Bloomberg басылымы Ресейдің пропаганда саласындағы ең қуатты «қаруының» бірін атады. Ол Storm-1516 арнайы тобы дейді басылым. Аталған топ жалған ақпарат тарататын сайттарды ашып, видеоларды өзгертіп, ойдан құрастырылған оқиғаларды құрастырып, белгілі тұлғалар мен компанияларға күйе жағып, төсек қатынасы мен жемқорлық туралы жасанды һәм бұрмаланған бейнелер әзірлеп, аудиторияға әсер етудің агрессивті форматын таңдаған.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
6-наурыз күні X(Туиттер) әлеуметтік желісінде Украина президенті Зеленскийдің Джеффри Эпштейнмен тығыз байланыста болғаны туралы видео жарияланды. Бір ғана жазба 3 млннан астам қаралым мен ондаған мың пікір жинады. Бұл қоғамдағы басты талқы тақырыптың біріне айналды.
Видеоны X желісінде Johnny Midnight нигімен отырған азамат жариялаған. Оның 633 мың оқырманы бар. Бұл видеоны зерттеген Bloomberg News басылымы, ақпараттың фейк екенін анықтады. 2023 жылдан бері осыған ұқсас 190-нан астам видео жарияланған. Сарапшылар олардың барлығын Storm-1516 тобының әзірлегенін айтуда. Аталған топ әзірлеген видеолар жүздеген млн қаралым жинап үлгерген және бірнеше елдің сайлаудағы нәтижесіне кері әсер етуге тырысқан.
Арнайы топ АҚШ, Еуропа саясаткерлерін қаралаумен, оларды қолдайтын шенеуніктерге күйе жағумен айналысуда. Бұл Ресейдің гибридті соғыс жүргізу тәсіліне сай әрекет десек те болады.
Сарапшылар Storm-1516 арнайы тобының «өнімдерін» анықтау кәсіби мамандар үшін әдетте қиын еместігін айтуда. Роликтерде аталған топ қолдан жасалған құжаттарды, ЖИ арқылы жасалған жалған аудио-видео өнімдерді жиі қолданады. Роликтердің басым бөлігінде Зеленский мен оның жақындарын, жақтастарын айыптап, ел арасындағы беделіне көлеңке түсіруге тырысады.
Storm-1516 арнайы тобы веб-сайттар санын арттырған. Әлеуметтік желі арқылы таратылатын ақпараттарды аудиторияға жеткізу алгоритмі бойынша да әрекет жасайды. Топтың басты мақсаты белгілі бір қауымдастық арасына іріткі салу, күмән туындату, жанжал жасау.
Bloomberg агенттігі Клемсон университетінің Медиа деректерді талдау орталығы мен Microsoft Қауіптерді талдау орталығы ұсынған ашық сипаттамаларға сүйене отырып, Storm-1516 арнайы тобының операциясына байланысты нарративтерді анықтады. Олардың 40%-дан астамы Украинаға қолдауды әлсіретуге бағытталғаны, ал шамамен үштен бірі басқа елдердегі сайлауларға қатысты екені белгілі болды.
Storm-1516 тобының белсенділігі наурыз–сәуір айларында өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Топ тек Венгриядағы сайлаулармен ғана емес, Молдова мен Армениядағы сайлауалды жағдайлармен де айналысқан. Армениядағы сайлау қарсаңында олар премьер-министр Никол Пашинянға қарсы ақпараттық шабуыл жүргізуде.
Молдоваға қатысты ең көп көзге түскен фейк президент Майя Санду жайлы болды. Ол бойынша президент Санду Элтон Джон, Рики Мартин және Нил Патрик Харристің сперматозоидын сатып алуға 400 мың доллар жұмсады деген жалған ақпарат таратты. Бұл ақпаратты насихаттайтын жазбаларды X (бұрынғы Twitter) желісінен оңай табуға болады.
Схема өте қарапайым. Алдымен жалған немесе маргинал медиа (мысалы, Таяу Шығыс немесе Африкдағы сайттар) арқылы материал жарияланады. Кейін ол өзін шынайы БАҚ ретінде көрсететін DC Weekly секілді басылымдар арқылы «тазартылып», сенімді сипатқа ие болады. Содан кейін бұл тақырып жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылады.
2023 жылы Зеленскийдің жұбайы Cartier зергерлік бұйымдарын 1 млн долларға сатып алды деген алғашқы фейк X платформасында кеңінен тарады. Кейін топ бұл тақырыпты жалғастырып, Зеленскаяның Bugatti көлігі және Украина президентінің достарының яхталары туралы жалған ақпараттарды қарша боратты. Алайда Украина оларды сенімді түрде жоққа шығарып, жалған ақпарат екенін дәлелдеп, фейк шабуылды тойтара білді.
АҚШ-та Дональд Трамп жеңіске жеткеннен кейін, Storm-1516 арнайы тобы Еуропада Украинаға қарсы деструктивті әрекеттерге ауысты. Ең «тиімді» нарративтер қатарында Германиядағы әсіре оңшыл AfD партиясына берілген бюллетеньдердің жойылғаны туралы жасанды интеллект арқылы жасалған фейктер болды. Ал «Жасылдар» партиясынан бұрынғы экономика министрі Роберт Хабекке қатысты сексуалдық зорлық айыптаулары жайлы өтірік ақпарат таратты. Хабек Украинаға Taurus қанатты зымырандарын жеткізуді қолдаған тұлға саналады. Францияда президент Макронның 148 млн еуро тұратын жеке бункері туралы жалған жаңалық тарады. Оның да артында осы топ тұрғаны белгілі болды.
Топтың негізгі мақсаты Батыс демократиясы мен жалпы Батыс жүйесі толықтай жемқор деген тұрақты пікір қалыптастыру және демократияны түбегейлі тиімсіз жүйе ретінде көрсету.
Bloomberg өз қорытындыларын бірнеше белгілерге негіздейді: әлеуметтік желілерде ақпаратты белгілі бір инфлюенсерлер немесе веб-сайттар арқылы тарату тәсілі, бірдей әртістерді немесе жасанды интеллект арқылы жасалған тұлғаларды пайдалану, кремльшіл нарративтерді тарату, тексерілмейтін мәлімдемелерді қолдану.
Көптеген ақпараттарды өздерін журналист немесе тәуелсіз тілшіміз деп атайтын адамдар таратқан. Олардың кәсіби деңгейі де, журналистік зерттеулері де үлкен сұрақ туындатады дейді сарапшылар. Зерттей келе олардың барлығы да арнайы топ өкілдері екені, тілшілерге еш қатысы жоқтығы анықталды. Арнайы топ барлық фейк ақпаратты жаңалықтар сюжеті ретінде жасауға тырысады. Сол сәтте аудиторияны сендіру әлдеқайда оңай болмақ. «Жаңалықтан көрсетті ғой, рас ақпарат» деп сенім білдіреді. Ал шын мәнінде ол сюжеттің тіпті арнайы бір арнаға қатысы болмауы да мүмкін.
Еуропалық барлау қызметкерінің мәліметінше, Ресейдің жаһандық ақпараттық соғысын президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко басқарады. Ол медиажоспарларды әзірлеу үшін тұрақты түрде кеңестер өткізіп отырады.
Mezgil.kz