі қалыптаспаған, шешімдерді орындату тетігі әлсіз. Көп жағдайда ұйым саммиттік дипломатия деңгейінде қалып отыр. Сонымен қатар мүше елдердің сыртқы саяси бағыттары, мүдделері де әртүрлі. Геосаясат қауіпсіздік мүдделерін тоғыстырып отыр. Қазақстан мен Қырғызстан Ресеймен тығыз байланыста, Түркия НАТО мүшесі, Әзербайжанның Кавказдағы өз күн тәртібі бар, Өзбекстан барынша прагматикалық, оңтүстік бағыттағы саясат жүргізеді. Сондықтан «түркі бірлігі» туралы риторика шынайы геосаяси қайшылықтарды тез әрі толық жоя алмайды.

Тағы бір маңызды мәселе – ТМҰ-ның үлкен күштерге тәуелділігі. Қазақстан қанша көпвекторлы саясат жүргізсе де, оның мұнай экспортының басым бөлігі Ресей инфрақұрылымына тәуелді. Қытай Орталық Азия экономикасындағы ең ірі қаржы-инфрақұрылымдық ойыншы болып қала береді. Сондықтан ТМҰ әзірге толық геосаяси тәуелсіз кеңістікке айналды деу ерте.

Дегенмен ең маңызды өзгеріс – психологиялық, қоғамдық-саяси деңгейде жүріп жатыр. Бұрын түркі интеграциясы көбіне мәдени бірлестік ретінде қабылданса, қазір нақты геоэкономикалық- дипломатиялық, техникалық (кеден, көлік, тасымал, цифрлық) алаңға айналып келеді. Түркістан саммиті осы өзгерістің басы боларына сенемін. Бұл жиын Қазақстанның өзін «көпір мемлекет», «қарашаңырақтың иесі», тіпті «рухани орталық» ретінде көрсетуіне де қызмет етеді.

Сондықтан Түркістандағы саммиттің түпкі маңызы «түркілер жиналды» деген идеядан да терең. Бұл жаңа көпполярлы әлемде Орталық Азия елдерінің өз орнын іздеп табуы. Қазақстан үшін бұл ұйым Батысқа, Қытайға, Ресейге қарсы блок емес. Бұл – үлкен алыптардың көлеңкесінде қалып қоймай, өз аймақтық субъектілігін бірге күшейту әрекеті. Бірақ оның табысты болуы ұлтшыл-пантүркілік ұрандарға емес, нақты экономикалық, институционалдық және технологиялық интеграцияға байланысты болады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар