Африкадан айырылу: Путиннің дәрменсіздігі һәм «Мистер Ресейдің» қазасы

Малиде «Азауатты азат ету фронты» мен Әл-Каидамен байланысы бар «Ислам мен мұсылмандарды қолдау жамағаты» (JNIM) лаңкестік ұйымы жаппай шабуылға шығып, елдегі бірқатар маңызды нысандарды, қалаларды басып алды. Бұл Ресейдің Африкадағы беделіне үлкен соққы болды. 


ChatGPT Image 28 апр. 2026 г., 16_44_07.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Мали билігі Францияның әскери бөлімшелерін елден шығарғаннан кейін, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресей билігімен келіссөз жүргізді. Ресей о баста «Вагнер» жалдамалы жасақтарын Малиге аттандырды. Пригожиннің бүлігінен кейін, «Вагнер» жалдамалы жасақтары үш топқа бөлінді. Енді Африкадағы бөлімше «Африкалық корпус» деп аталды. «Африкалық корпус» құрамына бұрынғы вагнерліктерден бөлек өзге де жалдамалы жендеттер қосылды. Олар Мали үкіметін қорғау және стратегиялық нысандарды күзету міндетін өз мойнына алды.

 

«Африкалық корпус» Ресейдің Қорғаныс министрлігіне бағынышты. Дүйсенбі күні корпус Малидің Кидаль қаласынан әскерін шығарғанын ресми мәлімдеді. Қала көтерілісшілердің қолына өтті. Артынша Малидегі бірнеше қалашықтан «Африкалық корпус» жасақтары шығып кетті. Олар көтерілісшілермен келіссөз жүргізіп, қауіпсіз дәліз арқылы шегінген.

 

Бұл әрекет Африкадағы Ресейдің беделі мен абыройына нұқсан келтірді. Мәскеу Малиде лаңкестерді толық талқандап, Франция жетпеген жетістікке жетуді уәде еткен еді. Мали билігіне 2021 жылы көтеріліспен келген генерал Ассими Гоитаның да Ресейден көңілі қалды дейді сарапшылар. Көтерілісшілер он жылдан астам уақыт бойы елдің солтүстігі мен орталығына шабуыл жасаумен келеді. Малиден бөлінуді қалайтын топтар да, діни мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруды қалайтын ұйымдар да соғысты қыздыра түсті. Соған қарамастан Мали билігі БҰҰ-ның бітімгерлік күштерін, Еуропаның лаңкестікке қарсы құрылымдарын, Франция әскерін елден шығарып жіберді. Олардың орнына Мәскеумен келісім жасасты.

 

Кидаль қаласы бұл соғыстың басты символіне айналды. 2012 жылы туарегтер мен Әл-Каидамен байланысы бар лаңкестік топтар Кидаль қаласын басып алып, үкімет әскерін шегіндірді. 2023 жылы «Вагнер» жалдамалы жасағы мен Мали әскері бірігіп, қаланы қанды шайқаспен кері қайтарды. Алайда қала енді қайта көтерілісшілердің қолына өтті.

 

Қазіргі сәтте, шабуылды екі күш бірлесе жүзеге асыруда. Туарегтерден құралған «Азауатты азат ету фронты» жеке мемлекет құруды көздейді. Ал «Ислам мен мұсылмандарды қолдау жамағаты» (JNIM) лаңкестік ұйымы Малиде діни билік орнатуды қалайды. Екі құрылым уақытша одақ құрып, шабуылды бірлесе жүзеге асыруда дейді сарапшылар.

 

Малидің Қорғаныс министрі Садио Камара ел билігіндегі екінші тұлға саналады. Ол Ресеймен келісім жасап, бейресми «Мистер Ресей» деген лақап атымен танылды. Алайда 25 сәуір күнгі шабуылда Садио Камара қаза тапты.

 

2021-2023 жылдары Мали, Нигер, Буркина-Фасо елдерінде билікті әскерилер басып алды. Әскери хунта бірден Ресеймен келіссөз жүргізіп, батыстық күштерді ел аумағынан шығарды. «Алайда енді таңда, Малидің мысалына назар аударған Нигер мен Буркина-Фасо билігі Ресейден алшақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзге жолын іздеуі мүмкін» дейді Конрад Аденауэр қорының Африканы зерттеу бөлімінің басшысы, сарапшы Ульф Лессинг. Сарапшылар Украинадағы қырғын мен Сирия, Венесуэла және Кубадағы геосаяси сәтсіздіктен кейін, Путиннің Африкада ықпал ету маневрі азайғанын айтуда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар