Жаңа партия не дейді? «А» сыныбынан «Ә» сыныбына кімдер ауысты?

Кешелі-бүгін Қазақстанның ақпараттық кеңістігі ызу-қызу талқылап жатқан мәселе – күні кешегі ПӘ басшысы Айбек Дәдебайдың бүгін партия басшысы атануы болып отыр...

1778225643387347.jpg

(Суреттер: wikipedia.org, egemen.kz, the-tech.kz)

«Әділет» партиясы бас қалада бірқауым өкілдерін жиып, сиез өткізіпті. Онда төрағалыққа Айбек Дәдебай сайланыпты. Құрылтай жасақталады дегеннің дәл қарсаңындағы мұндай қарбалас қимылды әркім сан саққа жоруда. Біреулер жақтап жатыр, біреулер ақтап жатыр, енді бірлеулер даттап жатыр. Е, хош. Бір данышпанның айтқаны бар ғой: «Ақиқат — әрқашан ортада, бірақ бүгінде бәрі біржақтылыққа салынып, мұны ұмыт қалдырды», - дейтін. Плюрализм дегеніңіз сол. Әркім әртүрлі айтады. Ендеше біз де бір ауыз сөз арнайық:

АЙБЕК ДӘДЕБАЙДЫҢ САЯСИ САЛМАҒЫ

Айбек Дәдебай кім? Оның бұлайша партия жетекшісіне айналуы қандай өзгерістерден хабар тартады?

Айбек Дәдебай – Қазақстан саясатындағы ауыр салмақты адамдардың бірі (тяжеловес). Онан соң, Президенттің сенімді тұлғаларының бірі ретінде қарастырылады. Демек, кеше ғана Ақорданың өзі: «Айбек Дәдебай қоғамдық-саяси жұмыстарға ауысты», - деп әйдіктеп жіберуінің сыры жоқ емес.

Дәдебайдың саяси мансап жолы да жұпыны дей алмайсың. Женевада, БҰҰ-да Қазақстанның өкілдігінде болған. Онан соң Сенатта сәл аялдап, Ақордаға кірген. Президенттің кеңсесінде, Іс басқармасында қызметтерде болып, онан әрі Президент Әкімшілігін басқарған.

Қысқаша айтқанда, бұл «жүріс» қатардағы әңгіме емес, кәдімгідей салмақты «жүріс». Басқа-басқа, дәл Дәдебайдың партия тізгіндеуі – «Әділет» деп ат қойып, ақпараттық-саяси алаңға шыққан топтың болашақ Құрылтайдағы болашақ орнынан хабар береді. Бұл даусыз...

Сарапшылардың бірсыпырасы: «Әділет» партиясының едел-жедел құрылуы – жаңа қоғамдық-саяси дүниетанымды дамыту және реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін жауапкершілікті делегирлеу (беру) деп түсінуге болады», - дейді.

Бір ойды бір ой ұштайды дегендей, бұл пікірді жоғарыдағы Ақорданың баспасөз қызметінің: «Айбек Дәдебай қоғамдық-саяси жұмыстарға ауысты», - деп таратуы растай түседі.

ОППОЗИЦИЯ ЕМЕС. ДЕМЕК...

Бұл партия өзін «оппозиция емеспіз» деп жариялады. Мұны бастамашыл топтың өкілі Рауан Кенжеханұлының өзі айтты: «Біз біреумен сайысуды мақсат етпейміз, біз еліміздің дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күрескіміз келеді. Біз ешкімге оппозиция емеспіз, жау іздемейміз. Біздің алдымызда үлкен ортақ міндеттер бар», - деді.

Осылайша, бұл жаңа партияның су жаңа төрағасы болып Айбек Дәдебайдың сайлануы – партияның саяси амбициясын ғана емес, сонымен қатар Президенттің стратегиялық бағыттарын институционалдық тұрғыда жүзеге асыруға жауаптылығын, яғни, Құрылтайдағы лидерлікке ұмтылысты көрсетеді. Ал бұл партия жаңа Құрылтайдың доминанты бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді...

КАДРЛЫҚ ӘЛЕУЕТ: КІМДЕР ТІЗГІНДІ ҰСТАДЫ?

«А» сыныбынан «Ә» сыныбына кімдер ауысты, олар қазақ қоғамында несімен есте қалып отыр. Осы жайында қалам тартатын болсақ.

Сарапшылардың назарын аударған басты мәселе — партияның Саяси кеңесінің құрамы. Мұнда мемлекеттік аппараттың «тісқаққан» менеджерлері (Айбек Дәдебай, Бағдат Мусин) мен азаматтық қоғам белсенділерінің (Динара Зәкиева, Қарлығаш Жаманқұлова) бірігуі байқалады.

Рауан Кенжеханұлы — қазақстандық білім беру және медиа саласындағы белгілі тұлға болса, Андрей Лаврентьев терең қалталы кәсіпкер. Ал Динара Закиева — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде «Әділеттің» гуманитарлық миссиясында позициялайды. Бұл бірігу — интеллект + аналитика + экономика + әлеумет формуласын құрайды.

ЕСКІ АТАУ, ЖАҢА МАЗМҰН...

Кезінде «Әділет» партиясы тек негізін қалаушы, марқұм Мақсұт Нәрікбаевтың беделіне ғана сүйенген «көсемшіл» ұйым болды. 2013 жылы «Руханиятпен» бірігіп, кейін «Бірлікке» айналған бұл құрылым биліктің кез келген қадамын қолдаудан басқа ештеңемен есте қалмады. Алайда бүгінгі «реадилетация» (қайыра әділеттену) – әлдеқайда салмақты жоба.

Әрине, жаңа партияның құрылуына қатысты скептицизм де жоқ емес. Олай дейтініміз қазақ қоғамы кезекті сайлауда тек бір партияның ғана жеңіске жетуіне құралаған саяси қойылымнан тойып болды. Жаңа Ата Заң қабылдаған билік «қосылғыштың орны өзгерсе де, қосынды өзгермейді» деген тірлікке барып отыр деген пікірде Әрі мұны «жоғарыдан жасалған жоба» (pro-government project) деп атап, оның қаншалықты дербес болатынына күмән келтіреді. Алайда, сиездің биік мінберінен желдей есіп айтылған амбициялық мақсаттар мен партияның құрамы бұл сынға алдағы уақытта қалай жауап беретінін көреміз. Партия ең әуелі өздерінің «Аманаттың» жетелеп қосқан тұлпары еместігін келесі сайлауда танытуы тиіс.

Қазір басты мәселе – атау мен ұранда емес, нақты әрекетте. Егер жаңа партия халық сенімін ақтайтын реформалар жасай алса, онда ол шынымен ықпалды күшке айналуы мүмкін. Ал егер бәрі бұрынғы сценариймен жалғасса, қоғамның саяси жүйеге деген сенімі одан әрі әлсіреуі ықтимал.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар