Украина мен Ресей арасындағы соғыс төртінші жылдан аттап жығылып, бесінші жылға аяқ басқанда майдан шебі тек Донбасспен шектеліп қалмай, Ресейдің ішкі аумағына да тереңдей түсті.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
РЕСЕЙДІҢ ҚОС ҚИЫРЫ ҚОЛ ЖЕТІМДІ НЫСАНАҒА АЙНАЛДЫ
Соңғы айларда Украина тарапынан Ресейдің мұнай инфрақұрылымына, әскери нысандарына және логистикалық желілеріне бағытталған алыс қашықтықтағы дрон шабуылдары күрт жиіледі.
Украина Қорғаныс министрлігі жариялаған деректерге көз жүгіртсек, 2022 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта Украина Ресейге соққы беру қашықтығын 170 пайызға ұзартқан екен. Мысалы, 2022 жылы ең ұзақ қашықтық 650 шақырымды құраса, 2024 жылы — 1500 шақырымға, ал 2026 жылы — 1750 шақырымға жетіп, Коми республикасындағы Ухта мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) соққыға алған.
Бұл айтарлықтай оң өзгеріс. Бұл өзгеріс соғыстың жалпы сипатын, географиясын ғана емес, оның психологиялық және экономикалық салмағын да айтарлықтай өзгертетіні анық-ақ...
ДРОН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ БРОВДИДІҢ ЕРЛІГІ
Ал осы үдерістің алдыңғы шебінде тұрған тұлғалардың бірі — Украина дрон күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди. Әскери ортада «Мадьяр» деген лақап атпен белгілі ол Украина үшін жаңа соғыс моделінің символына айналды.
Роберт Бровдидің айтуынша, Украина енді 1500–2000 шақырым қашықтықты «қауіпсіз тыл» деп санамайды. Яғни Ресейдің ішкі аймақтарындағы мұнай өңдеу зауыттары, қоймалар, әскери аэродромдар мен басқару нүктелері Украина үшін қолжетімді нысанға айналып отыр.
Бұл ендігі — классикалық майдан емес. Украина адам күші мен ауыр техника жағынан Ресеймен теңесе алмайтынын жақсы түсінді және ең маңыздысы дер кезінде түсінді. Сондықтан Украина қазір арзан әрі жаппай өндірілетін, дәл соққы бере алатын дрондарға арқа сүйеп отыр.
МҰНАЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ БАСТЫ НЫСАНА!
Киев Ресейдің мұнай саласын Кремль басқыншылығының қаржылық тірегі деп санайды. Мұнай мен газдан түсетін кіріс – Ресей бюджетінің едәуір маңызды бөлігін құрайды. Және осы қыруар қаржы қазір қару-жарақ өндірісіне, мобилизацияға және соғыс шығындарына жұмсалуда.
Сондықтан Туапсе секілді порттар мен мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдар — әскери және экономикалық стратегия!
Егер мұндай соққылар жиілесе – Ресейде экспорттық тұралайды, логистика қымбаттайды, ішкі нарықта жанармай бағасы өседі және ең бастысы Кремльге қосымша бюджет қысымы түседі.
Яғни бір дронның құны арзан болғанымен, оның экономикалық зияны әлдеқайда орасан зор!
МАЙДАНДАҒЫ АДАМ КҮШІ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ
Бровди өз сұхбатында тағы бір маңызды мәселені көтеріпті. Ол – Ресейдің адам ресурсын азайту мәселесі. Оның сөзінше, Украина дрон бөлімшелеріне ай сайын Ресей армиясы қатарын толықтыру қарқынынан көп шығын келтіру міндеті қойылған. Сол себепті де, «FPV-дрондар» қазіргі соғыстың ең қауіпті құралдарының біріне айналды.Бұрын танк пен артиллерия шешуші күш саналса, қазір бірнеше жүз долларлық дрон миллиондаған долларлық техниканы жоя алатыны әлемге әйдік болды.
Сонымен қатар, Украина тек әскери және экономикалық қысымдармен шектеліп қалмай, психологиялық қысым жасауға да тырысуда. Ресейдің шекарадан алыс орналасқан қалаларында жарылыс, өрт, әуе дабылы, мұнай нысандарының өртенуі Ресей азаматтарына соғыстың салдарын сезіндіре бастады. Бұл Кремль үшін үлкен қауіп. Өйткені ұзаққа созылған соғыс – Ресейдегі қоғамдық көңіл-күйді де өзгертуі әбден мүмкін. Мұның алғашқы белгілері көріне бастағанын біз осыған дейін «Mezgil.kz» ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.
РОБЕРТ БРОВДИ ФЕНОМЕНІ
Роберт Бровдидің өмір жолы да ерекше. Соғысқа дейін ол табысты кәсіпкер, астық саудагері және өнер туындыларын жинаушы болған. Бүгінде ол жер астындағы басқару орталығынан мыңдаған дрон операцияларын үйлестіретін командир.
Бұл — Украинадағы соғыстың тағы бір ерекшелігі екенін айта кеткен жөн. Өйткені, азаматтық саладан келген адамдар қысқа мерзімде жаңа буын әскери көшбасшыларға айналып үлгерді. Олар кеңестік үлгідегі армиялық бюрократиядан гөрі икемді, технологиялық және бастамашыл модель өкілдері саналады.
Сол себепті де, Роберт Бровди басқарған Украинаның дрон күштері соғыс даласында шешуші рөлге ие болып отыр. Кешегі қорғанушы Украина, бүгінде қарсыластың тылына жүйелі қысым жасайтын технологиялық ойыншыға айналып шыға келгенін көз көрді. Бұл дрон соғысы көрсеткен басты сабақ — XXI ғасырдағы қақтығыста территория ғана емес, энергия жүйесі, экономика, моральдық тұрақтылық және ақпараттық әсер де шешуші рөлге ие.
Mezgil.kz